Жаңалықтар

Бүгінгі жас — ертеңгі ел қорғаны

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына — 30 жыл. Айбыны асқақ мереке қарсаңында облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты жастар ресурстық орталығы мен ҚР Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімі «Мен өз елімнің патриотымын» атты әскери жарыс өткізді.

Жастарды Отанын сүюге, патриоттық тәрбие беруге үндейтін шараға қала мектептерімен қатар Алға, Мұғалжар, Қарғалы, Әйтеке би, Шалқар және Қобда аудандарының жастары қатысты. Әскери бөлім аумағында өткен шара барысында жас жауынгерлер спорттық ойындар ойнап, әскердегі сарбаздардың бір күні қалай өтетін білді. Белгілі уақыт аралығында қару жинап, гір көтеріп, қол күресіп өзара мықтыны анықтады.
8 команда қатысқан әскери сайыста Қарғалы ауданы, ал эстафеталық сайыста Шалқар ауданының жастары үздік деп танылды. Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегер атанған барлық командаларға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ шара барысында әскери бөлімнің жаңадан қабылданған жас сарбаздарының ант қабылдау рәсімі өтті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button