Білім

Сапалы білім беру — қоғам дамуының негізі

Манет НҰРМАҒАНБЕТОВА,

Бәйішев жоғары медициналық

колледжінің директоры

Қазақстан интеграциясы тенденциясының әлемдік білім беруге сай дамуы колледждердегі білім беру сапасына да әсер етеді. Әрдайым жұмысты жетілдіріп отыру — басты мұрат.  Бұл мәселені шешудің бір жолы —колледждердегі білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесін еуропалық стандарттардың критерийлеріне сәйкес әрі қарай дамыту.

«Бәйішев жоғары медициналық колледжі» ЖШС — 20 жылдан астам уақыт бойы орта буын кадрларын даярлауды жүзеге асырып келе жатқан Ақтөбе облысындағы техникалық және кәсіптік білім беретін жекеменшік білім беру мекемесі. Колледж білім беру мәселесі жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асырып келеді және өз қызметін Конституцияға және Қазақстан Республикасының Заңдарына, басқа да нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ серіктестік Жарғысына сәйкес жүргізеді.

Колледждің негізгі міндеттері — орта буындағы білікті медициналық кадрларды даярлау және оларды облыстағы медициналық ұйымдарға орналастыру.

Оқу орнының тарихы 2002 жылдан басталады. Ол кезде С.Бәйішев университетінің жанындағы колледжі болып ашылған еді. Медицина мамандықтарының ашылуына байланысты колледж кезекті рет мемлекеттік қайта тіркеуден өтіп, 2019 жылдың қаңтарынан бастап «Бәйішев жоғары медициналық колледжі» ЖШС деген жаңа атауға ие болды. Қазіргі таңда колледж «Мейіргер ісі», «Фармация», «Емдеу ісі» мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды.

«Бәйішев жоғары медициналық колледжі» ЖШС бүгінде Ақтөбе облысындағы жетекші оқу орындарының қатарына кіреді. Білім беру саласындағы жоғары жетістіктері үшін колледж ұжымы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен (2017, 2018 жж.), Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен (2018 ж.), Ақтөбе облысы білім басқармасының мақтау қағаздарымен (2017, 2018, 2019 жж.), Ақтөбе облысы әкімінің «Үздік арнайы оқу орны» Алғыс хатымен (2021 ж.) бірнеше мәрте марапатталды.

Колледж түлектері еңбек нарығында еркін бәсекеге түсуде, Қазақстанның әртүрлі саласында сәтті еңбек етуде. Біз оқу орнының қызмет еткен мерзімі ішінде қалыптасқан мына дәстүрлерге сүйенеміз:

– заманауи әлеуметтік-экономикалық жағдайларға еркін бейімделе алатын білім алушыларын даярлау;

– білім алушылар, оқытушылар және колледж әкімшілігінен үнемі алдымызда тұрған міндеттерді шешудің дұрыс жолдарын таба білуді талап ететін жаңа енгізілімдер;

– жаңа ойлар мен идеяларды еркін білдіруге жағдай туғызу, табысқа талпынуға ынталандыру.

2015 жылы колледж техникалық және кәсіптік білім беру саласында жүзеге асырып жатқан білім беру бағдарламаларының сәйкестігіне мемлекеттік аттестаттаудан өтті.

Ал 2019 жылы колледж «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» КМ тарапынан барлық мамандықтар бойынша институционалдық аккредиттеуді сәтті еңсерді.

Колледждің материалдық-техникалық базасы, соның ішінде медициналық мамандықтар бойынша МЖБМС талаптарына толықтай сәйкес келеді. Білім сапасын және түлектердің практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында медициналық колледждің симуляциялық орталығы үшін барлық қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.

Колледж әкімшілігі материалдық базаны дамытуға көп көңіл бөледі. Үш оқу ғимаратында теориялық және тәжірибелік сабақтарға арналған оқу кабинеттері, зертханалар, шеберханалар, лингафон кабинеттері, компьютер кабинеттері, дәріс залдары, симуляциялық орталық бар.

Оқытушылардың сандық және сапалық құрамы лицензиялық талаптарға сәйкес келеді. Олардың құрамында PhD докторы, ғылым кандидаттары, жоғары санатты оқытушылар, педагог-зерттеуші, педагог-модераторлар бар. Солардың арасында білім, денсаулық салаларына еңбегі сіңген тәжірибелі, жоғары санатты оқытушылар, жоғары санатты дәрігерлер Г.Ахметкереева, К.Әбділдаева, Ж.Жұмағазина, И.Бралов, Н.Есенғазы, Ж.Хасенова, А.Бірімжанова, А.Қуатова, М.Жаманқұлова, А.Мыңжасарова, Г.Әлиева, Н.Кадешов, т.б. бар.

Білім алушыларға арналған барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарға сәйкес келетін 280 орындық жатақхана бар, 200 орындық асхана жұмыс істейді. Сондай-ақ білім алушыларға медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмекпен, және жабдықтармен қамтамасыз етілген медициналық пункт қызмет етеді. Білім алушылар оқулықтар және оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етілген. 2017 жылдан бастап колледж дуалды жүйе бойынша оқытуды жүзеге асыруда. 2019 жылы дуалды оқыту жүйесі бойынша алғашқы түлектер бітіріп шықты және толықтай жұмысқа орналасты.

2019 жылдың ақпан айында «Бәйішев МЕД» емханасы ашылды. Өзімізде жеке медициналық орталықтың болуы колледж студенттеріне тәжірибеден өтуге және жалпы тәжірибедегі мейіргер ретінде кәсіби дағдыларын жетілдіруге, науқастарға күтім жасау, бақылау және оңалтуды ұйымдастыру дағдыларын қалыптастыруға, медициналық жабдықтармен жұмыс жасау дағдыларын игеруге зор мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 2019 жылы орта кәсіптік білім беру және тәжірибе алмасу мәселесі бойынша практикалық көмек көрсету мақсатында РФ Башқұртстан Республикасы Уфа медициналық колледжімен екіжақты келісім жасалды. Және сол жылы Пекин қаласындағы «Дун Фан» гипертония және қант диабеті ғылыми-зерттеу институтыменкелісімге қол қойылды.

Мамандарды даярлау сапасын жетілдіру мақсатында 2019 жылы колледж «Қазақстанның медициналық колледждер одағы» ЗТБ құрамына кірді. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасымен ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасты. Білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтуі мақсатында Ақтөбе облысының көптеген медициналық мекемелерімен келісімшарттар жасалды.

Колледж 2019 жылы «Кәсіпқор Холдинг» ҰАҚ («Talap» ҰАҚ) ұйымдастырған Қазақстан Республикасының ортадан кейінгі білім беретін ТжКБ ұйымдарының рейтингіне қатысып, үздік медициналық колледждердің бестігі құрамына енді. Және 2021 жылғы «Қазақстанның медициналық колледждер одағы» ЗТБ ұйымдастырған рейтингіне де қатысып,  үздік медициналық колледждердің қатарына кірді.

Бүгінгі күні оқу орнының үздік дәстүрлерін қолдай отырып, колледж медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді даярлау жүйесінде инновациялық идеялардың бастаушысы деуге болады.

 

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button