Денсаулық

Тері ауруынан сақтаныңыз!

Тері аурулары жұқпалы келеді. Сондықтан да түрлі ауру тудыратын паразиттерді жұқтырып алмау үшін ең әуелі жеке гигиена талаптарын сақтап жүру қажет.

Мәселен, дерматомикоз— дерматофитсаңырауқұлақтары тудыратын аурулар тобы. Ол ересек адамдарда да, балаларда да кездеседі. Инфекция көзі — науқас  адамдар, үй жануарлары және жабайы кеміргіштер. Ол күнделікті тұрмыста қолданылатын тарақ, жөке, киім-кешек және тағы басқа заттар арқылы, кейде науқас адаммен байланыс орнатқанда, үй жануары және қаңғыбас жануарларды күту кезінде жұғуы ықтимал. Сонымен қатар адамдар сауна, жасанды су қоймасы, монша, шаштараз, спорт кешендері секілді көпшілік орындарда жеке гигиенаны сақтамағандажұқтыруы мүмкін.

Ауру алдымен терінің бұзылуы, тырнақтың сынуы, шаштың түсуі, тықырлануы түрінде байқалады. Шаштың түсуі көбіне балаларда кездеседі.

Аурудың алдын алу үшін гигиеналық тазалықты сақтау керек: өзге адамның орамалдары мен тарақтарын пайдалануға болмайды; қол, бет тазалығын сақтау үшін ылғалды сулықтар алып жүрген жөн; қаңғыиттер мен мысықтарды ұстамаған абзал, үй жануарларын үнемі ветеринарға көрсеткен дұрыс.

Тері ауруларының тағы бір жұқпалы түрі —  қышыма қотыр ауруы. Оны тарататын қоздырғыш — қышыма қотыр кенесі. Ол адамның терісіне жұққан бойда өзіне орын «қаза» бастайды. Қышыманың алғашқы белгілері: дененің кей тұсы бой бермей дуылдап қышиды, теріде түрлі түйіншектер, көпіршектер, қанды қабыршақтар байқалады.  Мұндай жағдайда уақыт оздырмай дәрігерге көріну керек. Одан сақтанудың ең басты жолы — тазалық. Біреудің киімін киюден аулақ болған жөн. Қышыма қотыры бар адамауруханаға жатпай, үйде емделген жағдайда оның төсек-орны, тұтынатын заттарын оқшаулаған жөн.Науқас тұтынатын заттардыкір жуатын ұнтақ қосылған, сақылдап қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып, жуу керек. Қышыма қотырмен күресте дәрігерге уақытында көріну де, дер кезінде тыңғылықты емделу де, науқастың тұтынған заттарындағы паразиттің көзін жою да маңызды.

Дерматомикоз, қышыма ауруларының алғашқы белгілері пайда болған кезде тез арада дерматологқа көріну керек.

 Л.НҰРМҰХАНОВА,

№1 қалалық емхананың мектеп дәрігері.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button