Басты жаңалықтарМереке

Бірлік мерекесі тойланды

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ақтөбе қаласындағы орталық саябақта жұртшылыққа концерттік бағдарлама ұсынылып, шеберлер маусымының ашылуы болды.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан,  саябаққа жиналғандар қарасы көп болды.Мерекеге арнайы келген қолөнер шеберлері өз қолымен жасаған түрлі бұйымдарын көрме-жәрмеңкеге шығарды.

— Жадыра құрбым екеуміздің студиямыз бар, сол жерде жасалған заттарымызды ашық аспан астындағы көрмеге әкеліп отырмыз. Авторлық тоқыма киімдер, қабырғаға ілетін сағаттар, әшекей бұйымдарыма, ал бизнестегі серігім Жадыраның қыздарға арналған баскиімдеріне қызығушылық зор. Бағасы әртүрлі. Мысалы, ерекше сағаттарымыз 16 мың теңге тұрады, — дейді қолөнер шебері Сәндіқыз Есіркепова.

Ал қыз жасауын, көрпе-төсек жасайтын Гүлмира Айжарықова бұл жерге ең сәнді бұйымдарын әкелгенін айтады. Ым-ишарамен сөйлейтін ісмер:

— Балаларға арналған көрпешелер, жастық — бәрін әкелдім. Қыздардың бұйымдары да бар. Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма он жылға жуықтады. Жеке ательем бар, — дейді.

Орталық саябақта көшеттер жәрмеңкесі де болды. Түрлі жеміс ағаштары, гүлдерді сатқандардың арасында Ақтөбе орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Молдағали Орынбасаров та бар. Оның айтуынша, тәлімбақта өсірілген шырша, қайың, долана, алхоры, шие ағаштарының бағасы 1500 теңгеден басталады. Мұнда осы іске ден қойған басқа да шаруалар кездесті.

«Татулығымыз бір шаңырақ астында» концерттік бағдарламасы да көпшіліктің көңілінен шықты.

— Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің ұжымдары, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының өнерпаздары, сондай-ақ «Әлия гүлі», «Арай», «Шабыт» би ансамбльдері атсалысқан концертте түрлі халықтың ән-билері қамтылды. Арасында Сергей Вишняк, Рамзия Есенбаева, Елена Югай сынды өзге ұлт өкілдерінің лебізіне де кезек бердік. Мұндай концерттер қаланың 13 демалыс орнында ұйымдастырылды, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова.

Жұртшылықпен бірге концерт тамашалап, көрме-жәрмеңкені аралап шыққан облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған атқарушы билік өкілдері соңында құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін арнады.

— Ауа райының осындай жауын-шашынды болғанына қарамастан, бүгінгідей мерекеде бірлігін көрсетіп, саябаққа жиналған халыққа алғыстан басқа айтарым жоқ. Бәріңізге бас амандығын, бақыт, молшылық тілеймін. Алла тағала осындай бірлік-берекеден айырмағай. Мереке құтты болсын! — деді Оңдасын Оразалин.

Мерекелік бағдарлама кешқұрым да жалғасын тауып, түрлі ұлттың шығармашыл өкілдері ән-биден шашу шашты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button