Пікір

Референдум — демократиялық бастама

Ғабдулғалим ШОТАНОВ,

Зейнеткер:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Бұл ұсынысты толық қолдаймын әрі уақытында қолға алынған игі бастама деп білемін.

Ата Заңымызға жаңа заман талабына сай өзгеріс қажет екені рас. Себебі уақытпен бірге басқару формасы да, соған сай құқықтық заңнама да өзгеруге тиіс. Бұл ретте Президент қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін, соған сай елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгерту керектігін айтты. Бұл өзгеріс Конституциядан басталмақ. Жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшуді Президент «Екінші Республика» деп атап, жұмыс тобы Ата Заңның 33-бабына түзетулер әзірлегенін айтты. Тұтас Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізу жөнінде республикалық референдумда халықтың пікірі маңызды болады.

Елімізді өркендету үшін референдумның өтуі өте маңызды. Бұл — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастырудың алғышарттарының бірі. Осы жаңашылдықтардың нәтижесінде жаңа Қазақстан қалыптастыруға қадам басамыз және оған бүкіл халық тікелей араласады. Өйткені референдум — азаматтардың пікірін еркін білдіруіне негізделген жалпыхалықтық, демократиялық бастама.

Президенттің әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беріп отырғаны елдегі үлкен өзгерістердің бастауы деп білемін. Себебі ел мен жер халықтікі, сондықтан тағдырлы шешім қабылдауға халықтың араласқаны әділдік.

Мұғалжар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button