Басты жаңалықтарЭкономика

«Еңбек» жұмыссыздықты жеңбек

«Еңбек» бағдарламасы — халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және тұрғындарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Ақтөбе қаласында 2017 жылдан бері аталған бағдарлама арқылы 17 мыңға жуық жұмыссыз екі қолға бір күрек тапқан. Егер жұмыссыз мамандығына сай қызмет таба алмаса, басқа кәсіпті игеруі үшін қайта даярлау курстарынан өтеді. Сондай-ақ кәсіп бастаймын деушілерге шағын несиелер мен қайтарымсыз гранттар да беріледі.

Грант мөлшері өсті

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, биыл 2025 жылға дейін есептелген «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға, бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған.

Өңірде жастардың жұмыспен қамтылуына да ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта түлектерге арналған «Жастар тәжірибесінің» мерзімі ұзартылып, жалақысы 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейді.

Биыл мемлекеттік қайтарымсыз грант мөлшері де 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін өсіп отыр. Бекітілген жоспарға сәйкес, грант иегерлерінің 30 пайызы жастар болуы қажет.

Бағдарлама аясында барлық белсенді шараларға өтініштер беру, жұмыссыздарды қабылдау, еңбек шартын жасау, бос жұмыс орындарын жариялау, курстан өту «Электронды еңбек биржасы» (www.enbek.kz) арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қайтарымсыз грантқа тек 6 нысаналы топ үміткер бола алады. Олар: 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақы алатындар, көпбалалы отбасылар, қандастар, қоныс аударушылар, жәрдемақы алатын мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Аталған топқа жататындар жұмыссыз болуға тиіс және қолында «Бастау-Бизнес» курсын аяқтағаны туралы сертификаты болуы керек. Мемлекеттік қайтарымсыз гранттар комиссия шешімімен беріледі, сондай-ақ қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуына мониторинг жүргізіледі.

Жыл сайын облыс аудандарында да мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант алып, кәсіпкерлікке ден қоюшылардың саны артып келеді. Осы орайда Темір ауданында өз кәсібін жүргізіп отырған азаматтармен тілдескен едік…

Тауық бағып, табыс тауып отыр

Темірлік Бөгенбай Бердіғали — мемлекеттік бағдарлама аясында 583 мың теңге көлемінде грант алып, өз ісін бастағандардың бірі. Былтыр жаздан бері жесе — ет, сатса ақша болатын үй құсын бағып, тәуір табыс көзіне айналдырып отырған жайы бар.

Бұрынғы жұмыс істеген жерінен қысқарып, екі жылдай жұмыссыз жүрген ол аудандық жұмыспен қамту бөлімі мамандарынан мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұмат алады. Одан соң «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша курс оқып алады.

— Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырмыз. Курста кәсіпкерлік негіздерін оқып, бизнес-жоба қорғап, мемлекеттік грантқа қол жеткіздім. Жобам тауық бағуға қатысты болды. Бұл бағытта бизнес-кеңесшілермен ақылдасып, жан-жақты ақпарат алдым. Содан жаз басталғанда Ақтөбеден грант қаражатына адлер тұқымды 70 тауық сатып әкелдім, — дейді Бөгенбай.

Кәсіптің көзін тапқан шаруа құстардың жемшөбін аудан орталығынан сатып алып отыр. Үй ауласынан тауық қорасына орын тауып, сайлап алған.  Құс жұмыртқасын көбейтуге арналған құрылғылар сатып алып, балапандарды қоршауға арналған тор жасаған.

Жемін уақтылы берсең, тауықтар жұмыртқалай береді. Алайда қыс айларында біршама азаяды. Тауықтың жұмыртқасы  — дәруменге бай әрі адам организміне сіңімді тағам. Нарықта жұмыртқаға сұраныс жоғары. Қазір он жұмыртқаның бағасы — 600 теңге. Қыстай бағып, көктемде 30 тауықты сойып саттық. Қалғаны балапан басып жатыр. Қорамыз тар болғандықтан, әзірге құс санын көбейте алмай отырмын. Күз бен көктемде тауықтың етін сатып, жазда орнын толтыру үшін балапан асыраймыз, — дейді ол.

Үнемі ізденісте жүретін кәсіпкер бұдан соң «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы кепілдікке мүлкін қойып, азық-түлік дүкенін ашу мақсатында қаржы алды. Бүгінде осы дүкенде күнделікті қажетті азық-түлік өнімдерімен қатар, өзі кәсіп қылып отырған тауық жұмыртқасы мен етін сатып, ауылдастарын жерігілікті таза өніммен қамтамасыз етіп отыр.

Кәсіпкер болашақта өзін басқа салада да сынап көргісі келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін грант алып, су тазартатын фильтр орнату ісін қолға алмақ.

Тігін бизнесін қолға алды

«Бастау-Бизнес» жобасы аясында 583 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болғандардың бірі темірлік Динара Асылханова үйінің бір бөлмесінен тігін ательесін ашқан. Бала күнінен анасының ою ойып, тігін тіккенін көріп өскен ол қазақтың қолөнеріне ерекше қызықты. Бүгінде тігіншілікке ден қойып, тапсырыспен қыз жасауын дайындайды.

— Денсаулығыма байланысты вахталық жұмыстан біржола қол үздім. Аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарынан «Бастау-Бизнес» жобасы туралы біліп, өз ісімді ашуды мақсат еттім. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, арнайы тігін курсын бітірдім. Себебі тігіншілікке бұрынннан жақын едім. Грант қаражатына үш тігін машинасын, басқа да қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір тапсырыс берушінің талғамына қарай құрақ құрап, көрпе-жастық тігемін. Қыз жасауына әсіресе жаз айларында сұраныс жоғары. Маталарды облыс орталығынан алып келемін. Сапасына қарай қыз жасауының орташа бағасы 150 мың теңге тұрады. Қыз жасауының бір жинағын тігу үшін кемінде 3 апта уақыт керек. Көпшілігі инстаграм парақшам арқылы біліп, тапсырыс беріп жатады, — дейді тігінші.  Динара алдағы уақытта жеке ательесін ашып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтады.

Сүйікті ісін кәсіпке айналдырды

Әйгерім Сатаева кондитер өнімдерін пісіреді. Әсіресе эксклюзивті, белгілі бір мерекеге сай дайындалатын торттары мен бәліш түрлері үлкен сұранысқа ие. «Shubar cakes» деген атаумен шығарылатын тәттілердің дәмі тіл үйіреді, әрі бағасы да қолжетімді.

Әйгерімнің негізгі мамандығы — қаржыгер. Тұрмысқа шыққаннан кейін үйде  тәттілер пісіре бастаған ол әуелгіде қызығушылықпен басталған сүйікті ісін қазір кәсіп көзіне айналдырып отыр.

— «Бастау-Бизнес» жобасы аясында берілген жарты миллион теңгеден астам қайтарымсыз грант қаражатына торт пісіруге қажетті пеш пен миксер сатып алдым. Түрлі курстарда оқып, торт пісірудің қыр-сырын меңгердім. Облыста  торт жасайтын кондитерлер өте көп, дегенмен тұтынушылардың талғамы да сан түрлі. Осы сұранысқа сай болғым келеді — сапалы шикізаттан дәмді кондитерлік бұйымдар жасауға тырысамын. Алда кәсібімді кеңейтіп, қыз-келіншектерге торт пісіруді үйрететін арнайы оқу орталығын ашқым келеді, — дейді ол.

P.S. Темір ауданы бойынша былтыр 77 адамға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант қаражаты берілген.  Олардың бірі тігін, кондитер, фотосалон орталықтарын ашса, енді бірі құс, мал шаруашылығына қатысты құрылғылар сатып алған.  

Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Лаура Қойшыбаеваның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардағы биылғы ерекшелік  —  қайтарымсыз гранттар әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға да берілмек. Олар — жұмыссыз, көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек баланы асыраушы, оралман санатындағы адамдар.   

«Биыл аудан бойынша шамамен 80 грант беру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта жобаның ресми ережелері жарияланады», — дейді бөлім маманы.

Қайтарымсыз гранттар қазіргі нарық заманында жұмыссыздардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына септігін тигізіп отыр. Ісі алға басқан кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалардың басқа да бағыттары арқылы өз кәсіптерін кеңейтуді көздейді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button