Жаңалықтар

Ойдағы елдің кешегісі мен бүгіні

Ақтөбе облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі Ойыл ауданына көшпелі баспасөз турын ұйымдастырды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге біз де ауданның қазіргі ахуалымен танысып қайттық.

Биыл ойылдықтар мал азығын сырттан сатып алмайды. Бірнеше жылғы құрғақшылықтан кейін қар суы тасып, тартылып, ағысы үзіліп қалған Ойыл өзені арнасынан асты. Оған Қиыл еселеп құйды. Көл табандарының бәріне су шықты. Негізгі табысы төрт түліктің төлімен толығатын ауданның өрісі көк майсаға малынып тұр.

Сапардың басы Саралжын ауылдық округінен басталды. Округ әкімі Марат Тәжіғалиев округке қарасты шаруа қожалықтарына апарып, өрісті аралатты. Асылтұқымды Еділбай қойын көбейтіп отырған «Нұр-Асыл» шаруа қожалығында қой қоздап, мал төлдету науқаны қызып жатыр. Сақманда жүрген шаруа қожалығының басшысы Аманғали Өмірғали биылғы жылдың ылғалы мол болып, қойға да, төлге де жайлы болып отырғанын айтты.

Жерде тереңдігі 1 метрден артық ылғал бар. Жылда осы уақыттарда жел кептіріп жіберетін. Көктің көтерілуі өте жақсы. Мал көкке тойынып тұр. Қыс айлары да жайлы болды. Шаруашылықта 7 адам жұмыс істейді. Бәрі де ауылдың тұрғындары. Жұмысшылар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Жалақылары —120-150 мың теңге. Қой мамыр айының ортасына дейін қоздап болады. Биыл 100 қойдан 110 қозы аламыз деп үміттеніп тұрмыз, — дейді шаруа қожалығының басшысы.

2015 жылдан бастап асылтұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылықта мыңнан аса қой бар. Еділбай тұқымына сұраныс көп. Оның аналық қойын Қостанай, Қызылорда, Атырау облыстарынан келіп сатып алады екен. Сонымен қатар облыстың, аудандағы шаруа қожалықтарына қошқар сатады. Сатылатын малдың бәрінің құжаты сай.

Аманғалидың айтуынша, өрісті тоздырмау — ортақ іс. Әсіресе ауыл маңының жайылымы таусылғанын айтады.

Қазір көктемгі ылғалдың күшімен бой көтеріп тұрған шөпті жаз ортасында төрт түлік жеп бітіреді. Ауыл маңы мал тұяғымен тапталып, шаңға айналады. Өйткені мал көп. Малдың көп болғаны жақсы, әрине. Бірақ ауылда ұстайтын мал басына шектеу қою керек. Сыйымдылық деген болады. Өріс тарылған жерде малда да, адамда да, ауылда да берекет болмайды. Бүйте берсек ауыл маңындағы топырақты эрозияға ұшыратамыз. Қазіргі жағдайды ғана емес, келешекті де ойлауымыз керек, — дейді «Нұрасыл» шаруа қожалығының басшысы Аманғали Өмірғали.

Жалпы, Ойыл ауданы Шопан атаның тұқымын көбірек өсіреді. Облыс бойынша қой санының көптігінен үшінші орында тұр.

Қазір ойылдық шаруалардың көңілі бірленді. Шаруашылығы өзен суымен байланысты болғандықтан, мол келген судың пайдасын көреміз деп қуанып отыр. Су болса, шөп бітік шығады, өріс отты болып, мал да семіріп, пұлды болады.

Екпетал суға кетпейді

Әйтсе де, ауданға судың мол келіп, өзеннің тасуы бірнеше ауылдарға қауіп төндірді. Мәселен,  Екпетал елді мекенін су басу қаупі жоғары болған. Су жер деңгейінен 57 сантиметрге дейін көтеріліп, ауыл іргесіндегі дамбыға тірелді.

Бірақ ауылға су кірген жоқ.  Дегенмен сақтық шаралары жасалып, тұрғындар эвакуацияланды.

Сәуір айының 6-9 күндері Ойыл өзені тасып, көп мөлшерде су келді. Екпетал —аудан бойынша су басу қаупі бар елді мекенге жатады. 1969 жылы ауылдың айналасына 3 шақырымнан астам дамбы салынған. Соңғы рет дамбыларға 2006 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда биыл келген су деңгейі қауіпті белгіден жоғары болды.

Сондықтан қауіптің алдын алу мақсатында әйелдер мен балалар аудан орталығына көшіріліп, ер адамдар дамбыларды су жырып кетпеуі үшін кезекпен күзетті. Қысылтаяң кезде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, бір кісідей жұмылды. Аласа жерлер биіктетіліп, құм салынған қапшықтар қойылды. Осы жұмыстарды қолдай атқарған екпеталдықтарға алғыс айтамын, — дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тимур Бақтыгереев.

Сол уақыттарда облыс орталығынан арнайы техникалар жіберіліп, 26 адамнан құралған жеке құрам келген. Екі күннен соң қауіп сейіліп, көшірілген 205 адам үйлеріне қайтқан. Бірде-бір үй зақымданбаған.

Тұрғындардың айтуынша, ең қатты тасқын 1993 жылы болған. Ол кезде де дамбының деңгейімен бірдей болған, бірақ ауылға кірмеген.

Екпетал елді мекенінің айналасындағы дамбыларға күрделі жөндеу жұмыстары  «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына енгізіп, қаражат бөлінген. Биыл жөндеу жұмыстары басталады.

Олқылықтың орны тола ма?

Былтыр күзде канадалық технологиямен жөнделген Ойыл-Көптоғай тасжолы сапасыз салынып, жолаушыларды әбігерге салған еді. Жөндеуден өткен жаңа жолдың беткі қабаты жаңбыр суынан езіліп, балшыққа айналған болатын.

Көлігімен жолда қалған тұрғындар бұл туралы әлеуметтік желілерге жазып, жол жөндеуші мердігерді қатты сынға алды. Ал мердігерлер жолды жоспарға сай салынғанын айтып, «бұл тек тәжірбиелік мақсатта жүргізілді» деп ақталды.

Көшпелі баспасөз туры барысында осы жолдың жағдайы туралы білуге тілшілер арнайы барды. Қазіргі таңда жолдың беті қырылып, тегістелген. Көліктер кедергісіз жүріп жатыр. Бірақ жаңбыр жауса, көтерме жолдың үсті мибатпаққа айналады. Осы мәселе жөнінде түсінік берген аудандық сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржау Тұрғамбеков мердігерлерді сотқа бергенін айтты.

— 2020 жылы Ойыл-Көптоғай тасжолын орташа жөндеуге конкурс жарияланған болатын. Бұл жұмысты «Жөндеу құрылыс басқармасы-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алды. Ұзындығы 21 шақырым жол құрылысының жалпы құны — 512 миллион теңге. Жол салушы мердігер орташа жөндеу жұмыстарын 2020 жылдың маусым айынан бастап қазан айына дейін жүргізген. Жол жамылғысы асфальт емес, топыраққа арнайы қоспа қосу арқылы жасалды. Жөндеу жұмыстары уақытында аяқталғанымен, көктемде жол үсті езіліп, пайдалануға жарамсыз болып шықты. Сондықтан жолды тапсыратын кезде біз сапасыз деп танып, қабылдаған жоқпыз. Одан кейін кемшіліктерді жою жөнінде талап қойдық. Бірақ осы уақытқа дейін мердігер компания кемшіліктерді жөндеген жоқ. Биылғы  ақпан айында оларды экономикалық сотқа бердік. Қазіргі таңда іс экономикалық сотта қаралып жатыр. Әлі шешімі шыққан жоқ, — дейді бөлім басшысы.

Жолға бөлінген ақша мердігерге түгел берілмеген. Әлі 55 миллион теңгедей ақша тұр.  Мердігер компания биыл жер кепкен соң жолдың үстін қырып тегістегеннен кейін «нысанды қабылдап ал» деген қатынас хат жіберген. Бірақ жұмыс қабылданған жоқ.

Мамандар: «Канадалық әдіспен жол салу ауданның климатына сай келмейді», — деген қорытынды шығарып отыр. Пилоттық жобаға қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.

Бөлім басшысының айтуынша, аудандағы көктемде су шайып кеткен жолдардың барлығы қалпына келтірілген. Биыл Ойыл-Қарой бағытындағы жолға асфальт жамылғысы төселмек. Оған республикалық, облыстық бюджеттен ақша бөлініп тұр. Жол 7 учаскеге бөлінген. Оның 5 учаскесіне қатысты конкурс жарияланған.

Көңілден шыққан кітапхана

Аудандық орталық кітапхананың ішінен коворкинг орталығы ашылғаннан кейін оқырман көбейіпті. Қазіргі таңда 2 мыңға жуық тұрақты оқырманы бар орталық кітапханаға былтыр облыстық бюджеттен 21 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткен. Ал коворкинг орталығын ашуға аудандық бюджеттен 5 миллион теңге жұмсалған. Орталық үш аймақтан тұрады. Ғимараттың іші заманауи жабдықтармен жасақталып, келушілерге жақсы жағдай жасалған. Мұнда оқушылар мен студенттер интернетті тегін пайдалана алады. Кітап оқудан басқа, шахмат, сканворд шешу, газет-журналдардың жаңа сандарымен танысатын арнайы алаң бар. Сонымен қатар теледидардан кинолар, деректі фильмдер көрсетіліп, әдеби кештер, дөңгелек үстелдер мен пікірсайыстар өткізіледі.  — Оқырман өздеріне керекті деректі тиімді пайдалана алады.

Аудан бойынша  188 мың кітап қоры болса, орталық кітапханада 40 мыңға жуық кітап бар. Орталық кітапханаға қарасты 7 модульдік кітапхана жұмыс жасайды. Оқырмандарымыз өткен жылмен салыстырғанда 300-ге көбейді. Мұнда жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ,— дейді кітапханашы Айнаш Жакина.

Көшпелі баспасөз туры аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың жыл басынан бері аудан бойынша атқарылған жұмыстары және алдағы жоспарларын таныстырумен қорытындыланды. Биыл ауданда 8 екі пәтерлі және 6 бір пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй салынады. Аудандағы 22 елді мекеннің 20-сы ауызсумен қамтылған. Қалған екі ауылға орталықтандырылған ауызсу құбырын тарту құрылысы биыл басталады.

Аудан әкімінің айтуынша,  Қаракемер, Ақшатау, Шиқұдық, Кемер, Ақкемер, Көптоғай, Аманкелді, Екпетал елді мекендерін газдандыру үшін 64,2 миллион теңге бөлініп, оған жобалау-сметалық құжаттары  дайындалып жатыр.          

Еске сала кетсек, биыл ойдағы елде тарихтың тойы көп болады. Көкжар жәрмеңкесіне — 155 жыл, ақын Шернияз Жарылғасұлының туғанына 215 жыл және  халық емшісі Сүлеймен Қарабалаұлының туғанына 115 жыл толуына арналған мәдени-көпшілік шаралар өтеді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button