Басты жаңалықтар

Балаларға тарту: 11 мектеп, 26 балабақша

Кеше біздің облыста «Бақытты бала — бақытты ел» фестивалінің ашылуы салтанатты түрде өтті. Шара барысында Балалар жылының жариялануына орай ресми түрде бастама берілді. Фестивальдің өтуіне облыстық білім басқармасы ұйытқы болды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан қатысты. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар, өңірдегі 1000-ға жуық дарынды бала жиналды.
Фестиваль аясында оқушылардың табысты жобалары мен өнертапқыштық еңбектерінің таныстырылымы ұйымдастырылды. Бұлбұл Елеусінова әр баланың жобасымен жете танысып, әр оқушының сөзін ықыласпен тыңдады.

Мерекелік шара музыкалық әуенмен әрленіп, жаңа жұлдыздың дүниеге келуі туралы көрсетіліммен басталды. Шараға жиналған балалар ғарыш әлеміне «саяхат жасап қайтты». Галактика, метеориттер, Күн жүйесіндегі ғаламшарларға «аялдап», аспан әлемінің құпиясымен танысты. Бұдан соң олар жаңа жұлдызшамен бірге Жерге қарай «зымырап», Қазақстанды «бетке алды». Әсіресе жұлдызшаның Ақтөбені таңдап, облыс орталығына «қонған» сәті әсерлі шықты. Бұдан соң сахнаға қолында жер шары (глобус) бар кішкене бала шықты. Шарада «Жат планеталықтар» қойылымы және Мұз патшалығы мен ертегі кейіпкерлерінің баланы арман жолына қарай бағыттаған көрінісі, «Болашақ — бала қолында» композициясы орындалды.
Сахналық қойылымдар барысында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова облыста Балалар жылына ресми түрде бастама беру мақсатында түймені басты. Бұдан кейін ол балаларды атаулы жылмен құттықтап, мемлекет тарапынан жас ұрпақ игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланғаны белгілі. Соған байланысты Президентіміздің тапсырмасымен қоғамның барлық ресурстары балаларды қорғау, қолдау үшін жұмылдырылып жатыр. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан шара — атаулы жыл аясындағы жұмыстың бірі. Ресми түрде бастамасы бүгін басталғанмен, Балалар жылы аясындағы жұмыстар Пезидентіміз тапсырма бергеннен бастап-ақ өткізіліп келеді.
Балалар жылы аясында өңірде көтеген игі іс атқарылады. Мысалы, 11 жаңа білім ордасы ашылады. Шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы және ауылдардағы 56 мектеп жаңартылады. Облыстың 73 мектебінде жаңа модификациялы 143 пәндік кабинет жабдықталады. Балалар тасымалы үшін 32 жаңа автобус сатып алынады. 26 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға беріледі, — деді Бұлбұл Елеусінова.
Шара барысында түрлі сайыстарда облыс намысын қорғап жүрген жас дарындар — Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның 8-сынып оқушысы Амира Сабитова мен «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Бейхан Мұқанов сөз сөйледі.
Фестивальде халықаралық «Бақытты бала» ән байқауының жеңімпаздары Назгүл Байменова мен Нарғыз Жанұзақова, ақтөбелік әнші Рахман Сатиев әннен шашу шашты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button