Басты жаңалықтарМәдениет

Түркістанда Ақтөбе облысының күндері өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бес жылдығына орай «Ер түріктің бесігі Түркістанға — алтын бесік Ақтөбеден» атты мәдени керуен барды. Кезінде Қазақ хандығының астанасы болған, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған байырғы Тұран даласының тұрғындары Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бастапбарған қонақтарды зор құрметпен қарсы алды.

14-15 сәуірде Түркістанда өткен Ақтөбе облысының мәдениет күндері екі өңір арасында бұған дейін салынған алтын көпірді одан әрі нығайта түсті.

Этноауылдағы той

14 сәуір күні Түркістан қаласындағы этноауылда ақын Сабырхан Асанов жырлағандай, бұрын соңды болмаған үлкен той басталды. Тойды жасап жатқан — Ақтөбе облысы. Бұл күні киелі өлкеде халқымыздың рухани әлеуеті, қастерлі тарихы мен тағылымды өнегесі ұлықталды. Ән де айтылды, күй де тартылды, мың бұралған қызғалдақтай қыздар би де биледі. Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері, шеберлік кластары, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының этнографиялық бұйымдар коллекциясы көрсетіліп, Түркістан халқына театрландырылған көрініс ұсынды.«Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» атты фотокөрмеге келген қала тұрғындары мен қонақтары, батыс Қазақстанның ең ірі аумағындағы халық сәулеті мен тас қашау өнерінің бірегей ескерткіштерінің әр жылдарда зерттеу жұмысы барысында түсірілген суреттерін тамашалады.

 

Киелі өлкенің тұрғындарына ақтөбеліктердің арнайы сәлемін облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жеткізді.

Күллі түркі әлемінің астанасына айналған киелі Түркістанға келгенімізге  қуаныштымыз. Небір атақты бабалар жатқан, Яссауи кесенесі тұрған қасиетті мекенге тәу ету — бабадан қалған өнеге.

ХХІ ғасыр — руханият ғасыры. Екі дүние есігі болған жаңа Түркістан Ұлы Жібек жолындағы жұлдыздай жарқырап, жақсылыққа жол сілтеп тұрғандай.  Түркістанды түркітілдес халықтар өздерінің ата-бабаларының шыққан жері, атажұрты деп біледі.Ұлтымыздың арғы-бергі тарихын, жүріп өткен жолын, өркениеті мен мәдениетін сараласақ, Түркістанды іс жүзінде рухани астана, мәдени, ғылыми орталық ретінде қабылдаймыз.

Болашақ ұрпақ үшін қазақ халқының тарихы мен әдебиетінің мәдени мұраларын дәріптеу,  насихаттау мақсатындағы осындай игі шаралар оң нәтижесін берері сөзсіз. Халқымыздың тарихы – рух болса, мәдениеті – діл. Осы құндылықтардан қол үзбесек адаспасымыз анық. Еліміз аман, Тəуелсіздігіміз тұғырлы болсын! — деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәдени керуенді бастап келген ақтөбеліктерге алғысын білдіріп, құтты мекеннен келген өнерпаздарға сәттілік тіледі.

— Киелі өлкеге ат басын бұрған туристер саны күн санап артып келеді. Мәселен, тек наурыз айындағы бес күндік мереке кезінде Түркістанға 35 мың турист келді. Бүгін, міне, облыс орталығында Ақтөбе облысының мәдени күндері басталды. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бастап келген ақтөбеліктерге алғыс білдіремін, — деді ол.

Түркістан жұртымен сәлемдескен Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры, ақын Ертай Ашықбаев:

Түркістанға біз

Өзімізді өзіміз тану үшін келдік

Ақтөбеден

Барымызды беру үшін келдік,

Жоғымызды алу үшін келдік, — деп құтты мекеннен жеткен рухани-мәдени керуеннің мақсатын жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған түркістандық ақсақалдар да ыстық ықыластарын жеткізіп, тойға құтты болсын айтты.

Бұл күні оңтүстік өлкесінің тұрғындары ақ шаңқан киіз үйдің ішінде жайылған ақ дастарханнан дәм татты. Киіз үйдің алдындағы сәкіде ши тоқып, ұршықиірген әжелердің шаруасын қызықтаған балалар да көп болды. Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан барған Гүлжан Қонаева жас келіншектермен кілем тоқудың қыр-сырымен бөлісті.

Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры «Жайна көктем — жадыра, достар» атты қойылымын көрсетті. Бұл қойылымда Алдар көсе Ақтөбе қаласынан басталған  керуеннің өнерпаздарын түркістандық Тиктокерге таныстырды. Осы арқылы қонағымыз тек ақтөбеліктердің өнерімен ғана емес, қазақ халқының тұтас дүниетанымымен таныс болды.

Жүректі тербеген «Сыған серенадасы»

Қазақ вальсінің королі — Шәмшінің жүрек тебірентер әндерін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының әншілері Түркістан төрінде орындады. Ақтөбе филармониясының ұжымы алғаш рет Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында танымал ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін сахналады.

АҚТӨБЕГЕ АҚ ТІЛЕК

Райхан Қалдаяқова, композитор Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы:

— Екі күн бойы ақтөбеліктер ұсынған мәдени шаралардың куәсі болып, рухани демалып қалдық. Жалпы ақтөбеліктер де үлкен шараларына шақырып тұрады. Ақтөбеде өткен жылы Шәмші ағаға ескерткіш ашылғанда болғанмын. Бұл жолғы шаралары да жоғары деңгейде өтті. Аллам ақтөбеліктерді осындай бірлігінен, берекесінен айырмасын.

Жолдымұрат Аманбаев, зейнеткер, мемлекеттік қызмет саласының ардагері:

— Ақтөбе облысының тумасымын. Түркістанда қызмет бабымен келгенмін. Үш жылдан бері осында тұрып жатырмын. Киелі өлкеге алғаш ат басын бұрғанымда аудан орталығынан облыс орталығына айналып жатқан шағын ғана қала еді. Бұл қаланың көркеюіне Ақтөбе облысының да үлесі бар.

Туған жер қашан да ыстық. Еліміздің қай өңірінде жүрсек те туған өлкеміздің амандығын тілейміз. Бүгінде тұрғындар саны 900 мыңға жеткен Ақтөбем көркейе берсін!

Композитор, Қазақстанның халық артисі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған музыкалық спектакльге 80-нен астам артис қатысты. Атап айтсақ, қазақ камералық хоры, камералық оркестр, «Аққу» би ансамблі, классикалық музыка ансамблі, «Екі езу» сатира театрының өкілдері «Сыған серенадасында» жаңа қырынан көрінді. Ал басты кейіпкер Шәмшіні қазақ камералық хорының артисі Нұржан Қаражанов, Изольданы Әлия Бисенбиева, композитордың анасын қазақ камералық хорының артисі Гүлжахан Досаева, Алеконы классикалық музыка ансамблінің солисі Бэджо Калмыков, Баронды «Екі езу» сатира театрының артисі Бекбол Тәтебаев, Баронессаны «Екі езу» сатира театрының артисі Гүлзат Ермағамбетова, Сағынышты классикалық музыка ансамблінің солисі Лаура Таусарова өз деңгейінде сомдап шықты.Бір жарым сағатқа жуық созылған қойылымда Шәмшінің 10 шақты әні орындалды.

Ақтөбелік кәсіби әншілерден құралған шығармашылық топтың өнері түркістандық көрермендердің көңілінен шыққаны соншалық — орындарынан тік тұрып қол соқты.

Қойылымды түркістандық жұртшылықпен бірге композитордың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі де тамашалаған еді.

— Шәмші Қалдаяқов атындағы ауыл Қазақстанда тек екі облыста ғана бар. Бірі — Ақтөбе облысына қарасты Қарғалы ауданында болса, екіншісі — Түркістандағы Отырар ауданында. Ал өткен жылы Ақтөбе қаласында Шәмшіге арнап ескерткіш қойылды. Бұл — композитрге арналған жетінші ескерткіш. Қарап отырсақ, Шәмшінің дүниеден өткеніне 30 жыл болыпты. Шәмшісіз 30 жыл өмір сүріппіз. Бірақ біз оның әндерінсіз өмір сүре алмаймыз. Бүгін, міне, Шәмшіге арналған тамаша қойылымның куәсі болдық.

Қойылымда көргендеріңіз — 1968 жылы Алматы облысына қарасты Шелек ауданында болған оқиға. Мен Изольданы да іздеп тапқанмын. 1950 жылғы екен, қазір Молдавияда тұрады.

Бұл спектакльдің тұсаукесерін Ақтөбеде көргенмін. Сын-пікірлерімді де сол кезде айтқан едім. Бүгін сол олқылықтардың орнын толтырып алып келіпті. Өте жақсы қойылым болды. Шәмшітанушы ретінде барлық өнерпаздарға және осы мәдени керуенді бастап келген Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге алғыс айтамын, — деді Қалдыбек Құрманәлі.

Ал «Ән аға» фильмінде Шәмшінің есейген  шағын ойнаған актер Мейірбек Қауымбаев:

— Мен бұған дейін «Сыған серенадасы» қойылымында да, «Ән аға» фильмінде де Шәмшінің рөлін сомдап шыққам. Бүгін ақтөбелік артистердің шеберлігіне куә болдық. Қойылым маған ұнады. Адам көзіне жас алатындай тамаша спектакль болды. Ақтөбеден келген әріптестерге үлкен рақмет, — деді.

Облыстың мәдени күндерінің алғашқы күні өңірден барған әншілердің «Karavansaray Turkistan» туристік кешенінде өткізген «Алтын аймақ — Ақтөбе» атты концерттік бағдарламасымен аяқталды.

15 сәуір күні түркістандықтар үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.Экобазарда өткен жәрмеңкегеАқтөбенің брендіне айналған Ырғыздың балығы, Ойылдың тарысы секілді15 тоннадан астам жергілікті өнім қойылды.

Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан жиырмадан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін әкелді. Түркістанның тұрғындары мен қонақтары күнбағыс майын, ет, ұн, шұжық, макарон және сүт өнімдерін, консервілер, жұмыртқа, сусындарды арзан бағада сатып алуға мүмкіндік алды.

«Ақтөбе — әдебиет ордасы»

Түркістан уақыты бойынша сағат 10.00-де  «Farab» кітапханасында «Ақтөбе — әдебиет ордасы» атты ақын-жазушылармен әдеби кездесу кеші өтті. Кеш басталмас бұрын әдебиетке жаны жақын оқырман кітапхананың фойесінде қойылған кітап көрмесін тамашалуға мүмкіндік алды. Мұнда Ақтөбе өңірінен шыққан таланттардың шығармалары қойылып, келушілерге олар туралы кеңінен мәлімет берілді.

Ал түркістандықтарға кітапханада қойылған «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» атты фотокөрмесін өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай түсіндіріп берді. Көрме негізін тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғалидің басшылығымен 1979-2010 жылдары облыс аумағында көптеген дала экспедициялары кезінде түсірілген суреттер құрайды.

Ақтөбеден барған ақын-жазушылармен кездесу кеші кітапхананың концерт залында өтті. Тағылымды кездесуге жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова құттықтап, кештің маңызын атап өтті. Әдеби кешті Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір жүргізді.

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаевкөрермендерге Ақтөбе топырағынан шыққан қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушыларды жеке-жеке таныстырып, шығармаларына шолу жасады. Түркістандық жұртшылық  қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Бәкір Тәжібаев, Жиенғали Тілепбергенов,Тахауи Ахтанов, Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқамбетқалиев, сондай-ақ белгілі сатирик Үмбетбай Уайдиннің  өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен мәлімет алды.

— Қуандық Шаңғытбаевтың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Соның бірі және бірегейі деп оңтүстік топырағынан шыққан Нармахан Бегалиевті айта аламыз. Нармахан ағамыздың өлеңдері өзінің нәзіктігімен, көркемдігімен адамды ұйытады. Өздеріңіз білетіндей, Қуандықтың бір ерекшелігі — қазақтың әдебиетіне жаңа, тың сөздер қосты. Осы қасиет Нармахан шығармаларында да бар. Бұл туралы  кеңінен «Нармахан нақыштары» деген мақаламда да айтқан болатынмын, — деген Ертай Ашықбаев алдыңғы буын ағаларға әдебиет баспалдағын жасап бергендері үшін рақметін айтты.

Ал Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин:

Бір кездері батыр бабаларымыз қасиетті Түркістан жеріне ел қорғауға күн-түн қатып, ат үстінде жүріп жеткен еді. Біз бүгін елдігімізді паш етуге, бар қазақтың — бір бауыр, бір ауыл екенін білдіруге келіп жатырмыз. Түркістанда — Қожа-Ахмет, Маңғыстауда — пір Бекет, Ақтөбеде — ер Есет бабаларымыздың рухтары бәріңізді қолдап жүрсін! — деп жылы лебізін білдірді.

Шара барысында түркістандық оқушылар мен студенттер ақтөбелік қаламгерлердің шығармаларын мәнерлеп жатқа оқыды.

Айтпақшы, дәл сол күні «Farab» кітапханасында Ақтөбе облыстық планетарийі келушілерге оңтайлы сандық толық күмбезді бағдарламасын ұсынды. Оны көруге келген балалар аспан әлеміне саяхат жасады. Сондай-ақ астрономиялық кітаптар мен құралдардың, ғарыштық тағамдардың және Жаманшың метеориттік кратерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Серік Әбдіжәми, қоғам белсендісі:

— Түркістан қаласына облыс орталығы болғалы бірінші рет келуім. Ілкіде бір рет келгенмін. Ол кезде студентпін, одан кейін марқұм Кемейдолла атаммен бір рет соқтым. Ол сапарымызда Тілеу батыр мен баласы Жолдыаяққа Шымкент қаласында ескерткіш қою мәселесімен келген едік. Ол батырлардың асыл сүйектері осы Яссауи бабамыздың кесенесінің ішінде жерленген. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент болғандықтан, Кемейдолла атам батырлардың ескерткішінің Шымкенттен бой көтергенін қалады және солай болды. Атам: «Екі Төлеубаев болып атамызға қызмет етіп жүрміз» деп, менің көңілімді көтеріп қоятын.

Барлық ойға алынған іс-шаралар ойдағыдай толық орындалып, нәтижесі біз күткеннен де жоғары дәрежеде ғажап өтті. Бұл жерде басты еңбек — өнерпаздардікі. Сол үшін ақтөбелік өнерлі жандардың барлығына алғысымды білдіремін.

Түркістан  адам танымастай құлпырған. Абаттандырылуы мен сәулеттендірілуі өте ғажап. Ауарайының өзі адам жанына керемет жылу сыйлап тұрады. Бабаның рухы оянып, ұрпағына сәуле шашып тұрғандай әсерде болдым.

«Ер Едіге» — Түркістан сахнасында

15 сәуір күні Кешқұрым Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының  артистері Түркістан музыкалық драма театрында «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасын сахналады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған көрермендермен бірге қойылымды облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ақын, пьеса авторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері де тамашалады.

Светқали Нұржанның пьесасы негізінде қойылған спектакльде, есімі аңызға айналған қолбасшы әрі батыр Едіге туралы баяндалады. Бұл қойылымды елімізде алғаш рет Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театр артистері сахналағанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ қойылымда  Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері де өнер көрсетеді.Қоюшы режиссері —Халықаралық фестивальдердің лауреаты, көпшіліккетеатр және кино актері ретінде белгілі Данияр Базарқұлов. Спектальге актерлер мен филармония артистерін қосқанда барлығы 60-қа жуық адам қатысты. Бастан-аяқ музыкалық аспаптармен сүйемелденіп, музыка жанды дауыста ойнап тұрды.

Шара соңында сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин түркістандықтарға жүрекжарды лебізін білдіріп, Ақтөбе жұртының атынан ризашылығын жеткізді.

— Аты ежелден аңызға айналған Түркістан өңірі қайта түлеген сәтте ел болып асарлатқаны белгілі. Сол кезеңде әр өңір қаланың дамуына өз үлесін қосты. Ақтөбеліктер де бұл бастамаға қосылып, осы әсем ғимараттың бой көтеріп, қаланың көркін арттырып, тұрғындардың рухани өміріне серпіліс беруіне атсалысты. Бүгін күллі түркі дүниесінің кіндігі байланған киелі Түркістан топырағына келіп, өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Екі күн бойы өткен Ақтөбе облысының Түркістан қаласындағы мәдени күндері көңілдеріңізден шықты деп ойлаймын. Бүгінгі қорытындылау сәтінде баршаңызға Ақтөбе жұртының атынан алғысымды білдіре отырып, елімізге тыныштық, халқымызға амандық, бақ пен береке тілеймін, — деген Оңдасын Оразалин қойылымның басты кейіпкері Ер Едігенің бейнесі қай заманға да үлгі екендігін айтты.

Жаңа ғана өздеріңіз тамашалаған қойылым тарихи танымдық оқиғалар желісімен қатар, заманауи сұранысқа сай көркемдік образдармен бейнеленген. Жаңа буынның талғамына сай жаңашылдыққа басымдық берілген. Қойылым соңындағы көктен шашылған 750 дана түрлі түсті шар Алтын Орда дәуірінің жеті жүз елу жылдығының символы іспетті. Олардың әртүрлі түске боялуы да, сол заманның қилы кезеңдерді бастан кешкендігінің айғағы. Түрлі ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп, біртұтас ел болғанша талай  ауыртпашылықтарды бастан өткізгендігінің белгісі.  Оқиға желісімен бейнеленген әрбір тарихи тұлғаның, Тоқтамыс ханның, Әмір Темірдің образы да, сол өздері билеген елдің мүддесі үшін күрескендігінің  көрінісі.  Өйткені, қай заманда да тақ иесі, қарамағындағы елдің қамын ойлаушы тұлға. Сол елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаушы. Болмысы біздің көңілімізден шықса да, шықпаса да, тарихи шындыққа ұласып, бүгінгі күнгі оқиғалардың  да астарлы тұстары үйлесім тапқан. Осы қойылымның алдағы күндері өрісі кеңейіп, түбі бір түркі елдеріне де берер тағылымы мол болары сөзсіз.   Өйткені, жоғымызды іздеп, табылғанына таңба басып, тарих қойнауына тапсыру — азаматтық парызымыз, — деді.

Жаңа қойылымды түркістандық көрермен жылы қабылдады. Спектакль біткеннен кейін орындарынан тұрып, артистерге ұзақ қошемет көрсетті.

— Қойылымның алғаш рет өзге облыста күндердің сұлтаны —  жұма, айлардың сұлтаны — рамазан айында, Әулиелердің сұлтаны — Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың қадамында қойылып жатқанының өзі тегін емес. Шын мәнінде, мұндағы кейіпкерлердің барлығы күллі адамзат өркениетіне үлкен қозғалыстар, жаңалықтар, өзгерістер әкелген киелі тұлғалар. Соны барымша жеткіздім деп ойлаймын. Тарихтың ашылмаған парақтарын ашуға да тырыстым.

Қойылымда қоюшы режиссер Данияр Базарқұловтың шешімімен көптеген нәрселер жаңаша берілді. Мен әуелден-ақ Даниярға сендім, ол менің сол сенімімді ақтап шықты, — деді автор Светқали Нұржан.

Пьесадан шыққан көрермендердің бірі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Саринаның пікірін білген едік.

— Түркістанға қонақ болып келгенмін. Бүгін тамаша қойылымның куәсі болдық. Екі өңір арасындағы, ағайын арасындағы сыйластықты көрдік. Бұл — өскелең ұрпақ үшін үлкен тәрбие. Осы сыйластық ұзағынан болсын. Ал мынандай тамаша қойылым еліміздің өзге облысында тұратын тұрғындарға да ұсынылса керемет болар еді, — деді.

Кеш соңында өнер ұжымына екі облыс басшыларының атынан ықылас гүлдері ұсынылды.

Екі күнге созылған мәдени шаралар Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» сарайында өңірімізден шыққан танымал суретшілердің туындыларынан жасақталған көрме мен «Сәлем, Түркістан!» атты гала-концертпен аяқталды.Концерт барысында классикалық, дәстүрлі ән, күймен қатар, классикалық әншілер шеруі, «Саз» балалар студиясының орындауында «Ақтөбе — алтын бесігім» мюзиклі және ақын Ә.Асылбековтің өлеңіне жазылған композитор  Б.Оралұлының  киелі жерге арналған ән шашуы — «Түркістан маршы» алғаш рет орындалды.

P.S Түркістанға жасаған рухани керуен аясында ақтөбеліктер Арыстан баб кесенесіне, әйгілі Отырар қамалына барды.Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып тәу етті. Жаңарған облыс орталығының тыныс-тіршілігімен танысты.

Бүгінде күн сайын емес, сағат сайын жасарып, жаңарып келе жатқан күллі түркі әлемінің астанасына айналған киелі Түркістанға жасаған бұл сапардың қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келгендігін ақтөбеліктер жақсылыққа балады. Жасай бер, жаңара бер, Ер түріктің бесігі болған, екі дүниенің есігі болған, киелі-құт мекен — Түркістан!

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Ақтөбе-Түркістан-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button