Басты жаңалықтарМәселе

Құрылыс материалдары қымбаттай бере ме?

Үйдің бағасы шарықтап тұр. Әсіресе жер үйдің бағасы аспандап кеткен. Жер үйдің қадірін адамдар 2 жыл қатарынан болған карантин кезінде қатты сезінді. Жағдайы жеткендер қала сыртынан жер алып, үй салуға немесе сатып алуға көшкен. Жағдайы жетпегендер  тас үйдің өзін ала алмай,пәтер жалдап жүр.Құрылыс материалдары бағасының өскендігінен тұрғын үйдің күрт қымбаттауы қайсысына да оңай тиіп тұрған жоқ.

Санкцияның салқыны

Кемінде екі бөлмелі үй алу үшін 10 миллион теңгеңіз болсын. Ал жер үй сатып алсаңызда, салсаңыз да орта есеппен 20 миллион теңге кетеді. Қазір қалада салынып жатқан тұрғын үйлердің шаршы метрі 360 мың теңгеге дейін көтерілді. Баға қанша есе көтерілсе де, жұрт құрылыс материалдарын сатып алуға мәжбүр. Оның үстіне тап қазіргі кезден бастап күзге дейін құрылыс тауарларының бағасы «құтырады».

Оларға ешкім бақылау жасай алмайды. Өйткені облысқа қажетті құрылыс материалдарының 70 пайызы сырттан келеді. Ең негізгілері Ресейден тасымалданады. Ал қазіргі таңда көрші елдің соғыс жағдайы, санкцияның салқыны бізге де тиіп отыр. Әлемдегі ең ұзын шекара— Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара. Екі елдің экономикалық байланысы біте қайнасқан, сондықтан ол жақтағы геосаяси жағдайдың күрделі әрі тұрақсыздығы әсер етпей қоймайды.

Бұрын доллардың бағасы көтерілсе, қай заттың да құны өсіп шыға келетін. Ал қазір доллардың бағамы 10 теңгеге түскенімен, тауар бағасы сол күйінде қалып қойды. Бүгінде сырттан келетін тауарлар, соның ішінде құрылыс материалдары рубльдің райына қарап тұр.

Айналасындағы елдерге есігін тарс жапқан орыстардан ағаш тасимыз. Сонымен бірге құрылысқа қажетті темірден жасалған материалдарды да солтүстіктегі көршіден көбірек алады екенбіз. Басқасын айтпағанда, осы екі тауардың құны ұшып тұр. Қай уақытта да құрылыс материалдарына сұраныс жоғары. Ерте көктемнен қара күзге дейін жұмысы тоқтамайтын жеке тұрғындардың салатын үйі бар. Оған кәсіпкерлік мақсатта салынатын нысандарды қосыңыз.

Ең төменнен бастасақ, әр ауылда кемінде 10 үй жаңаланып, екі үй салынады. Ал қаланың айналасындағы ауылдар бір-біріне қосылып болды. Қазіргі салынатын үйлердің көлемі де үлкен. Ені — 12, ұзындығы 14 метрден басталады. Бір үйдің іргетасынан бастап, қабырғасы қаланып  шатырын жапқанға дейін оншақты миллион теңге шығындайсыз. Ал ішкі құрылысына одан да көп ақша кетеді екен. Бәріміз де үйдің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып, төбесі жабылған кезде ғана үй салынып біткендей бір демаламыз. Бірақ қуануға әлі ерте. Үйіңіздің 30 пайызы ғана бітіп тұр. Қалған 70 пайыз— ішкі жұмыстары. Осыған қарап әлі қанша қаражат керек екенін өзіңіз есептей беріңіз. Әрине, бәрін бір жылда сала алмауыңыз мүмкін. Ауысқан ақшаңызды үйдің құрылысына жұмсап 2-3 жылда кіріп алсаңыз, оған да шүкір деңіз. Құрылыс материалдарының құнын 2020-2021 жылдары карантин кезіндегі шектеулер күрт өсіріп жіберді. Ал бүгінгі жағдайды бәрі біледі. Сонымен, бүгінгі күні үй салуға қажетті құрылыс материалдарының бағасын біліп көрсек…

Құм мен құн

Ақтөбе облысы ағаштан басқа құрылыс материалдарының біразын шығарады. Бірақ облысты қамтуға жетпейді. Айталық, өзімізден шығатын силикат пен экотонның бағасы көп өспеген. Дегенмен былтырғы бағамен салыстыруға келмейді.  «Лотос-Ақтөбе» мен «Көктас-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестері шығаратын кірпіштің бір данасы өткен жылы 53 теңге болса, биыл 65 теңгеден сатып аласыз. Сондай-ақ түрлі түсті қаңылтыр шатырлардың бағасы да қолжетімді. Маңғыстау облысынан келетін ұлутастардың бір данасы — 210 теңге. Бұл тастар күзге қарай арзандауы мүмкін. Қазір қымбат болуының себебі де бар. Қазіргі күні Ақтөбеге тек вагонмен әкелініп тұр.  Ал жазда кейбір аудандарға жеке камазшылар тасиды. Өйткені Атырау, Маңғыстау облыстарына шөп апарған олар қайтарында ұлутастар тиеп келеді. Сол кезде ұлутастыңбағасы түсіп кетпегенімен, тұрақтануы мүмкін.

Қазір қалада жатқан құмға дейін сатулы. Бір көлік құмның құны да қалтаны қағады. Әзірге құм карьері бір жерде ғана бар. Қаланың бәрі Қурайлыдан тасиды. Жүк көлігіне тиелген 5-7 тонна құмның бағасы — 12-15 мың теңге. Ал бір көлік қиыршық тасты 30-35 мың теңгеге әкеп береді. Құмды жүк көлігі бар жеке адамдар тасиды. Егер іздесеңіз, құм, қиыршықтас, іргетасқа салатын тастарды тиеген көліктерді Кеңес Нокин даңғылы мен Әкімжанов көшесінің қиылысынан табасыз.

Егер өз көлігіңіз болса, Қурайлыдан барып 3-4 мың теңгеге тиеп әкелуге болады. Бұрынғыдай даладан тегін тиеп алу жоқ. Карьердің басында  қоршауы,  күзетшісі бар. Кейде ол жақта тиегіш тракторлар жүреді. Оларға ақшасын беріп тиетеміз. Кейде қолмен тиеп әкеліп сатамыз. Құмға тапсырыстар көп түседі. Бағасын арзандатайық десек, еңбегіміз ақталмайды. Күн сайын жүк тиегесін көлігіміз де жиі бұзылады. Дөңгелектері шыдамайды. Дөңгелек жөндейтін орындардың қызметі мен автоқосалқы бөлшектері қымбат, — деп өз бизнесін бұлдады құм сатып тұрған бір кісі.

Табиғаттан алынатын тауардың ең қымбаты қаратопырақ екен. Бір көлігі — 25 мың теңге. Естуімізше, қала айналасында қара топырақ алатын арнайы жер жоқ. Құм сатушылардың айтуынша, бұл — құпия. Сатушылар қайдан әкеледі, қай жерден табады оны тек өздері біледі.

Темір мен ағаш арзандамайды

Қазір темірді де, ағашты да дәлдеп кесуді үйренгеніңіз жөн. Бұл екеуінің бағасы бәрін басып озып тұр. Құрылысқа көп қолданатын арматураның тоннасы былтыр 410 мың теңге болатын. Биыл 455 мың теңгеден сатылып, бағасы 109 пайызға көтерілген. Бағасының өсімімен одан кейінгі орынды бұрыштама темірлер ( угольник) алды. Қоршауға, қақпа жасауға көбірек пайдаланылатын бұл темірдің тоннасы бір жылдың ішінде 485 мың теңгеден 549 мың теңгеге өсіпті. Ал темірлердің төресі труба қадалар. Олардың тоннасы 590 мың теңгеден 729 мың теңгеге шарықтап, өсімі 239 пайызды құраған. Тұрғындар темірдің бұл түрлерін тот басуға үлгертпей, жаппай сатып алып жатыр.

Ал ағаштың жөні тіпті бөлек. Бұрын үй салатын адам ерте қамданып, қыста алып қоятын. Себебі ол кезде арзандау болады. Биылғы қыс оның да пайдасы жоқ екенін көрсетті. Баға қыста «қатып» тұрады да, жазда көтеріле береді. Тіпті қыста сатылмайды да. Азбайтын тауар өз бәсін жоғалтқан емес. Ағаш сатушылар үшін қыста сатқаннан гөрі жазда өткізген тиімді. Қыс бойы аулаларын ағашқа толтырып, құрылыстың қызған кезінде нарықтың ең жоғары бағасына сата береді. Қазіргі таңда 1 текше метр ағаштың құны — 130 000 теңге.

149 әлеуметтік нысан салынады

Әрбір үй салушы жеке тұрғынның «бас ауруын» байқап көрдік. Енді мемлекет тарапынан салынатын әлеуметтік нысандардың құрылысына  келейік. Биыл үкімет құрылысқа қаржы аяп қалмайтын секілді. Облыстағы құрылыс саласына ұлттық қордан — 20 922,0  миллион теңге, республикалық бюджеттен — 12 770,0 миллион теңге, облыстық бюджеттен 10 990,0 миллион теңге бөлінді.

Осы жылы облыс бойынша 149 әлеуметтік нысан салынбақ. Негізгілерін айтсақ, 10 денсаулық сақтау нысаны, 18 білім беру ошағы, 32 спорт алаңы және 6 жылу қазандығының құрылысы басталады. Қосымша осы 4 саланың 49 нысанын салуға жобалық-сметалық құжаттары дайындалады. Мәдениет саласы 5 жаңа ғимаратпен толығады.

Бұдан басқа 69 құрылыс нысаны салынып, 16 құрылыс нысанын салуға құжаттары жасалатын болды.

Биыл  1 миллион 200 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Құрылыс компанияларында материал тапшылығы жоқ. Қымбатшылыққа келетін болсақ, облысымызда құрылыс жүргізетін ірі мердігерлерде жарты жылдық қоры бар. Ақтөбеде 2 экотон тас, 5 силикат тас және 3 бетон жасайтын зауыт бар. Өзімізден шығатын құрылыс материалдары ең бірінші облыстың сұранысын 100 пайыз қамтып, одан кейін артығын сыртқа сатады. Бүгінде бізден шығатын құрылыс заттарын Қостанай, Нұр-Сұлтан, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары сатып алады. Қазіргі жағдайда құрылыс бұйымдары қымбат болса да жұмыс тоқтамайды, — дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button