Рухани жаңғыру

Көне кесене сақталады

Боз жусанды қазақ сахарасы елге тұтқа тұлғаларға, жұртқа қорған билер мен баһадүр-батырларға, Алаштың туын тік ұстаған азаматтарға кенде болмаған. Олардың есімі тарих сахнасында сараланып тұр. Тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулер талай есімді ел жадында жаңғыртып,  бүгінгі ұрпақты дегдар бабалардың қаншасымен қайта қауыштырды?

Жалпы, тұлға, тұлғаны тану, оны дәріптеп, елдің игілігі, елдікті нығайту жолындағы істерін насихаттау тұрғысында академик Салық Зимановтың дөп айтылған бір тұжырымды сөзі бар: «Қазаққа Құдай талай тұлғаларды берген, қазақ тек осындай тұлғаларын рәсуалап жүр» — дейді. «Рәсуа» тек ас пен ауқаттың айналасындағы ұғым емес. Бұл — мағынасы, ауқымы кең ұғым. Қазақтың бағына туған асыл перзенттерінің есімі, ерлігі, елі үшін жасаған ерен еңбегі ұмытылмауы керек. Олардың тарихтан алар орынын сараптап, соңындағы мұрасын тірнектеп жиып, зерттеп, жас ұрпаққа үлгі, өнеге етіп ұсыну — біздің парызымыз, тәуелсіздікті нығайту жолындағы керекті істің бірі.

Ақтөбе өңірінде өмір сүрген белгілі тарихи тұлғалардың бірі — Алмат Тобабергенұлы.

Ол — заманындағы істерімен елдің шежіресі мен құжаттық архивтердің бедерінен орын алған беделді тұлға. Ел аузында: «Әлекең қырға шығып айқайласа, Болады Әлім-Шөмен бір-ақ уыс» — деп сипатталған кісі.

Алмат Тобабергенұлының арғы тегі — батырлығымен мәшһүр болған Әлібекұлы Киікбай. Киікбай батыр туралы абыз жазушы Әбіш Кекілбаевтың Әбілқайыр хан заманына арнаған «Үркер» және «Елең-алаң» романдарында айтылады. Бұл шығармаларда ол Әбілқайырға демеу болып, қолдау көрсеткен тұлға, батыр ретінде суреттеледі. Өз әкесі Тобабергеннің Арынғазы ханды қолдаған ықпалды батырлардың бірі болғаны туралы дерек архив құжаттарында тұр. Құжаттардан оның Кіші жүздегі хан сайлауы тұсындағы белсенді әрекеттерін аңғарамыз.

Әйгілі Тұрмағамбет Ізтілеуов Алмат сардарға арналған жыр жолдарында:

«Ауазасы Алматтың

Жайылған жұртқа теп-тегіс.

Күркіреген күндей ед,

Дер дейсің оны кім «кеміс»?

Аржағы да атақты ер,

Алашқа болып астана,

Жегізген жұртқа май, жеміс…» — деп төгілтіп, ататегінің де мықты, бүкіл ел білетін әулеттен екенін айтып өтеді.

Алмат Тобабергенұлы 1804 жылы дүниеге келген. Жастайынан елдік істерге араласып, алғырлығын, азаматтың алды болар қабілетін танытқан. Құжаттық деректерге үңілсек, Алмат Бұқардан орыс жеріне, орыс жерінен Бұқарға қатынайтын керуендердің басшысы ретінде аталады. Сонымен қатар италиялық Петер Демезонның Бұқара сапарын ұйымдастыруына атсалысып, бірден-бір жол басшы, көмекші болғаны да тарихта қалған. Кенесары хан мен орыс шенеуніктерінің арасындағы келіссөздерді ұйымдастыруға да өз үлесін қосқан. Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжан орыс тұтқынына түскенде, оны қайтарып алу үшін болған келіссөздерге елші болып барған.  Ел аузындағы кейбір шежірелік аңыздар Кенесары хан мен Алмат сардардың  жақын адамдар, яғни бажа болғандығын айтады. Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжан ханым мен Алматтың зайыбы Бибіжан бір үйдің қыздары екен деседі. Кенесары Қасымұлын қазіргі Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылы аумағында ақ киізге көтеріп, хан сайлаған сәтте сол киіздің бір бұрышын Алматтың көтергені де ел аузындағы аңызда айтылады.

Алмат сардар 1851 жылдан бастап Орынбор губерниясындағы 54-дистанцияның бастығы болып ресми қызмет атқарған. Одан кейін 1876 жылға дейінгі аралықта 31-дистанцияның бастығы, Қожакөл болысының басқарушысы (яғни болыс лауазымы) қызметтерін атқарған. Ел-жұрт оны «жарты патша» деп атаса, патша өкіметі дворян мәртебесін берген.

Оның елге сіңірген еңбегінің үлкен бір бағыты — халықты отырықшылыққа үндеу. Әр баласы мен немересіне сол заманның озық сәулет үлгісімен шатырлы үй салдырған. Алмат сардар өмірден 1892 жылы өткен. Алмат мұсылмандық парызын өтеу жолында Меккеге қажылық сапарға да барған. Осылайша, көрші Орталық Азия елдерін, Арабия мен оған дейінгі жолдағы елдерді көріп, түрлі сәулет үлгілерімен таныс болған. Қазіргі өңіріміздегі көрнекті тарихи ескерткіштердің бірі — Алмат тамы атанған өз заманындағы үлкен кесененің құрылысын жүргізген кезде, сол тәжірибесін, көрген-түйгендерін басшылыққа алған болса керек деп шамалаймыз. Өйткені ғимараттың құрылысы ерекше, өз заманы үшін жаңашылдық болып табылатын кейбір үлгілер де қолданылған. Ғимарат құрылысын жүргізуді Алмат баласы Самұратқа тапсырған. Құрылыс жұмыстары 1886-1888 жылдар аралығында жүргізіліпті. Оған жергілікті халық шебері Жыға, сондай-ақ Хиуа мен Бұқарадан шақырылған шеберлер де қатысқан. Әбден құрылыс аяқталғаннан кейін Самұрат оны әкесіне көрсетеді. Өте әдемі шыққанына сенімді баласы: «Әке, там қалай екен?» — дегенде, Алмат сардар өзінің ризашылығын: «Сендей перзенті бар мен қандай?!» — деп жеткізген деседі.

Құрылысқа күйдірілген кірпіштің 11 түрі қолданылған. Бұл — кешенді жобалануы, архитектурасы жағынан өте сирек кездесетін ғимарат. Жалпы ауданы 154 шаршы метр болады, ал биіктігін мамандар 20 метрден кем болмаған деп болжайды. Алты бөлмесі бар. Кесененің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарындағы бөлмелері дөңгелендіріле әрі шығыңқы қаланып, өрілген. Солтүстік-батыс қабырғасының оң жақ бұрышында кіретін есік, ал оңтүстік қабырғаны бойлай аралық бөлме бар. Ол орталық дөңгелек залға апаратын, дөңестеп жабылған дәлізбен жалғасады. Осы дөңгелек залдан мүрделерді қоюға арналған 5 бөлмеге қарай аркалы ойықтар өтеді. Сыналай қаланған аркалар өте әдемі көрінеді. Құрылыс о баста Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған: өзіне және бес ұлына арналған алты бөлме бар, оларда сағана тұр. Кесене шикі кірпіштен іргетассыз тұрғызылып, екі жағынан күйдірілген кірпіштен қапталған. Оңтүстік-батыс бетінен үшке бөліп, әсемдеп қалау арқылы құрылысқа айрықша салтанаттылық берілгені байқалады. Осындай салтанат ортадағы дөңгелек бөлменің ішінен де байқалады. Алматтың күрделі композициясы мәйіт жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді. Қоршаудағы құлпытастардың бірінде 1860 жылы Алматтың үш перзенті бірдей жерленгені жазылған. Яғни Ермұрат 4 жасында, Алтын 7 жасында, Маржан 3 жасында қайтыс болған.

Құрылысты жүргізген Жыға шебер туралы да аз-кем дерек бар. Ол осы Алмат тамынан өзге Ырғыз бен Өлкейек өзендерінің аралығындағы Қаражан кесенесінің де құрылысын жүргізген.

Алмат Тобабергенұлы ұрпақтары арасынан да белгілі адамдар шықты. Мысалы, қазақтың алғашқы скрипкашысы Әлім Алмат (шын аты-жөні — Ғалымжан Әбсаламов) — Алмат сардардың шөбере ұрпағы. ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы аласапыран кезінде ол Ташкентте Өзбекстан Халық комиссары болып қызмет атқарып жүрген Темірбек Жүргеновті паналайды. Жүргенов оны Ташкенттегі музыка мектебінде оқытқан. Кейін Жүргеновпен бірге Қазақстанға келді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, ұлт аспаптары оркестрі құрамында өнер көрсеткен.

1941 жылы соғыс басталғанда әскер қатарында жүрген Ғалымжан Әбсаламов Брест маңында тұтқынға алынады. Ал соғыстан кейін Париж консерваториясын бітіріп, 1950 жылдардың басында Түркияға қоныс аударған. Осындағы Ыстанбұл симфониялық оркестрінде ширек ғасырдан астам уақыт скрипкашы болып, әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетті.

Ол 2018 жылы 101 жасында дүниеден өтіпті. ХХ ғасырда Алмат сардар ұрпақтары осылайша сан қилы тағдырды бастан кешірген.

Алмат тамы көненің көзі, дүбірлі дәуірдің куәсі ретінде өте маңызды тарихи ескерткіштердің қатарына жатады. Тарихи тақырыпта бірнеше танымал шығарма жазған белгілі қаламгер Ілияс Есенберлиннің: «Қазақтың жерінде не көп, мола көп» дейтіні де бар. Қазақ даласындағы көне бейіттердің бәрі де тарихтың бір-бір парағы іспеттес. Алайда солардың арасында Алмат тамының жөні бөлек, ол — сәулет өнерінің ерекше үлгісі ретінде де, заманында көптеген маңызды істерге араласқан, есімі ел есінде де, архивте де сақталған, әлі де зерттей түсуді қажет ететін тұлғадан қалған мұра, із ретінде де, бір өзі тарихтың бір тарауына пара-пар, аса құнды ескерткіш. Табиғат құбылыстарынан шөккен, зардап шеккен болса да, бір бөлігі бүгінге жеткен осы құнды қазынаны біз жоғалтпай, аман сақтап, ертеңгі ұрпаққа аманаттауымыз керек.

Сондықтан облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен бұл кесенені ғылыми тұрғыда консервациялау жұмыстары қолға алынғалы отыр. Ол биылғы мамыр айынан басталып, қыркүйек айына дейін жалғасады деп жоспарланған. Қазіргі таңда осыған байланысты тиісті ұйымдастыру жұмыстары аяқталды. Енді жуық арада консервация жұмыстары басталады.

Көне ескерткіш тарихты танумен қатар, елдікті нығайту үшін де керек екені күмәнсіз.  Ал консервация — сол көне мұраны сақтаудың бір әдісі. Ендеше, Алмат тамы болашақ ұрпақтарды да тарих тереңін тануға жетелеп, тамсандырып, мақтанышқа бөлей бермек.

Фархат ДОСМҰРАТОВ,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және

қорғау орталығының директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button