Жаңалықтар

Төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері талқыланды

Облыстық мәслихат депутаттары облыстық төтенше жағдай департаментінің нысандарын аралады.

Облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов бастаған депутаттар, облыстың қоғамдық кеңесі мүшелері Құрашасай ауылындағы №24 өрт сөндіру бөлімі жұмысымен, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің техникасымен, жабдықталуымен танысты.

Депутаттар аллеялардың біріндегі құтқарушылар гүлзарында болып, жас көшеттер отырғызды, одан соң мәжіліс залында төтенше жағдай департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев аталған ведомство жұмысымен, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, былтыр және осы жылдың 1-тоқсанында департамент 4 527 авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді, нәтижесінде 1 018 адам құтқарылып, 1 684 адам эвакуацияланды, зардап шеккен 260 адам ауруханаларға жеткізілді.

Биыл төтенше жағдай күштері нығайтылып жатыр, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер қатары қосымша 500-ден астам қызметкермен толықты. Сондай-ақ 2021 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 58 бірлік техника мен жабдықтар (өтімділігі жоғары автомобиль, 25 тоннаға дейінгі жүк көтере алатын арнайы  автокран, автономды жолаушылар кабинасы бар жүк көтергіштігі жоғары автомобиль, үрлемелі қайықтар, жедел жәрдем машиналары, өрт сөндіру автомобильдері, тыныс алу және көру органдарын қорғау үшін сығылған ауадағы респираторлар, жеке құтқару құралдарының жиынтығы) базалық және арнайы техниканың 23 бірлігі сатып алынды, — деді ол.

Сонымен қатар өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында Қобда және Мұғалжар аудандарында авариялық өрт деполарының орнына өрт сөндіру бөлімдері салынған. Ақтөбе облысы төтенше жағдай департаменті гаражы мен әкімшілік ғимаратын күрделі жөндеуге 323 219,0 мың теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу және техникалық қадағалау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі жүзеге асырылып жатыр. Төтенше жағдай саласында қала мен облыс алдында тұрған мәселелерді талқылау барысында депутаттар Ақтөбенің су тасқыны қаупі бар аудандарында алдын алу жұмыстарын жүргізу,жазғы уақытта дала өртінің алдын алу қажеттігін атап өтті.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button