Жеңіс

Ешқашан ұмытылмайды

Арада қанша жыл өтсе де, қан майданда «Отан үшін!» деп алға ұмтылған, қаһармандықпен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлер есімі ел есінде. Сондай тау тұлға батырларымыздың бірі — Малкеждар Бөкенбаев.

Кеңес Одағының Батыры Малкеждар Бөкенбаев 1924 жылы 6 наурызда Ақтөбе өңірінің Жұрын ауданында дүниеге келген. Өз ауылында орта мектепті бітіргеннен кейін Дайындау халық комиссариатының аудандық өкілдігіне жұмысқа орналасады. Кейін аудандық газетке жауапты хатшылыққа жұмысқа ауысады. Ел шетіне жау тигенде елде байыз тауып отыра алмай, 1942 жылы өз еркімен майданға аттанған ол бірінші Белорусь майданындағы ұрыстарға қатысты. Ол 69-армияның 312-атқыштар дивизиясының взвод командирі болып, ұрыс даласында төрт рет жараланған. Днепр өзенін қиып өтпек болған неміс басқыншыларын кері шегіндіріп, жаудың жолын кескені үшін 1945 жылы Сталиннің бұйрығымен Малкеждар Бөкенбаевқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

Ол соғыс аяқталғаннан кейін жоғарғы партия мектебін бітіріп, Ақтөбе қаласында қызмет етті. Жұрын аудандық милиция бөлімінің жедел өкілі болды, 1954 жылы обкомның бірінші көмекшісі қызметіне тағайындалды. 1962 жылы Ақтөбе облысының ішкі істер басқармасы тәрбиелік-насихаттық бөліміне орналасып, көп жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін жеке құраммен бөлісті. Ішкі істер жүйесіне жан-тәнімен берілген М.Бөкенбаев саналы ғұмырының 31 жылын осы салаға арнаған.

Малкеждар Бөкенбаев атқарған ерен еңбегі үшін «Ленин» ордені,  «Қызыл жұлдыз»,  «Құрмет» ордендерімен, Тың және тыңайған жерлерді игергендігі үшін арнайы медалімен, «Кіші алтын» медалімен, «Құрмет» грамотасымен және тағы да өзге марапаттармен мадақталды. Малкеждар Бөкенбаевтың есімі сонау Украина, Белоруссия мемлекеттерінің мемориалды кешендерінде алтын әріппен жазылған. Сол мемлекеттердің қалаларында даңқты жерлесіміздің атындағы көшелер де бар. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ақтөбе қаласындағы бір көше жауынгердің есімімен аталады. 2014 жылы Ақтөбе заң институтына Малкеждар Бөкенбаев есімі берілді. Институтқа батыр есімі берілген күннен бастап Малкеждар Бөкенбаевтың өмірі мен ерлік жолын зерттеуге, насихаттауға байланысты көп жұмыс жасалды. Батыр туралы тың деректер, мұрағаттар жинақталып, арнайы кітап басылып шықты. Институт мұражайы М.Бөкенбаевтың ерлік істері туралы және батырдың туысқандарының қолынан алынған құжаттармен толықтырылды. Кеңес Одағының Батыры Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының ауласына батырдың мүсіні қойылды. Батыр есімін ұлықтауда институтта түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Болашақ құқық қорғау қызметкерлері білім алып жатқан оқу орнының түлектері М.Бөкенбаев ерліктерін үлгі етіп, Отанына адал қызмет етеді деген сенімдеміз.

Алуа ЖЕТЕСОВА,

М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

ішкі және сыртқы коммуникациялар

бөлімшесінің инспекторы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button