Білім

«Алтыннан» үміттілер емтиханды өз мектептерінде тапсырады

Брифинг

«Алтын белгі» аттестатына үміткерлер математикадан емтиханды  Назарбаев зияткерлік мектебінде емес, өз мектептерінде тапсыратын болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

«Облыстың білім саласының ахуалы» тақырыбында өткен шараға  облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова мен  облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жанар Мұхамбеталина қатысты.

Өңірдегі 427 мектепте 168 402 оқушы білім алып жатыр. Облыс бойынша 13 587 оқушы 9-сынып, 8044 оқушы 11-сыныпты бітіреді. 600-денастам бала «Алтын белгіге» үміткер.

Бұдан бұрын хабарлағанымызда Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес «Алтын белгі» аттестатына үміткерлер қорытынды аттестаттау кезінде алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша емтиханды Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсыратынын айтқан едік. Дегенмен күні кеше ғана министрлік шешімі өзгерді. Соған байланысты «Алтын белгі» аттестатына үміткерлер емтиханды өз мектептерінде тапсырады, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Соңғы екі жылда пандемияға байланысты мектеппен қоштасу кеші өткізілген жоқ. Биыл түлектердің мектеп бітіру кеші мектепте өтеді. Соңғы қоңырау 25 мамырда, ал аттестат тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр.

Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, қазір ата-аналарға бұл іс-шараны шығынсыз өткізу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеппен қоштасу кешіне аниматорларды, артистердішақыруға, мерекелік дастарқандарды ұйымдастыруға, жалға алған автокөліктермен экскурсия жасауға тыйым салынады. Сондай-ақ мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинауға болмайды.

Шарада сөз алған Жанар Мұхамбеталинапедагогтік әдеп нормалары туралы айтты.

Былтыр ақпан айында облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз етудепартаменті жанынан педагогтердің құқықтарын қорғау және педагогикалық әдеп мәселелері жөніндегі кеңесші орган құрылды.

Егер педагогтер тарапынан әдеп нормалары бұзылатын болса, онда бұл мәселе ең алдымен білім беру ұйымы жанынан құрылған педагогикалық әдеп кеңесінде қаралып, тиісті шаралар қабылдануы қажет. 

Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес барлық білім беру ұйымдарында құрылуға тиіс. Оған жеке және заңды тұлғалар шағымдана алады. Егер білім беру ұйымы жанындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте мәселе шешілмесе, онда педагог департамент жанында құрылған кеңесші органға жүгінуіне болады.

Бұл орган құрылғаннан бері ата-аналардың және мұғалімдердің әдеп нормаларын бұзу мәселелері бойынша 8 кеңес отырысын өткізді. Қорытындысы бойынша білім беру ұйымының басшылары мен педагогтеріне әдеп нормаларын және педагог құқықтарын бұзғаны үшін 4 ескерту, 2 сөгіс және 3 білім беру ұйымының басшысына ескерту түріндегі әкімшілік жаза берілді.

Бұл шараларға қарамастан, педагог құқықтарының бұзылуына байланысты әлеуметтік желіде шағымдар көбеюде. Соған байланысты жақында, 27 сәуір күні Білім және ғылым министрінің №172 «Педагог құқықтарының бұзылуына жол бермеу» туралы бұйрығы шықты. Осыған сәйкес кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде педагогтерді Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделмеген жұмыс түрлеріне тартуға, міндетті құжаттар тізбесінде көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделмеген тексерулер жүргізуге, тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуға міндеттеуге жол берілмейді. Осы талаптар бұзылған жағдайда мұғалімдер департаментке жүгінуіне болады. Департамент тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, нақты қатаң шаралар қабылданады, — дедіЖанар Мұхамбеталина.

Оның айтуынша, педагогикалық әдепті сақтау және педагогтердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін WhatsApp мессенджерінде 14 чат құрылған.

Департамент мамандары қаңтар-сәуірайларында 42 білім беру ұйымына (12 балабақша, 28 мектеп, 2 колледж) мемлекеттік аттестация жүргізген.  Дегенмен 42 білім мекемесінің ешқайсысы да аттестациядан өтпепті.

Аттестациядан өтпеудің негізгі себебі —  4,9,11 сынып оқушылары тест тапсыра алған жоқ, яғни аттестация жүргізілген мектептерде білім сапасы төмен болып отыр, — деді облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, білім беру мекемелеріне 16 тексеру өткізілген.Тексеріс қорытындысы бойынша 3 заңды тұлғаға қатысты, 3 лауазымды  тұлғаға қатысты әкімшілік шара қабылданып, 4 нұсқама берілген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button