Құқық

Теміржолдағы қауіпсіздік: полиция алаңдаулы

Көлік құрылымындарында өзгенің мүлкін ұрлау деректері азайды. 2009 жылдың алғашқы тоқсанындағы ұрлықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға кем. Қылмыстық жазаланатын бұзақылықтардың 27,3 пайызға, ішкілік ішкендер тарапынан жасалынатын қылмыстардың 12,5 пайызға азаюы да бұл салада атқарылған маңызды жұмыстардың нақты көрсеткіші болса керек.

Бұл мәліметтер өткен жұма күні Батыс көліктегі ішкі істер департаменті бастығы Қайрат Тыныбековтің теміржолдағы тасымалдауды ұйымдастырушылар және ондағы қызмет көрсетушілермен кездесуінде айтылды. Мұндай сипаттағы басқосу осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Кездесуге департамент бастығы жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар ішкі істер органдары ардагерлерінің шақырылуы да әңгіменің ашық-жарқын күйде өтуіне әсер еткендігі даусыз.

Ақпарат. бақылау

Полиция полковнигі Қайрат Тыныбековтің мәлімдеуінше, қылмысқа бейім тұлғалар үшін көлік коммуникациялары қашан да сұранысқа ие. Жыл сайынғы сараптау қорытындылары көрсеткендей, әсіресе, жазғы уақыттары жолаушылар саны 1,5-2 есеге дейін көбейетіндіктен, қылмыскерлер де белсенді бола түседі.

Көлік полицейлері ең алдымен өзгенің мүлкін ұрлау деректеріне алаңдаулы. Бұл сипаттағы тіркелген 40 қылмыстың 26-сы жолаушылар пойыздарының қызметін пайдаланушыларға қатысты болса, оның ішінде 12-сі – ұялы телефон ұрлығы. Осы орайда құқық қорғаушылар пойыз бригадасы қызметкерлерінің жолаушыларды ұдайы сақтыққа шақырып, радио жүйесі арқылы сағат сайын қылмыстың алдын алу мақсатында әлсін-әлсін пайдалы ақпараттар таратып отыруы қажет деп шешкен.

Екінші мәселе – балалардың бақылаусыздығы. Атап айтқанда, өндірістік емес жарақат алып, зардап шегіп жатқан жеткіншектер аз емес. Бұндай деректер балалардың демалысы кезінде өрши түсетіндігі рас.

Теміржол бойындағы күрделі мәселелердің бірі – жолаушылар пойыздары вагондарының терезелерін сындыру. Жыл басынан бергі уақытта ғана Батыс көліктегі ішкі істер департаменті қызмет ететін аумақта осы тақылеттес 9 қылмыс тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 30 мың теңгеден асқан.

– Алдағы уақыттағы қылмыстық ахуалды болжай қарасақ, биыл қылмыс санына бірнеше жағдаяттың ықпалы тиуі мүмкін. Бұл, біріншіден, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға, оның ішінде, жұмыссыздық пен халықтың белгілі бір тобының әлеуметтік күйіне байланысты болмақ. Әлемдегі экономикалық дағдарыс салқыны бізден де қырағылықты талап етеді, – деді Қ. Тыныбеков.

Осыған орай департамент бастығы теміржолшылардан пойыздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасалған қылмыстың ізін суытпай ашу үшін арнайы вагон бөліп, желілік ішкі істер бөлімінің жылжымалы бөлімшесін құру жөніндегі ұсынысын тағы қайталады. Бір қызығы, өткен жолғы осындай басқосулардан кейін теміржолшылар да бір уәжге келген сыңай танытып, аталған ұсынысты қолдайтындықтарын білдірді. Ол үшін қазір вагон құрастырушыларға ыңғайлы вагонға тапсырыс беру мәселелері қарастырылып жатырғанға ұқсайды.

«Таза пойыз» көп пе?

Бұл жиынға арнайы шақырылған «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Западный» жолаушылар тасымалы аймақтық филиалының директоры Ердәулет Сейітқазиевке сауалдар қарша борады.

Департамент бастығы жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері алдымен қарапайым жолаушылар ретінде жолаушылар пойыздарында тәртіптің нығайғандығына, билетсіз жолаушылардың азайғандығына көңіл бөле отырып, әлі де шешілмей отырған мәселелерді ортаға салды.

Мысалы, шағын стансаларда билет кассаларының болмауы – жолаушылар тасымалындағы өзекті мәселелердің бірі.

Сонымен қатар кеңес мүшесі Кеңшілік Жұмабаев Қарауылкелді секілді стансаларда пойыздардың аялдау уақытының аздығынан айналдырған бір-екі құрам келер уақытта дүрлігіс басталатындығын да еске салды.

Бұл жиынғы пойыз басшылары да қатыстырылғандықтан, жолсеріктердің мәдениеттілігі, пойыздардағы тазалық пен қызмет көрсету сапасы да назардан тыс қалған жоқ.

Жоғарыда аты аталған филиал директорының мәлімдеуінше, көштің жүре түзеліп жатқан жайы бар. Құқық қорғаушылармен бірлесе өткізіліп жатқан «Таза пойыз» акциясының да берері мол. Бір ескерерлігі, соңғы уақыттары пойызды шұғыл тоқтатуға, яғни тиісті аспапты қосу арқылы құрамды кідіртетін жайлар көбейген. Бұл, біріншіден, пойыздағы бұзақылық, техникалық ақау мен вагонға мінуге үлгермеушілер пайдасы үшін жасалатын мәжбүрлік болса керек.

Қырағылық кепілі – құрам

Әрине, Қайрат Сағатқанұлы басшылық ететін департаментте қылмыстың алдын алуға арналған шаралардың тиімділігі көптің көз алдында. Тіпті, бұл жолы арнайы шақырту алса да арнайы жиынға қатыспаған «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басшылығы полицейлердің кім үшін шыр-пыр боп жүргендігін түсіне ме екен?

Жуырда ғана еліміздің күштік құрылымдарында орын алған қызметтік ауыс-түйістерден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев полиция, прокуратура, әділет және сот органдарындағы басқарушы кадрлардың сапалық құрамын жақсарту қажеттігін, олар сыбайлас жемқорлықты жою үшін батыл қадамдар жасап, кездейсоқ адамдардан тазартылуы тиіс екендігін атап өткен еді. Соған дәлел ретінде жуырда ғана Қ. Тыныбековтің басшылығымен әскери-қызметтік тәртіпті бұзуға бейім қызметкерлердің істері қаралғандығын айтуға болады. Мысалы, Қандыағаш желілік ішкі істер бөлімінің жеті қызметкері осы тізімге ілігіп, тікелей басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері алдында ақ тер, көк терге түскендері кеше. Олардың бірсыпырасы жұмысқа кешігу, жұмысқа келмеу және ішімдікке бейімдігі үшін жауап берген болатын. Демек, қоғамдағы қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын күзететін полицейлер арасында «тазарту» жұмыстарының басталғандығы рас. Бұл – алдымен ішкі істер органының беделі, мәртебесі.

Теміржолшылармен кездесуде де полицейлер тарапынан мүлтіксіз қызмет атқарылатындығы айтылып, мүдделі тараптар күш біріктірген күнде ғана қылмыс санын азайтуға болатындығы тағы бір мәрте қайталанды.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button