Жаңалықтар

Сенбілік жалғаса береді                                  

Бірлік күні қарсаңында Ақтөбеде төртінші рет жалпықалалық сенбілік өтті.

Шаһарды санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жоғары және орта оқу орындарының, әскери институттардың студенттері мен қала тұрғындары ұйымшылдықпен атсалысып, белсенділік танытты.

Бұл күні Есет батыр шағын ауданындағы аллея 60-тан астам ағаш көшетімен және жеміс ағашымен толықты.

Сенбілікке келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров тұрғындармен жүздесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады.

Аудан тұрғыны, алты баланың әкесі Аманғос Құлов «Әкелер аллеясын» құру туралы ұсыныс айтты:

Оның бұл ұсынысын қолдаған облыс әкімі:

— Әкенің отбасындағы рөлі ерекше. Жас ұрпақты тәрбиелеу, отбасы мен неке институтын нығайту аса маңызды. Ата-аналар балаларымен келіп демалатын осындай әлеуметтік демалыс орындары қажет.

Биыл бұл ауданда атқарылатын жұмыстар көп. Кітапхана, бассейн, спорт клубтары мен басқа да әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар бой көтеретін болады, — деді.

Бұл күні Кереев гүлзарының алаңында өткен сенбілікке Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының қызметкерлері, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің 100 студенті мен оқытушылары және жақын жерде орналасқан көп қабатты үйлердің тұрғындары қатысты.

Облыс әкімі қала басшысына теміржол вокзалы аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырып, қылқанжапырақты ағаштар отырғызуды ұсынды.

Сенбіліктен кейін Әлия Молдағұлова атындағы мемориалды кешеннің алаңы да тазарып, жарқырай түсті.

Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықовтың айтуынша, 18 сайлау учаскесінде өткен сенбілікке 400-ге жуық адам қатысқан.

Оңдасын Оразалин Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы ескерткіш алаңындағы бос жерлерге де көшет егуді, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ жауапты қызметкерлерге санитарлық тазарту мен абаттандырудың екі айлығының қарқынын бәсеңдетпеуге, ал ақтөбеліктерді туған қаласын таза ұстауға шақырды.

Тазалық әр үйдің ауласынан басталады. Сондықтан өз қаламызды сүйіп, тәртіп пен тазалықты сақтайық, — деп қорытындылады облыс әкімі.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button