Әдебиет

Кездесу кеші өтті

23 сәуірде дүниежүзінде Кітап және авторлық құқықты қорғау күні атап өтіледі. Соған орай С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Әдебиет — ұлттың жаны» атты кездесу кеші өтті.

Бұл кеште оқырмандар журналист, аудармашы Зияш Телеуовамен кездесіп, оның жеке шығармашылығы, бүгінгі қазақ әдебиеті, әдебиеттің насихатталуы төңірегінде әңгіме қозғады. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Нұрлыбек Жұбатқан, Гүлімай Әбішқызы, ақтөбелік зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Кешті кітапхана қызметкері Ақмарал Мұқашева жүргізіп отырды.

Зияш Телеуова жас оқырмандарға шытырман оқиғалы «АБК тобы ашқан қылмыс», «Құлаған үйдің құпиясы», «Кәрім және оның достары» атты туындыларын ұсынды. Бұдан бөлек «Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы», «Тірі өлік»туындылары бар және Эмили Родда, Наталья Кузнецова, т.б. шетелдік жазушылардың шығармаларын аударды.

Кездесу кешінде оқырмандардың өзінің неліктен осы жанрды таңдағаны туралы сауалына орай ол:

Мен ғұмыр бойы баспасөз саласында еңбек етіп, кейіннен заң саласында аудармашы болдым. Жолдасым Өмірғали да ішкі істер саласында қызмет атқарды. Заң саласында жүрген соң өмірдегі қылмысқа ұрынған, шалыс басқан талай адамдардың тағдырымен сырттай таныс боласың, сол төңіректе әрдайым ойланасың. Сондай күндердің бірінде кітап дүкенінде орыс тіліндегі детектив жанрындағы кітаптарды қарап тұрған жасөспірімдердің әңгімесін құлағым шалды. «Неге біздің қазақ жазушылары осындай кітаптар жазбайды? Мұндай шығармаларды өз тілімізде оқыр едік» — десіп тұр екен. Маған ой салған осы жайт болды, — деді.

Шарада сондай-ақ өлеңдер оқылды, кеш иесі оқырмандардың сауалдарына жауап берді, жазып жатқан жаңа туындысы жайлы да айтып, қызықты әңгіме өрбіді.

И.ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button