Жаңалықтар

Сәуір: тынысты кеңейткен ай

Шолу

Биылғы сәуір айы расында тәуір ай болды. Отыз күн оразамыз осы тұсқа сәйкес келіп, бір-бірімізге мейірім-шапағатымызды көбейтіп, иманымызды байыта түстік.

Бесқонақта ылғал ырым жасап, алдағы береке бастауын сездіргендей болды. Судың тасуы да молшылыққа негіз қалағандай.

Оның үстіне екі жыл бойы еңсемізді көтертпеген жұқпалы дерт кейін шегініп, көңілге шуақ түсірді.     

Аудандардағы ахуал қандай?

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин бұл айда бірнеше ауданда болып, халықтың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне назар аударды.

Әйтеке би ауданында ауыл арасындағы және көшелердегі жолдарды жөндеуге көңіл бөлінуде. Сондай-ақ клуб, кітапхана, балабақша секілді әлеуметтік нысандар да жоспарға сәйкес жаңартылуда. Бүгінгі күні бұл өңірде көктемгі егіске көп көңіл бөлінуде. Диқандар бұл науқанға мол әзірлікпен келді.

Хромтау ауданында да жақсы жаңалықтар орын алуда. Құдықсайға газ жеткізіліп, ауылға баратын жол жөнделеді. Ауылдағы екі көше жарықтандырылып, 5 гектар алқапқа жасыл желек егіледі.

Байғанин және Темір аудандарына ауыл шаруашылығы мәселелеріне назар аударылуда. Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан берілетін көмек-қолдаулар жайы сөз болды.

Түркістанға жол

«Ер түріктің бесігі Түркістанға — алтын бесік Ақтөбеден» атты мәдениет күндері екі өңір арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсті.

Ауқымды шара аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері, шеберлік кластары, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының этнографиялық бұйымдар коллекциясы көрсетіліп, Түркістан халқына театрландырылған көрініс ұсынды.

«Karavansaray Turkistan» туристік кешенінде өткізген «Алтын аймақ — Ақтөбе» атты концерттік бағдарламасы көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.

Түркістандықтар үшін ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Ақтөбенің брендіне айналған Ырғыздың балығы, Ойылдың тарысы секілді басқа да өнімдер молынан ұсынылды.

«Farab» кітапханасындағы «Ақтөбе — әдебиет ордасы» атты ақын-жазушылармен әдеби кездесу де әсерлі болды.

Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртістері музыкалық «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасын сахналауы да ерекше құбылыс ретінде бағаланды.

Көктемгі егіс — береке негізі

Биыл облыс ауқымында 722,3 мың гектарға егіс салу жоспарлануда. Жалпы, егіс алқабының 52 пайызы дәнді дақылдар, 34,6 пайызы мал азықтық және 11,8 пайызы майлы дақылдар, 0,9 пайызын картоп, 0,7 пайызын көкөніс және бақша дақылдары құрайды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі үлесі облыстың төрт өңіріне — Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарына тиесілі.

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қажетті көлемде минералды тыңайтқыштармен, тұқыммен, жанар-жағармаймен, техникамен және басқа да ресурстармен уақтылы қамтамасыз ету бақылауда.

Шаруалармен бүгінде 2,2 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 210,5 мың литр гербицид сатып алуға келісімшарт жасалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының 38 мың тонна тұқымы дайындалды.

Чех инвесторлары келе ме?

Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гиклдің Ақтөбе өңіріне келуі экономикалық, әлеуметтік және мәдени саладағы ынтымақтастықтың жаңа қадамдарына жол салмақшы.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы мен Чехияның тауар айналымы 8,7 миллион долларға жеткен, бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Рудольф Гикл Чехия Республикасы инвесторларының экономиканың түрлі салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыруға қызығушылық танытып отырғанын айтты. Алдағы уақытта бұл мәселелер нақты назарға алынатын болатын.

Чернобыль сабағы ұмытылмайды

1986 жылдың 26 сәуірінде Кеңестер одағы ауқымындағы Чернобыль қаласында мыңдаған адамның өмірін қиған ірі апат болды. Соның салдарынан 5 миллионнан астам адам зардап шекті. Чернобыль апатының зардабын жоюға 2 мың ақтөбелік қатысты, оның 200-і ортамызда.

Апатты жоюға қатысушыларға мемлекет тарапынан көмек беріліп тұрады. Оларды пәтермен қамтамасыз ету, шипажайға емделуге жолдама беру қарастырылған.

Ақтөбе қаласында Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткіш-белгі орнатылған. Апаттан зардап шеккен жауынгерлерді еске алуға арналған жиын биыл да өткізілді.

Іскер әйелдерге қолдау мол

Ақтөбе қаласындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында оқыту курсы қолға алынды.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен шараның мақсаты —қатысушыларға өзінің кәсібі үшін жаңа бағытты табу, бухгалтерлік және басқарушылық есеп-қисаптың қыр-сырын меңгеру, жалпы кәсіпкерлік дағдыларын түсіндіру.

Табысты бизнестің негізі — идея мен кадрлар болғандықтан, бизнестегі әйел адамдарға құқықтық, әкімшілік жағдайлар, қаржы құралдарын жасау жөнінде кеңінен мағлұмат алу қажет. Іскер әйелдер кеңесі жаңа идеяларды дамытуға, іс жүзінде іске асыруға көмектесуге дайын.

Бүгінге дейін әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына 80-ге жуық ақтөбелік хабарласып, оларға онлайн-режимде 200-ден астам кеңес берілген. Орталық биылдан жұмыс істейді. Бастаманы Азия Даму банкі қаржыландырады.

 Жұмыссыздықты азайту жолдары

Ақтөбеде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаюы көмекке мұқтаж адамдарды жұмысқа орналастырудың нәтижесімен байланыстырылады.

Әлеуметтік көмек алушылар арасында 81 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алушы 837 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

Облыста 2022-2025 жылдарға арналған өңірлік жұмыс орындарын құру картасы бекітілді. Биыл «Кәсіпкерлікті дамыту», «Дені сау ұлт», «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйверлері», «Орнықты экономикалық өсу», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» секілді бірнеше ұлттық жоба жүзеге асырылмақ. Осы жобалар аясында облыста 24 642 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

 Экологияны жақсартудағы жаңалықтар

 Өңірдегі ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындардың қоршаған ортаға келтіретін зиянын бақылау, осы ауқымдағы экологиялық мәселелерді шешу — күн тәртібінде тұр.

Облыстағы экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі жол картасы ауқымында 6 бағыт бойынша отыз үш іс-шараны жүзеге асыру қарастырылған. Бұл бағыттар ауа тазалығы, қалдықтар, көгалдандыру, су, жер ресурстары және экологиялық мәдениетті арттыруды қамтиды.

Қаралған іс-шаралардың алтауы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен жүзеге асырылады, тағы үшеуі кәсіпорындарға тапсырылған, өзгесі облыс әкімдігіне жүктелген.

Ақтөбе қаласындағы ауа тазалығы сапасын жақсарту үшін жергілікті бюджет қаржысына күкіртке қарсы «Ивказ» тазартқыш қондырғысы сатып алынды. Бұл — кәріздік жүйелерден бөлінетін газды ауаға жібермеу үшін қолданылатын қондырғы. Сондай-ақ «Aktobe su-energy group» АҚ қызметіне сауықтыру мақсатындағы тексеру мен бақылау жүргізу басталды. 

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button