Мәдениет

«Балауса» — 5 күнге созылатын театр мерекесі  

Кеше Ақтөбеде Халықаралық «Балауса» эксперименталды спектакльдер фестивалі басталды. Осымен 5-рет өткізіліп отырған дәстүрлі өнер мерекесінде жер-жерден келген 8 театр бағы мен бабын сынамақ.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы, мәдениет саласының үздігі Жандос Еспанбетовтің айтуынша, аталған жобаны өткізудегі мақсат — театр өнерін дамытып, ұжымдар арасындағы байланысты нығайту, өзара тәжірибе алмасу.

Биылғы фестивальге Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрымен қатар,Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры (Нұр-Сұлтан), Шығыс Қазақстан облыстық «Дариға-ай» жастар театры, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры, Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры, А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры, Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық  музыкалық драма театры труппалары қатысады. Олардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек төрағалық ететін қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамында Татарстан Республикасынан келген театр сыншысыНияз Игламов,З.Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының кафедра меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Айсұлу Сагитова,Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Алақай» қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина, сондай-ақ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисовалар бар.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының ғимаратында ұйымдастырылатын фестиваль 25 сәуірге дейін жалғасады. Өнер додасы соңында труппалар «Үздік  қойылым», «Үздік  режиссерлік  жұмыс», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі», «Үздік актерлік ансамбль», «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша марапатталатын болады.

— Театрсүйер қауымды «Балауса» эксперименталды спектакльдер фестиваліне шақырамыз.Соңғы екі жылда пандемияға байланысты кейінге қалдырылған аталған шараны бәріміз көптен күттік. Өнер додасының осы жолы ерекше, жаңа леппен өтетініне сеніміміз кәміл, — дейді Жандос Еспанбетов.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button