Жаңалықтар

Бас редактор Бердіхан

Аудан өмірінің жаршысы болып саналатын жергілікті газеттер қай кезде де халық арасында үлкен беделге ие. Сол өңірдің тұрғындары осы басылым арқылы ел тынысын сезініп, жаңалықтармен хабардар болып отырады.

Талай белесті жолдардан өткен «Темір» газеті де оқырмандарымен сондай байланыста. Кейінгі бес жылда газеттің бас редакторы болып қызмет атқарып келе жатқан Бердіхан Әділханов уақыт тынысын тамыршыдай сезініп, елге қажетті ақпараттарды мезгілінде ұсынуға бейімділігін көрсетіп келе жатқан басшы. Рас, қазіргі кезде қай аудандық газет болмасын, білікті маман кадрларға зәру. Соған қарамастан, газетті  Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «… халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналдыру ең алдымен басшы-редакторға міндет болып саналады.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген, негізгі мамандығы мұғалім Бердіхан бастапқыда Шұбарқұдықтағы №3 орта мектепте ұстаздық етіп, бірқатар уақыт аудандық спорт және туризм, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне басшылық етті. Тіпті аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінің жетекшісі болды. Ал аудан әкімі аппаратының басшысы болып мемлекеттік қызметте жүруі өз алдына бөлек әңгіме. Осы өмірбаян арасында оның аудандық «Темір» газетінде жауапты хатшы болғаны да көрініс беріп қалады.

Негізінде, диірменде туған тышқан тарсылдан қорықпайды. Сондай-ақ Бердіханның да бала кезден тірлігі газет айналасында өтті. Әкесіне еріп жүріп баспахана тынысын да ертерек таныған. Бір жағынан бала кезінен осы басылымның тұрақты оқырманы. Сондықтан да заман ағымына сай осы қызметті атқаруға тура келгенде шегініс таныта қойған жоқ. Оның үстіне бүгінде «Темір» газеті» ЖШС директоры болып тұрған әкесі Меңдіхан Әділханұлының әділ ұстанымы, қатаң талабы, оның сыртында қаламгерлік қамқорлығы көп шаруасын жігерлі жүргізуге қуат береді.

Бүгінде Бердіхан бас редактор болып отырған аудандық «Темір» газетінің тарихы тереңде.

Ақтөбе губерниясында 1924 жылдан шығып келген «Кедей» газеті отызыншы жылдардың басында екіге бөлінді. Газетте мынадай хабарлама береді: «Округті жоғалту ісімен байланысты «Кедей» газеті екіге бөлініп, Темір,Шалқар аудандарына баратын болды».

Газет «Кедей» деген атпен 1930 жылғы 1 қазанда Темір аудандық партия комитетінің, аудандық атқару комитетінің және кәсіподақ бюросының органы болып шықты. Жауапты редакторы Р. Оразғалиұлы, таралымы 6500 дана деп көрсетілді. «Астық мәселесі – социалдық құрылыс мәселесі» деген тақырыппен жарық көрген осы нөмірде газеттің бес күндікте екі рет шығатыны және 1924 жылғы 7 маусымнан бастап шығып келе жатқаны жазылған. Қаріптерінің басым көпшілігі арабша, ішінара латын қаріпімен терілген жарияланымдар кездеседі. 1933 жылдың бас кезінде газет «Социалды майдан» («Социалистік майдан»)  болып өзгереді. Оның жауапты редакторлары Хамит Құрмашев, Жиенғали Тілепбергенов болды.

«Кедей» — Темір аудандық газетінің ең алғашқы атауы. Одан кейін«Социалды майдан» («Социалистік майдан»), «Коммунизм жолы», «Жаршы» болыпөзгерген. Кейін «Жұмысшы туы»-«Рабочее знамя» атауы арқылы, «Темір» атына тұрақтады.

Міне, осы тарихты лайықты жалғастыру бүгінгі редактор Бердіханның басты міндеті.Күні-түні ойда тұратын тағы бір жауаптылық — бір кездері Жиенғали Тілепбергенов бастап, беріректе Бақытжан Жанасаев, Шубай Бекенов, Мыңбай Төлегенов,Ұзақбай Қауысов сынды облыс журналистикасында әрқайсысының өзіндік орны бар аға буын өкілдері жетекшілік еткен басылымның бәсін түсіріп алмау. Есімдері аталған ағалардан кейін өз әкесі Меңдіхан Әділханұлы редакторлық тізгінді ұстады. Бұл — еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қиыншылығы да, қызығы да мол кезеңдер еді.

Жұртшылық қай заманда да ақпараттық тапшылыққа ұшырамауы тиіс. Оның үстіне уақыт ағымы, күнделікті өзгерістер ел-халық құлағына шынайы күйінде жетуі керек. Онсыз көпшілік арасында алып-қашпа әңгіме туындап, негізсіз болжамдарға жол беріледі. Бұл ретте қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық ахуалы қалыпты, жұмыспен қамту мәселесі жүйелі түрде шешіліп келе жатқан Темір ауданының ілгері дамуы, жақсы жаңалықтары аудандық басылым бетінде тұрақты көрініп келеді. Оқырмандар саны да тұрақы өсуде.

Бердіхан-редактор оқырмандар, жас тілшілер арасында түрлі конкурстар ұйымдастырып, жаңашылдық үлгілерін ұлғайтуға қадам жасап отырады. Бұл реттегі нәтижелер де бөтен емес. Газет тәрбиесінен өткен жас қалам иелері арасында журналист болсам деген талап иелері де баршылық.

Бердіхан Меңдіханұлы Қазақстан Журналистер одағы мүшесі ретінде белсенді қызметке ие. Кейде шығармашылық одақ тарапынан берілетін тапсырмаларға әрдайым жіті назар аударып, орындалуына жауаптылық танытады.

— Мен Бердіхан ініммен біраз жыл қатар еңбек еттім. Оның ең жақсы қасиеті —өтірікке жаны қас. Сөзді дұрыс ұғына біледі. Білімді, салмақты, бір сөзді, сонысымен көпке үлгі, — дейді еңбек ардагері, бұрынғы мемлекеттік қызметкер Боран Оңғарұлы. Осындай оң пікірді Темір ауданында көптеген азаматтардың аузынан естідік.

Темір өңіріне танымал Берекет ахунның қызы Ендіғой әже немересінің есімін өзі қойған екен. Баласы Меңдіханға «Сенің үйге келіп жүретін дос балаң Бердіхан сәлемі түзу, тәуір бала ғой, соның атын қоямын» депті ол кісі. Әже де адам танитын жан ғой, Бердіхан Кемешов кейін үлкен азамат болды, ел басқарды, көп құрметіне бөленді.

Адам баласы өмірде жақсылыққа, қолдан келгенінше бір биіктерге шығуға ұмтылады ғой. Әйтеуір мүмкіндігінше, ең болмағанда ниетке, пейілге оң ыңғай беруге бейімделеді. Жалпы Әділхановтар әулетінде де солай. Бұл, әсіресе, ат қойғанда ерекше ескеріледі. Кейде олардың «Біз кілең хандармыз ғой» деп әзілдеп айтып қалатыны бар.

Ата-әкелерін айтпағанда, Бердіханның бірге туған бауырлары да кілең хандар. Айтпақшы, әкесі Меңдіхан ағамыз да Бибіхан жеңгейді әдейі таңдап, сонау Қызылорда өңірінен алып келген.

Бірүйдегітөрт  бала да сондай. Өмірден отыз жасында ертерек өткен Гүлхан, Ақтөбедегі Кеңестер Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы әскери ұшқыштар институтында қызмет атқаратын қарындасы Анархан, бүгінде әке-шеше отырған үлкен үйдің туын ұстаған Өмірхан, осылай жалғаса береді. Мұндай сабақтастық Бердіханның өз шаңырағында да өрнегін тапты. Мамандығы фармацевт Гүлназ дүниеге үш хан алып келді. Олардың үлкені ата-әжесінің баласы болып кеткен — Айымхан, қазір М. Оспановатындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің студенті. Екінші перзент Рысхан — Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқиды. Ал Абылайхан — Шұбарқұдықтағы мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

…Бүгінгі әңгімеміздің түйініне келетін болсақ, оның өріс алуының себебі — басты кейіпкеріміз — бас редактор Бердіхан Әділхановтың ердің жасы елуге келуімен байланысты.

Елге сыйлы азамат, бірнеше мәрте халық қалаулысы болып сайланып, көпшілік мүддесін жанын сала қорғайтын қасиетімен құрметке бөленген журналистің қаламы елге қызмет ететін жақсы күндері жалғаса берсін.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button