Спорт

Ризат пен Бекжан — чемпион

Ақтөбеде бокстан 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Ел біріншілігіне 240 бозбала қатысты.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі доданың мақсаты — жақсы нәтиже көрсеткендерді құрама командаларға іріктеп, Азия чемпионатына жіберу.
— 21-27 сәуір күндері аралығында өткен жарысқа жас боксшылар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды. Ақтөбеден қатысқандардың саны — 15. Солардың 6-уы жартылай финалға өтіп, жақсы жұдырықтасты. Атап айтсам, Ризат Тыныштық пен Бекжан Бекмұратов есімді жерлестеріміз чемпион болды. Сондай-ақ тағы 4 боксшымыз қола медальды иеленді.
Осы сәтті пайдалана отырып, сайыстың өтуіне демеушілік жасаған азаматтарға алғысымызды айта кеткім келеді, — дейді бокстан жасөспірімдер арасындағы Ақтөбе облысының аға бапкері Ғалымжан Құдайбергенов.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, соңғы жылдары Ақтөбе боксының әлсірегені рас. Ендігі мақсат — өңірде былғары қолғап шеберлерінің санын көбейту, олардың арасынан чемпиондар тәрбиелеу. Аталған ел біріншілігінің ұстанған бағыты да сол.
Айта кетейік, халықаралық дәрежедегі спортшылар бағалаған чемпионат Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында ұйымдастырылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button