Жаңалықтар

Музей қорына 700 экспонат тапсырған өлкетанушы

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде белгілі геолог-барлаушы, өлкетанушы Ростислав Сегединнің туғанына 100 жыл толуына арналған көрме өтті.

«Жер қойнауын барлаушы, шебер және өлкетанушы» атты көрмеге геологтың өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер, құжаттар, тұтынған заттары сияқты 200-дей жәдігер қойылды.

Көрменің ашылуына геологтың қызы Наталья Сегедина, ақтөбелік геологтар мен студенттер, музей қызметкерлері қатысты. Осы саланың білгірі, ҚР Минералды ресурстар академиясының академигі Владимир Юриштің естеліктерін қатысушылар қызыға тыңдады. Наталья Сегедина әкесінің Ақтөбе жеріне алғаш келген кезінде жазған «Дала» атты өлеңін оқып, жиналғандардың ықыласына бөленді.

Ростислав Сегедин — өз ісін шексіз сүйген, бар саналы ғұмырын осы іске арнаған геолог-барлаушы ғана емес, сонымен қатар өлкетанушы ретінде біздің өңірге көп еңбек сіңірген адам. Маман ретінде ол Мұғалжар өңірінің пайдалы қазбаларын зерттеумен айналысты, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген геолог-барлаушы атанып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сонымен қатар осы тау қойнауындағы көптеген археологиялық ескерткіштерді тауып, деректерін картаға түсірді. Ақтөбе қаласында геологиялық музейдің ашылуына ықпал етті.

Мұғалжар қойнауын зерттей жүріп жинастырған геологиялық, палеонтологиялық, археологиялық коллекцияларын музей қорына тапсырды. Бұл колекцияларда 310 экспонат бар. Одан бөлек суретке түсірумен, пошта маркасы, құттықтау қағаздарын жинаумен, ән жазумен айналысты. Оның түсірген суреттерінен «Актюбинск прежде и теперь» деп аталатын сурет көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрмеге қойылған суреттерді де облыстық музейге тарту етті. Жалпы Ростислав Сегедин музей қорына бір өзі 700-дей экспонат тапсырған екен. Ол көп жылдар өлкетанушылар қоғамының мүшесі болды. Облыстың қоғамдық өміріне белсене атсалысты.

Оның музей қорына тапсырған жәдігерлері өткеннің көзі, қымбат мұра ретінде ұрпақтар назарына ұсыныла бермек.

Майра БУХАНОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button