Басты жаңалықтар

Мәртөк пен Қарғалының шаруалары көктемгі егіске дайын

Өткен сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк, Қарғалы аудандарын аралап, шаруашылықтардың жұмысымен танысты, тұрғындармен кездесті.

Кездесулер барысында екі ауданның шаруалары көктемгі егіске дайын екендігін жеткізді.

Құрмансайдың мәселесі — көгілдір отын

 Ең алдымен облыс әкімі Мәртөк ауданының Тәңірберген ауылдық округі аумағында орналасқан «Рад Агро» ЖШС-ның егіс алқабына барды. Бұл жерде облыс әкімі ауданның шаруаларымен тілдесіп, олардың көктемгі егіске дайындығын сұрады.

  • Округте айтарлықтай мәселе жоқ. Егіс науқанына дайынбыз, — деді шаруалар

бірауыздан облыс басшысына.

Аудан әкімі Алмас Салықбаев аудандағы шаруалар биылғы егіс науқанына 100 пайыз дайын екенін, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы аптада басталатынын жеткізді.

«Рад Агро» ЖШС директоры Дәулет Мұратовтың айтуынша, шаруашылық биыл 3 мың гектарға егіс егуді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, 843 гектарға жүгері, 294 гектарға құмай, 120 гектарға соя, 937 гектарға мақсары, 833 гектарға судан шөбін екпек. Қазіргі таңда алқаптағы 2200 гектар жерге ылғал жабу жұмыстары жүргізілген.

— Біз, негізі, ірі қара малын өсірумен айналысамыз. Шаруашылығымызда 450 ірі қара бар, оның ішінде 180-і — аналық сиыр. Бүгінге дейін 148 бас төл алынды. Қазіргі таңда тәулігіне 1,2 тонна сүт сауамыз. Сүтті «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырамыз. Қазір шаруашылықта 42 жұмысшымыз, оннан астам техникамыз бар. Мал азығын жыл сайын өзіміз дайындап аламыз, — деді Д.Мұратов.

Бұдан кейін облыс әкімі Жайсаң ауылдық округіндегі «Дастан» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Шаруашылық осыдан бес жыл бұрын құрылған. Бүгінде қожалықтың 7200 гектар жайылымдық және егістік жері бар, оның ішінде 400 гектары — суармалы жер. Өткен жылы эксперимент ретінде 100 гектарға күздік қара бидай еккен. Алдағы уақытта қожалық басшысы 800 ірі қара малға арнап баз салуды, сондай-ақ жүгері егуді жоспарлап отыр.

Шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі жауапты тұлғаларға биыл жемшөп дақылдарының егістігін ұлғайтуды тапсырды.

— Аудандарда мал басы жыл сайын өсіп жатыр. Шаруа қожалықтары мал шаруашылығын дамытуға күш салуда. Сондықтан жемшөп дақылдарын көбейтіп, оларды іріктеуге ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының мамандарын тартуымыз керек, — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі бастаған топ ұзындығы 28,3 шақырымды құрайтын Мәртөк-Құрмансай автокөлік жолына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен де танысты. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым «Кең даңғыл» ЖШС өкілі жоба биыл қазан айында аяқталатынын жеткізді. Оның құны — 348 млн теңге.

Одан кейін Оңдасын Оразалин Құрмансай ауылдық клубында тұрғындармен кездесті. Құрмансайлықтар ауылға арнайы келген облыс әкіміне ризашылықтарын білдіріп, қазіргі таңда мұндағы ең басты мәселе көгілдір отын екенін жеткізді.

— Жол мәселесі шешілді, енді ауылдарыңызды газдандыру мәселесін қарастырамыз. Келесі жылы бұл мақсатта жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісеміз. Мүмкіндік болса, 2024 жылдан бастап ауылға газ құбырын салу жұмыстары қолға алынады. Ол үшін, ең бастысы, елді мекенде халық саны азаймауы керек, — деді облыс әкімі.

Құрмансай — аудан орталығынан 38 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл. Мұнда 335 адам тұрады. Елді мекенде орта мектеп, балабақша, клуб, медпункт, сондай-ақ ұялы байланыс пен интернет желісі бар. Биыл ауылдың су құбыры тартылмаған бірқатар үйлерін ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Бұған аудандық бюджеттен қаржы қарастырылған.

Ауданға жұмыс сапары соңында Оңдасын Оразалин Мәртөк ауылына кіреберістегі автокөлік жолына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қарап, аудандық аурухананы аралап шықты.

2020 жылы күрделі жөндеуден өткен ауруханада науқастарға барлық жағдай жасалған. Мекеме соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Мұнда 54 орынға арналған стационар, 16 орындық күндізгі стационар, сондай-ақ 200 адамға арналған емхана бар. Жалпы аудандық ауруханада 150-ден астам адам жұмыс істейді.

Енді Юрийде «John Deere» бар…

Түстен кейін облыс әкімі Қарғалы ауданына барды. Аудандағы «Велиховка» ЖШС-ның жұмысымен танысқан Оңдасын Оразалин шаруалармен тілдесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

— Биыл біздің ауданда көрші облыстардағыдай мал өлімі болған жоқ. Себебі шаруалар субсидия алды, уақтылы мал азығын сатып алды. Қазір қожалықтардың техника сатып алуына мүмкіндік мол, субсидия бар. Жалпы, біздің облысымыз — республикада жемшөп пен арнайы техникаға жұмсалатын шығындарға субсидия беретін жалғыз облыс. Шаруаларға осындай қолдау көрсетіп отырған сіздерге аудандағы барлық фермерлер атынан алғыс айтамын, — деді «Степное» ЖШС басшысы Аманғос Төлеуов.

Кездесуде қарғалылық шаруалар бірауыздан облыс әкіміне көктемгі егіс науқанына дайын екендігін жеткізді.

«Велиховка» ЖШС директоры Юрий Барановтың айтуынша, ауданда егіс егуге, мал өсіруге барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету керек.

— Қазір мал шаруашылығымен, егін егумен айналысамын деген адамға мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан субсидия беріледі, жеңілдікпен техника алуға да болады.

Былтыр «Қаз Агро Қаржы» акционерлік қоғамы арқылы 220 миллион теңгеге «John Deere» маркалы трактор сатып алдық. Бұл — шаруаға өте қолайлы, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған техника. Енді осы мекеме арқылы 150 миллион теңгеге егіс кешенін сатып алуды жоспарлап отырмыз.

Қазіргі таңда біздің шаруашылықта 450-ге жуық ірі қара, жалпы аумағы 6243 гектар жер, 30-дан астам техника бар. Серіктестікте 34 адам жұмыс істейді. Биыл 2600 гектарға бидай, 1000 гектарға арпа, 204 гектарға судан шөбін егеміз, — дейді Ю.Баранов.

Әлімбетке газ келеді, жаңа клуб салынады

Бұдан кейін облыс әкімі Әлімбет ауылдық округіне барды. Онда былтыр салынған ауылдық округ әкімдігінің ғимаратын, 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында күрделі жөндеуден өткен дәрігерлік амбулаторияны, сондай-ақ «Әлімбет» шекара бөлімшесін аралады.

Кейін Әлімбет ауылдық клубында тұрғындармен кездесті. Басқосуда алдымен

аудан әкімі Асқар Жүсібәлиев өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінде Әлімбет ауылдық округінде 1100 адам тұрады. Ауылда орта мектеп, клуб, медпункт бар, ұялы байланыспен, ауызсумен қамтылған. Биыл елді мекенде көше жолдары жөнделеді. Округте жеке кәсіппен, мал шаруашылығымен айналысатындардың саны артып келеді.

Басқосуда ақсақалдар облыс әкімінен елді мекенге газ қашан берілетінін сұраса, мектеп мұғалімдері Әлімбетке кең әрі соңғы үлгідегі Мәдениет үйі керек екенін жеткізді.

Қазіргі таңда облыста елді мекендерді газбен қамту өте өзекті болып отыр. Себебі көгілдір отын келсе, тұрғындар ауылдан көшпейді. Бір жағынан, елді мекендердің жағдайы жақсарады, жұмыс орындары ашылады. Осы орайда биыл аудандағы Әлімбет пен Ащылысай ауылына газ тарту жұмыстарын жүргізуді бастаймыз. Мамыр айында мердігер ұйымдар жұмыстарына кіріседі. Жоспарға сәйкес маусым-шілде айларында екі ауылға көгілдір отын беріледі. Ал Мәдениет үйіне келсек, бұл жоба келер жылы жүзеге асырылады. Биыл құжаттары дайындалады, — деді О.Оразалин.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары облыс басшысына ризашылықтарын білдірді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button