Жаңалықтар

Ұстаз құрметіне арналған шара

Ақтөбе қаласында есту мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа баулып, жігерлендірген, тек мектептің ғана емес, облыстың  мақтанышы болған ұлағатты ұстаз ҚуанышКужениязовты еске алуға арналған турнир өтті. Шараны облыстық есту және көру қабілетінде  бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат-колледж кешені менАқтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы ұйымдастырды. Әсіресе әріптес інілері И.Жүсіпов, Қ.Оңғарбаев, М.Оңайбаевтардың үлесі зор.

Турнирдің ашылу салтанатына облыстық білім басқармасы басшысы Жолдас Батырхан және Қ.Кужениязовтың туыстары, жолдастары, жерлестері,шәкірттері қатысты.

Қ.Кужениязов2014 жылы17 сәуірде дүниеден озған еді. Сол кездегі оқу орнының басшысы Т.Бурин педагогтің елеулі еңбектерін насихаттау үшін волейболдан  еске алу турнирін өткізіп тұруға шешім қабылдаған болатын. Содан бері бұл игі істі өткізу дәстүрге айналды.

…1996 жылы Ақтөбе қаласының шет жағында орналасқан мектепке ерлі-зайыпты Кужениязовтар екі қызының бірі — Гүлзатты жетелеп келген еді.Туғаннан есту, сөйлеу мүмкіндігі шектеулі балаларға осы мектепте білім беріледі. Аталған білім шаңырағында Мәншүк Мұратқызы химия-биология, ал Қуаныш  Кужениязовденешынықтыру пәнінен сабақ берді. Қуаныш ағай оқушыларға тек денешынықтыру пәнінен ғана сабақ беріп қоймай, волейбол, жеңіл атлетика секцияларын ашып, алғашқы жаттықтырушылары болды.Төккен тердің жемісі текке кеткен жоқ. Оның ұйытқы болуымен құрылған волейбол командасы жыл сайын  Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылатын есту қабілеті бұзылған жасөспірімдер арасындағы түрлі дәрежедегі жарыстарда топ жарды. Қуаныш ағайдың арқасында мектеп мұғалімдерінен де волейбол командасы жасақталды. «Ағайдың қыздары» атанған С.Таласқалиева, Л.Айтжанова, А.Бисалиева, С.Елеуова,  А.Оразова, А.Мурзалина  сынды волейболшылар облыс көлеміндегі  бәйгелерде жүлделі орындарға ие болды.

Білікті ұстаз 2006 жылдан бастап  шәкірттері Саядил Әжібаев пен ПавелВязиковті  жеңіл атлетикадан жарысқа даярлады. Биік белестерді бағындырған осы екі шәкіртін ерекше қамқорлығына алып, олар мектеп бітіріп кеткеннен соң да байланысын үзген жоқ. Өкінішке қарай, жасындай жарқыраған екі жастың да ғұмыры келте болды. 2008 жылы кенеттен көз жұмған Саядилдің денесін Қуаныш Кужениязов Астана қаласынан өз қаражатымен алып келіп, еш жақыны жоқ жігіттің  жерлеу рәсімін әріптестердің, бітіріп кеткен шәкірттерінің көмегімен ұйымдастырып өткізген-ді. Бұлұстаздың үлкен жүрегін, әкелік қамқорлығын көрсетеді.

Қуаныш Кужениязовтың үлкен жетістікке жеткен оқушылары көп. Мысалы,Ерлан Сүйеуәлиев пен РусланОрынбасаров халықаралық деңгейдегі дүбірлі додаға — Бразилияда өтетін сурдлимпиадаға қатысуғажолдама алды. Дәл қазір олар Алматы қаласында жаттығып жатыр.

Ұлағатты ұстаз оқушыларын жетістікке жетелей жүріп, өзі де жетістіктің шыңына шықты. Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, коррекциялық ұйымның үздік педагогі, волейболдан ұлттық дәрежедегі төреші  атануы — тынымсыз еңбектің  жемісі.

Ұлағатты ұстаздың құрметіне арналған турнир тартысты өтті. Қорытындысында І орынды Ақтөбе өндірістік технологиялар және менеджмент колледжі иеленді.

Ақтөбе қаласы №2 жасөспірімдер спорт мектебі ІІ орын алды. Ал ІІІ орынды

Қобда ауданындағы Жаңаталап мектеп-балабақшасы еншіледі.

Ересектер арасында І орынға Қобда ауданындағы Астрахан орта мектебі түлектерінің командасы ие болды. ІІ орынды есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар мектеп-интернат-колледж мұғалімдерінің командасы алды. ІІІ орын да осы мекемеге, яғни аталған білім шаңырағының түлектері командасына бұйырды.

Турнир соңында жүлдегерлер марапатталды.

А.ТУБЕТБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button