Жаңалықтар

500 кәсіпкер мемлекеттік гранттан үмітті

Бейсенбі күнікәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттардың конкурстық комиссиясы өз жұмысын бастады. Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған іріктеуге 500-ден астам кәсіпкер қатысып жатыр.

Қоғамдық ұйымдар, ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылардан тұратын арнаулы комиссияның шешімімен қатысушылардың арасынан ең үздік деген жобаларға мемлекеттік грант берілетін болады. Байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің байқаушылары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңестің мүшелері де шақырылған.

Қайтарымсыз қаражатты алу үшін кәсіпкердің бизнес-жобасы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталуы, және ерекше жоба болуға тиіс.

— Комиссия алғашқы күні осал топтағы азаматтардың жобасымен танысып жатыр, қалған күндері ұсыныс жіберген өзге де қатысушылармен пікірлесеміз. Жалпы бір кәсіпкерге 5 миллионға дейін мемлекеттік грант қарастырылған.  Мемлекеттік грантқа биыл 140 миллион теңге бөлінді.

Бизнес-жобалар кәсіпкерліктің әртүрлі саласын қамтиды. Біздің мақсат — қаржылай қолдауға шынымен мұқтаж, бастамасы тек қаржыға байланысты тоқтап тұрған кәсіпкерлерді демеу, — дейді комиссия мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Қазыбек Әлішев.

Іріктеуге әлеуметтік санаттағы кәсіпкерлер — көпбалалы аналар, I-II топтағы мүгедекжандар, толық емес отбасылар, жетім балалар, зейнеткерлер де қатысып жатыр. Аталған топтағы кәсіпкерлердің саны 170-тен асады. Солардың бірі — Венера Ардашева. Көпбалалы ана егер мемлекеттік грант ұтып алса, ұн өнімдерін шығаратын жеке цехын ашқысы келеді. Үш жылдан бері үйден түрлі нан өнімдерін әзірлейтін ол сұраныстың барын, өзі тұратын Есет батыр шағын ауданында мұндай кәсіп түрінің әзірге жоқтығын атап өтті.

Мамандардың ұсынған мәліметіне сүйенсек, өтінімдердің 33 пайызы ауылдағы кәсіпкерлік субъектілерінен түскен. Ал 20 пайызы — жас кәсіпкерлердікі.

Конкурстық комиссиясының жұмысы 18 мамырға дейін жалғасады. Үміткерлердің тізімін облыстық кәсіпкерлік басқармасы жасақтайтынын айта кету керек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button