Саясат

Ордалы идея, өркенді істер, өрлеу бетбұрысы!

Біз Тәуелсіздіктің 20 жылында аса мәнді азаматтық парызымызды өтей білдік: арғы-бергі ата-бабамыздың сан ұрпағы армандаған мемлекеттілігімізді нығайттық, шетін, шекарасын бекіттік. Енді біз аса мәнді жасампаздық парызымызды орындауға жұмылудамыз!

Елдегі тың идеяларды өмірге ендіріп, ел игі­лігіне айналдыру мақсатында мемлекеттік Үдемелі индуст­риял­ды-инновациялық даму бағ­дарламасын Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрлігі әзір­леді де, оны Үкімет бекітті. Бұл құжат әу бастан отан­дық өнер­кәсіпті эконо­ми­калық, тех­ни­калық және ұйымдастыру­шылық тұрғыдан толық жаң­ғыртудың, модерниза­ция­лаудың бірізді де нақты қадамдары ретінде ой­ластырылды. Оған ел басшылығы Қазақстанның терезесін әлемнің индустриялдық даму деңгейі жа­ғынан озық кеткен елдерімен неғұрлым қыс­қа уақыт ішінде теңестіру және еліміздің бәсе­келестікке төтеп беру қабілетін күшейту мис­сиясын жүктеп отыр. Барыс жылы бұл страте­гия­лық бағдар­ламаның бірінші жылы қоры­тындыланғаны мәлім. «Ізашар» жылдың нәтижелері жақсы, ол Қазақ елінің бұл қа­дамының құтты болғандығын айтуға, әрі осынау ұлттық жо­баның жемісі мен жетістігі мол болатындығы жөнінде байлам жасауға мүмкін­дік береді.
Бізде Тәуелсіздігімізді баян­ды, ал елімізді әлемдік қуатты мемлекетке айналдыруға мүмкін­ші­ліктің бәрі бар: жеріміз – бай­тақ, қойнауы – бай, мемлекетіміз – іргелі, халқымыз – тұтас, кез кел­ген асуды алуға, қандай биік­тікті де бағындыруға әлеуеті, қа­білеті жетеді. Ел болашағы, тәуел­сіздік тағдыры өзінің тір­лігіне байланысты болатындығын халық жақсы түсініп отыр. Сондықтан Үкімет дәуір тыны­сын, ел тілегін, мемлекет бо­ла­шағын ескеретін осынау ұлы жо­баны қуаттап, оның айна­ласында жұ­мылуда.
Осы орайда «Бұл бағдарлама қарапайым азаматтарға қандай пайда бермек?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Ең алдымен, бұл – бастау алған онжылдық­тық­та Қазақ елінің тұрақты әрі тең­герімді түрде өрге басуы үшін жағдай жасайды. Үкіметтің мәлімдеуінше, қазақстандықтар соның арқасында үнемі құрық­талып ұсталатын әрі болжауға көнетін инфляция жағдайында, сондай-ақ жұмыспен қамту жөнінен елеулі қиындық бол­майтын, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінің қар­қыны артатын жағдайда өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізеді. Басқаша айтқанда, ел эко­но­микасы «тосын қылық таныт­пай­­тын», алдын ала болжауға ке­­­летін, салмақты сипатқа ие бо­лады. Тәуелсіздіктің алғашқы жы­лдарындағы «тар жол, тайғақ ке­шуді» бастан кешкен, инф­ля­цияның күн сайын «басқа шауып, төс­ке өрлегенін» көрген, кәсі­по­рындардың ертеңгі күні не бо­лып, дүкен сөрелерінде қандай өнім қашан пайда боларын біл­мей дағдарған шақ әлі жадынан өшірілмеген құсқанат көңілді халқымыз жүйелі өрлеу жолына түскен экономиканың қандай игілік екендігін жақсы түсінеді. Қарапайым қазақстандықтар дағдарыстың жаңа толқынынан үрейленбей, өз өмірін бірнеше онжылдыққа жоспарлау мүм­кін­дігі туады.
Экономикалық тұрақтылық­тың дау тудырмас тағы бір пай­дасы бар, ол – қоғам үшін табыс­ты шығармашылық жұмыс жа­сауға жағдай туғызатындығы! Мемлекет ұсынатын экономи­калық ынталандырулар елдің әрбір азаматына Жаңа индуст­рияландыруға атсалыса отырып, өзіне де, Отанға да пайда келтіру­ге, сөйтіп, өз қабілеттері мен да­рындарын толық іске асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, «бәсекелестіктің ұштағаны» – елдің, азаматтардың жеке ба­сының және отандық кәсі­по­рындардың бәсекелестікке қа­білеттілігін арттыру міндеті жүзеге асырылады, қазақстан­дықтардың күнделікті жұмысына инновациялық ізденіс сипаты енеді. Бұл әрқайсымыз мақтан тұтар «қазақстандық брендті» – тек өз елімізде өнді­ріл­ген, «Қа­зақ­станда жасалған» таң­балы, әлем­дік нарықта керемет сұра­нысқа ие, бірегей өнімдер тобын қа­лыптастыруға мүмкіндік бе­ре­ді!
Бұл мақсаттарға мемлекет тұ­тастай алғанда, ұлттық эконо­миканы және жеке алғандағы өнеркәсіп секторын үдемелі түрде әртараптандыру (дивер­сификациялау) мен оның бә­секеге қабілеттілігін арттыру есе­бінен қол жеткізуге ниетті. Енді белгіленген биік межеге же­тіп, сол тұғырға табан тіреуіміз үшін біз қуатты секіріс жасауға, со­сын бірінші кезекте, ин­но­вациялар мен жаңа техно­ло­гияларды енгізу арқылы жедел­детілген қарқынмен жаңа ин­­дус­триялды экономиканы құрамыз. Түйіндей айтқанда, Үдемелі индустриялды-инно­вациялық даму бағдарла­масы – еліміздің осы онжылдықтағы Даму стратегиясын жүзеге асыру­дың бірінші кезеңі, алғашқы бес­жылдық индустриялдық жос­пары болып табылады. осы күндері іс­теп жатқан ізгі де ірі істеріміздің бар­лығы – Қазақ елінің болашақ да­муының бастауы. Бұл – даму бет­бұрысы!
Тарих таяздықты көтермейді
Тарихи істер таяздықты, үс­тірт қарауды көтермейді. Басталар істің, іске асырылар идеяның, жа­салар қадамның әуелі та­би­ғатын түсініп, тамыр жаяр өзегін тауып, оның шаралары мен жобалары ішінен жаңа заманның һәм нарықтың ырқына көнетін­дерін, бәсекелестікте өнетіндерін іріктеп, өзгелерден бөлек шоғыр­ландырса, бұл істің өркенді өрісі ашылмақ. Қазақ елі Жаңа ин­дустрия­ландыру саясатын іске асыруға үлкен жауапкершілікпен келді. Бұл бағытта Үкімет үлкен іс тын­дырды. Тіпті ҮИИД бағ­дарла­масының жобасын әзірлеу ке­зеңінде-ақ Үкімет өзінің бо­­­­лашақтағы іс-қимылдарын жос­парлауға бос қиялға ұрынбай, есті көзқараспен, арқа сүйер нақты негізбенен келді. Бағдар­ламаның өзегіне аса салмақты сараптамалық зерттеулер өрілген! Бір топ сарапшылар (оның ішінде шетелдік эксперттер де бар) бұған дейінгі барлық стратегияларды сыни талдауға ұшыратқан да, олардағы қандай шаралардың іс­ке жарағандығын, ал қай­сы­ларының неліктен жарамсыз болғанын егжей-тегжейлі талдап, байыбына барған. Бұл жерде отандық ірі және орта кәсіпорын­дардағы орын алып отырған нақ­ты жағдай, дағдарыстың кәсі­по­рындар экономикасына ықпал ету деңгейі, қазақстандық кәсі­порындардың әлеуеті мен даму перспективасы зерттелгендігі бел­гілі болды. Бұл ретте Үкімет Индустрияландыру бағдарла­масын әзірлеу үдерісі мейлінше ашық және айқын болғандығын нықтайды. Осы мақсатта Үй­лес­тіру кеңесі құрылып, онда билік бизнес-қауым өкілдерімен алқа құрып, негізгі шешуші мәселелер турасында ақыл қосты. Барлық өңір­лерде ондаған кездесулер мен талқылаулар өткізіліп, олар­ға кәсіпкерлердің үлкен бө­лігі тартылды. Айтылған сөз айтылған жерінде қалмай, іскер қауымның ұсыныс-тілектері құ­жатта көрініс тауып отыр. Бағ­дарлама мем­лекеттік тап­сыр­маларды ескере отырып, тағы бір өңделді, барлық орталық жә­не жергілікті орган­дардың ке­лісімі алынды, салалық қоға­м­дастық­тар, қаржы инсти­тут­тары және тағы басқа ұйымдар тара­пынан мақұлданды.
Үдемелі индустриялды-ин­новациялық даму бағдарламасын іске асырушы бас құжат – Қазақ­стан Республикасының Ин­дустрияландыру картасы, яғни ҮИИД бағдарла­масын – ст­ра­тегия десек, оны жү­зеге асыратын тактика – осы Карта, онда эко­номиканы қа­дамдап қайта құру­дың алгоритмі қарасты­рылған. Бұл маңызды так­тикалық құжат нақты ин­вес­тициялық шешім­дерді түзуге ба­ғытталған, ол сон­дай-ақ жеке­мен­шік сектор жоба­ларының жүзеге асырылуын инфра­құры­лымды дамытумен және елдің ресурстық әлеуетін арттырумен өзара байланыс­тыруды қамта­масыз етуге тиіс. Өйткені биз­несмендер онсыз да өз кәсіпо­рындарын кеңейтіп, жаңа зауыт-фабрикалар салуға ұм­тылуы мүмкін, бірақ онысы қара бас­тың қамы емес, ел мүд­десіне жауап берер іс болғаны, әрі Қа­зақ­станның технологиялық өр­леуі­не ықпал еткені абзал.

Сонымен, Индустрия және жаңа технологиялар министр­лігінің мәліметінше, Индустрия­ландыру картасына респуб­ли­калық және аумақтық деңгейдегі 294 жоба енген. Бұлардың құрылысына құйылар инвестиция ауқымын естісеңіз, таңдай қа­ғасыз: үш жүзге жуық осы жо­балардың жалпы құны – 8,1 трил­лион теңге! Оларды 207 мың жұ­мысшы салмақ. Ал бұл ны­сандар іске қосылғаннан кейін, оларда 161 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.
2010 жылдың өзінде ендігі жал­­пы сомасы 800 миллиард тең­гені құрайтын 152 жоба іске қо­сы­лды. Оларда шамамен 24 мың­ға жуық жұмыс орны ашыл­ды.
Үкіметтің сейсенбі күнгі жалпы отырысында биылғы 2011 жылы Индустрияландыру кар­тасы аясында жалпы құны 715 миллиард теңгені құрайтын 71 жоба қолданысқа беріледі. Индустрия және жаңа тех­но­логиялар бірінші вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, «оларда құрылыс кезеңінде 18,6 мың адам жұмысқа тартылады» және «кейін 18,5 мың жаңа тұрақты жұмыс орын­дары құрылады». Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына өзіндік бір тарту болғалы отырған 71 жо­баның ішінде бір төбе болып, он екі ірі жоба тұр, оларға 330 мил­лиард теңге инвестиция құйыл­ады. Бұл нысандарды 9 мыңнан астам құрылысшы салу­да. Ал кейінгі пайдалану ке­зін­де оларда 6 мыңнан астам адам ең­бек ететін болады. Ин­дустрия және жаңа технологиялар ми­нистрлігі бұл жобалардың қата­рын­да мы­наларды атады (кестеде):
Бұл жерде бір айта кетер жайт, биыл өмірге жолдама алатын, әлемдік озық технологияларға не­гізделген зауыт-фабрикалар­дың, жаңа тұрпатты инфра­құрылым нысандарының қатары 71-ден де артық болады.
Кеше Үкіметте Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрлігі осы наурыз айы түге­сілгенше, Ин­дустрияландыру кар­тасын жаңа жобалармен то­лықтыра­тын­дығын хабарлады. Бұл жерде шағын және орта биз­нестің де жоба­ларына осы құ­жаттан лайықты орын берілмек. Бүгінде министр­лікке Картаға жоба қосу туралы 303 өтінім түс­кен. Олардың 206-сы – 2011 жыл­ғы жобалар, соның ішінде 70 өті­нім ағымдағы жыл­дың 1 шіл­десіне дейін іске қо­сылатын жо­баларға қатысты.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа техно­логиялар министрі Әсет Исе­­­кешев биылғы жылы Ин­дустрияландыру картасы жо­балары бойынша инвестиция ауқымы арттырылатындығын хабарлады. «Индустрияландыру картасы бойынша жобаларды жүзеге асыруға 2009 жылы шама­мен 500 млрд теңге, ал 2010 жы­лы 800 млрд теңге тартылған, – деді Ә.Исекешев. – Ағымдағы жылы біз Индустрияландыру кар­тасы бойынша 1,5 триллион тең­ге инвестиция күтудеміз».
Ал «Самұрық-Қазына» Ұлт­тық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту жобасы бойынша тендерлік про­цедуралардың мамыр айында басталатындығын мәлім етті. Ол Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту бойынша ресейлік әріптестерімен арадағы кредиттік келісімшартқа ендігі қол қойылғандығын айтты. Өз сөзінде Қайрат Нематұлы өздері іске асырып жатқан ірі жо­б­алардың жайына жете тоқталды. «Самұрық-Қазына» басшысы­ның мәліметінше, «Жетіген-Қорғас» және «Өзен-Түрікмен­станмен арадағы мемлекеттік шекара» жаңа темір жол желілері бойынша қозғалысты биыл іске қосу жоспарланған. Жоба бойын­ша 75 миллиард теңге қаржы игеріліпті. Бұл – жобалардың жал­пы құнының 35 пайызы. Мой­нақ су электр стансасын да осы жылы ел игілігіне тапсыру көз­делген. «Қазіргі кезде ұзынды­ғы 11,5 шақырымды құрайтын деривациялық жүйе желісі то­лығымен аяқталды, – деді Қ.Ке­лім­бетов. – Бүгінгі таңда игеріл­ген қаржы 207 миллион долларды құрады. Бұл – жобаның жалпы құнының 57 пайызы». Ол сондай-ақ 2011 жылдың соңына дейін «Таман» ЖШС базасында жүк ва­гондарын шығару бойынша 2-ші және 3-ші кешендер құ­рылысы аяқталатындығын мәлім етті. Осыдан кейін бұл кәсіпорын жылына 3 мың қазақстандық вагонды шығаруды жолға қояды.
Жалпы алғанда, «Самұрық-Қазына» қоры Индустрияландыру картасына енген 7 инвестициялық жобаның құрылысын бастайды. Қайрат Келімбетов оларды са­намалап шықты, бұлар: электро­воздар шығару жобасы (осы жылдың екінші тоқсаны), «Қаз­фосфат» ЖШС-мен бірлестікте, фосфоритті концентратты өн­діретін фабриканы қайта қал­пына келтіру жобасы, Степногор­дағы күкіртқышқыл зауытын қайта қалпына келтіру жобасы, (қазіргі уақытта ол бойынша жо­балық-сметалық құжаттама әзір­ленген және мемлекеттік са­раптама қорытындысы алынған), Алматыдағы «Алма» қосалқы стан­сасының құрылысы және басқа жобалар. «Осы қосалқы стан­саны салу бойынша өткен жылдың 25 желтоқсанында Дүниежүзілік даму және қайта құру банкімен кредиттік кепіл­демелік келісімшарт жасалды» деді «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма тө­рағасы. Қ.Келімбетов сонымен бірге «Химфарм» фармацев­тикалық зауытының өндірісін кеңейту бойынша мәселені осы жобаны қаржыландыру тұрғы­сынан Қазақстанның Даму банкі пысықтап жатқандығын айтты.
Аттың басы ауылға бұрылды!
2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарлықпен бекітілген, 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялды-инно­вациялық даму жөніндегі мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру арқа­сын­да Қазақ елі 2014 жылға қарай келесідей нәти­желерге қол жет­кізуге тиіс: Қа­зақ­станның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2008 жылмен салыстыр­ғанда, шамамен 50%-ға артып, кемінде 7 триллион теңге­ге жетуі қажет. ЖІӨ құры­лы­мындағы өңдеуші өнеркәсіптің «еншісі» ең кем дегенде 12,5% деңгейіне дейін ұлғаяды. Өңдеуші өнеркә­сіптегі еңбек өнімділігін кемінде 1,5 есеге арт­тыру міндеттелген. Ал аг­роөнер­кәсіптік ке­шен­дегі еңбек өнім­ділігі 2 есеге артты­ры­лып, сала өнімділігі онда жұмыс істейтін бір адамға шақ­қанда 3000 АҚШ долларынан жо­ғары болатын деңгейге кө­теріл­еді.
Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық компа­ния­лардың тауарларды сатып алу­ларындағы қазақстандық қам­­ту үлесі – 60%-ға дейін баруға, ал жұ­мыстар мен қызметтерді сатып алуларында қазақстандық үлес 90%-ды құрайды. Қазақстандағы инно­ва­ция­лық белсенді кәсіпо­рын­­дардың үлесі барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 10%-ына дейін ұлғаяды. ҮИИД бағ­дарламасы энергиялық үнем­ділік шараларын да қамтиды, осы­ның арқасында еліміздің ЖІӨ-сінің қуат сыйым­­дылығы (кә­сіпорындар­дың энергия шы­ғыны) 2008 жылдың деңгейінен ке­мінде 10%-ға тө­мен­дейді.
Ел басшылығы бұл стратегия­лық бағдарламаны іске асырудың не­гізгі салмағы өңірлерге көшірі­летіндігін жариялады. Нәтиже­сін­де, осы ұлттық жобаны іске асырудан ауыл-аймақ көркейіп шы­ғуға тиіс. Осылайша, қалталы азаматтар халыққа пайдасы тиетін жобалардан бастап, қазақ түлеп ұшқан туған жердің әл-ау­қа­тын жақсартуға, оның инф­рақұрылымын жаңар­туға атса­лысады. Енді ат­тың басы ауылға бұ­рылды. Тұр­мысы түзелер ауыл­дың білім-ғы­лы­мының, меди­ци­насының, өнері­нің өрісін ұл­ғай­туды мемле­кет өз мойнына ал­ды.
Негізгі екпіннің аймақтарға түсірілуімен бірге, барлық дең­гей­дегі жергілікті атқарушы о­р­гандардың жұмысын бағалаудың өлшем-критерийлері де өзгерді. Еңбек өнімділігі, тартылған тіке­лей инвестициялар көлемі, шикі­заттық емес экспорттың артуы, инновациялық белсенді кәсіпо­рындардың үлесі және жаңадан ашылған жоғары өнімділікті жұмыс орындарының саны – міне, бұдан былай жергілікті би­ліктің жұмысының басты көр­сеткіштері осылар болмақ!
Үдемелі даму үшін ба­са назар аударылар жеті басым бағыт жарияланды. Бұлар: аг­роөнер­кә­сіптік кешенді дамыту, металлур­гия, мұнай өндірісі, энер­гетика, химия және фар­маце­втика, құ­рылыс индуст­рия­сы, көлік және ақпараттық ком­му­никациялар. Бұдан басқа, ҮИИД бағдарла­масын талқылау ба­рысында Индустрия және даму ми­нистрлігі өз тарапынан тағы бес бағытты – машина жасау, уран өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, туризм және ғарыш зерттеулерін ұсынды. Келешекте бұл тізім кеңейеді, бірақ ол үшін басым ба­ғыт мәртебесін иеленуден үміт­ті басқа салаларда да жаңа, жо­ғары өнімділікті және экспортқа бағыт­талған кәсіпорындар пайда болады.

Айхан ШӘРIП.

«Айқын» газеті, 3 наурыз 2011 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button