Спорт

Жетілікке іліктірген жеңіс

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Мақтаарал» — 1:0

22-23 сәуір күндері 7-тур кездесулері өтті.

Көш басында келе жатқан «Каспий» сырт алаңда ойсырай ұтылды. 3-орында тұрған «Тобыл» да жеңілуге мәжбүр болды. «Қайрат» өз алаңында бармақ тістеп қалды. «Тұран» қарсыластар қақпасына алғаш рет гол өткізді.

Алты турда 47 кездесу өткізіліп, 93 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 1,98 голдан өткізілді.

*   *   *

Өз алаңымызда өткен кездесуде әзер жеңіске жеттік. Мығым футболшыларды жинап алған «Ақтөбе», жанкүйерлердің болжамы бойынша, көш соңында келе жатқан «Мақтааралды» оңай жеңуге тиіс сияқты болған. Олай болмады. Үш ұпайға әзер тұяқ іліктірдік. Тіпті ойын басталар-басталмастан мақтааралдық футболшы қауіпті соққы жасап, қақпамыз Стас Покатиловтың қырағылығының арқасында ғана аман қалды. Әрине, ақтөбеліктер де шабуылдар ұйымдастырды. Дегенмен тапқыр тактикасыз құр жүгіріс нәтиже бермей қойды. Тіпті гол соғуға болатын аса қолайлы сәттерді Жерар Гоу мен Дмитрий Шомко пайдалана да алмай діңкеледі.

Екінші таймда жерлестеріміз шегінерге жер қалмағанын анық түйсінді. 60-минуттың шамасында Артурас Жулпа гол да соқты. Дегенмен бұл голды VAR есепке алмады. Ал одан соң, 67-минутта соғылған голға ешкімнің дауы болмады. Сол қанаттан әуелі Уго Видемонт, сосын Дмитрий Шомко арқылы алдына келе қалған допты қақпа алдына жетіп келген Никита Маляров тоқтатпастан сол аяқпен теуіп, Сергей Литовченконы қапы қалдырды — 1:0.

Ойын осы есеппен аяқталды. Бірақ жеңіс күмәнсіз болғанымен, көңілдерде «Ақтөбе» мына күйімен биыл біз күткендей табысқа жете алар ма екен деген күмән қалды.

«Ақтөбе»-«Мақтаарал» — 1:0

Гол авторы: Никита Маляров, 67-минут (1:0).

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол.

Жерлестеріміз 7 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.  Ұпай саны — 11. Доп айырмашылығы — 7:7.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қайрат»-«Тұран» — 0:1

«Шахтер»-«Ақжайық» — 0:1

«Ақсу»-«Тараз» — 1:2

«Астана»-«Каспий» — 4:0

«Ордабасы»-«Қызылжар» — 3:1

«Атырау»-«Тобыл» — 2:1

*   *   *

Жеті турдан соң көш басында 13 ұпаймен «Каспий» тұр.

2-3 орындарға 12 ұпайдан жинаған «Астана» мен «Қайрат» орналасты.

4-7 орындардағы төрт команда 11 ұпайдан жинады: «Ордабасы», «Тобыл», «Тараз», «Ақтөбе».

8-10 орын иелері — 10 ұпайдан жинаған «Шахтер», «Атырау», «Ақжайық».

11-12 орындарға 6 ұпайы бар «Тұран» мен 5 ұпайы бар «Қызылжар» орнықты.

13-14 орындардағы «Ақсу» мен «Мақтаарал» 4 ұпайдан жинады.

*   *   *

8-тур ойындары 26-27 сәуір күндері өтеді:

26 сәуір, сейсенбі

«Тобыл» — «Астана»

«Ордабасы» — «Қайрат»

27 сәуір, сәрсенбі

«Қызылжар» — «Мақтаарал»

«ТАРАЗ» — «АҚТӨБЕ»

«Тұран» — «Атырау»

«Ақжайық» — «Ақсу»

«Каспий» — «Шахтер»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button