Білім

Балдырған

Ыстық топырақ

Туған жер. Осы бір ауыз сөзде қаншама зор мағына бар. Туған жер әр адам баласының кіндік қаны тамып, шыр етіп дүниеге келген жері.

Туған жер, мейлі, құмды шөл, мейлі, жасыл желекті жайлау, мейлі, мұз қаптаған айдын болсын, өз перзентіне әрқашан ыстық.

Біздің туған жеріміз — Қазақстан.

Қазақстан тәуелсіз ел атану үшін біз басымыздан көптеген қиындықтарды өткердік. Қазақ қазақ болғалы өз бас бостандығын, өз еркі мен егемендігін күшпен де, қанмен де, ашаршылықпен де, нәубетпен де, саяси қуғын-сүргінмен де қорғады. Жыл артынан жылдар жылжып, уақыт шіркін толассыз зымырап өтіп жатты. Бұдан жиырма жыл бұрын қазақтың көк шыбықтай майысқан өрімдей жастары ұлттың намысы мен рухын жалау етіп ұстап еді ғой. Сол жастардың ақ тілегі мен адал ниеті кісендеулі жатқан шындықтың шылбырын үзіп, адасқан әділеттің қайта оралуына жол ашты емес пе?! Елімізге солайша тәуелсіздік келді. Туған жеріміздің егемендігін ел-жұртымыз ешкімге берген жоқ. Менің қазіргі Қазақстаным — ыстық ұя, қонақжай халық, дарқан дос.

Туған жер — қасиетті ұғым. Қазақстанның әр тасы мен тауы, өзені мен көлі, бәрі де маған сонша ыстық. Шалғайға шыққанда осы туған жердің топырағы менің жаныма медеу беріп отырады. Мен өз туған жерімді сүйемін және Қазақстанда туғанымды мақтан етемін. Менің ендігі мақсатым, елдің болашағы келешек ұрпақтың еншісінде болғандықтан, еліме елеулі қызмет ету.

Бақытханым АРТЫҚБАЕВА,

№ 30 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Наурыз-тілек

Біздің тілек — бейбітшілік

Біз бейбітшілікті қолдаймыз. Әлем елдерінің халықтарының бәрі тыныш, бақытты өмір сүрсе екен.

Ешқашан өмірдің шуағы сөнбей, ұрпақтар жалғасып өсе берсе екен.

Мен көркем шығармалар оқығанымда, теледидардан түрлі фильмдерді көргенімде қатты толғанамын. Әсіресе, адамдардың мейірімсіздігі, қатыгездігі жанымды түршіктіреді. Атом қаруы қаншама зардап шектірді. АҚШ Жапонияға атом бомбасын тастаған кезде 2 секундта 300 мыңнан астам адам қырылып қалыпты. Бірақ тірі қалған жапон халқы қайысқан жоқ, қара күйік орнына қайтадан қала тұрғызды. Бұл жапон халқының еңбексүйгіштігінің, төзімділігінің арқасы.

Атом жарылысы біздің елімізде де болғаны мәлім. 1949 жылы бұрынғы Кеңес Одағының басшылары Семей өңіріндегі Шыңғыс тауының солтүстік-батыс сілеміндегі Дегелең жотасының түбіне атом бомбасын сынау полигонын орнатты. Қырық жылдан аса уақыттың ішінде 456 жарылыс болды. Атом бомбасы жарылған кезде таралған радиациялық сәулелер адамдардың қанын бұзды, түрлі ауруларға шалдықтырды, өсімдіктердің, жануарлардың тіршілігіне қыруар зиян келтірді. Тек еліміз егемендік алған соң ғана, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей атом сынақ полигоны жабылды.

Біз, бүгінгі және келешек ұрпақ, атом бомбасына қарсымыз. Атом апатын жауымызға да тілемейміз. Біз бейбітшілікті сүйетін елміз. Бейбіт өмірді сүйетінімізді күллі әлемге дәлелдедік. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік, барлық елдің бейбіт, тыныш өмір сүргенін қолдадық, қорғадық.

Әлемде бейбітшілік орнасын!

Соғыс болмасын!

Атом бомбасы жарылмасын!

Аружан АХМЕТОВА,

Құмсай орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Оқушының өлеңі

Наурыз

Наурыз жырын жырлаймыз,

Онымен де тұрмаймыз.

Шыңдалып жеткен бұл күнге

Ел дәстүрін сыйлаймыз..

Азамат ҮКСІКБАЕВ,

№ 4 орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Гүлдер өсті қырларға,

Көңіл толды жырларға,

Күн менен түн теңесті

Көктем желі — нұрлы арна.

Қар еріді суланып,

Тоғай кетер нуланып.

Құстар әсем ән салып,

Қосылып біз шуладық.

Әсем ТАҢАТАРОВА,

Новый орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Аспанның арайына үңілген шақ,

Мәз-мәйрам боп ойнаған, жүгірген шақ.

Дастарқанға әр түрлі дәм қойылып,

Көктемнің берекесі білінген шақ.

Аяжан МАПУАДИНОВА,

№32 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Наурыз-сыр

Перзент парызы

Ана… Бүкіл әлемнің әдемілігі, бар тіршіліктің мәні осы ұғыммен өзектесіп жатыр. Ана — тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы.

Ананың тілі, мейірбандығы, ықыласты сезімі, ізгілігі мен ізеттілігі, ақ көңілі мен адал ниеті перзентіне ана құрсағында жатқанда-ақ дарып, ананың ақ сүтімен бойға сіңеді. Ана түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай сені емізеді, сен сәл ауырып не болмаса сәл мұңайып қалсаң, ананың сен үшін ет-жүрегі елжіреп уайымдайды.

Ана — ақылшың, сырлас досың. Сенің қара жерді баспай жатып, тырмысып бауырына жабысатының, шырылдап, уанбай, жылап іздейтінің — ана. Анаң әрқашан ержеткенде де, одан кейін де  тура жолға бағыт сілтеуші. Перзенттің анаға деген махаббаты құндақтан басталады. Әлемде қай мамандық иесі де, президент те, шахтер де, ғалым да, батыр да анадан туады. Ана алдында бас имейтін, анаға табынбайтын перзент кемде-кем шығар.

Атам қазақ ана парызын әке парызынан әлдеқайда жоғары қояды. Ана парызы ешуақытта өтелмейді. Ал оны өтеудің көрінісі, құрбы-құрдасым, сенің сапалы білімің, саналы тәртібің, жарқын да кемел болашағың, әрқашан тек биіктерден көрінуің. Сонда ғана ана көңілі көкке жетіп, марқаяды.

Әйгерім ӘЛІПБАЕВА,

Ғ.Ақтаев атындағы № 6 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button