Мәдениет

Кітапханашы және оның сүйікті оқырманы

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Ләтипа Досмырзаева — өз ісінің нағыз шебері.

Еңбек жолын Ырғыз ауданының орталық кітапханасынан бастаған кітапханашының осы салада еңбек еткеніне 37 жылдан асыпты. Соңғы 22 жылдан бері Ақтөбедегі облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада жұмыс істеп келе жатқан ол:

— Бала кезімнен кітапханашы болуды армандадым. Өйткені қаршадайымнан көркем әдебиетке жақын боп өстім. Әлі күнге дейін қазақ классиктерінің шығармаларын қайталап оқығанды жаным сүйеді. Себебі бір кітапты бірнеше рет оқыған сайын тереңірек түсінесің, басқаша қабылдайсың. Адамның ой-өрісінің дамуына бұның пайдасы мол, — дейді Ләтипа Қуандыққызы.

Кітап қорын сақтау бөлімінде қызмет ететін маман әр еңбекті көзінің қарашығындай сақтап, ерекше ұқыптылықпен қарайтынын айтады. Аталған бөлімнің қорында 120 мың кітап болса, оның 650-ге жуығы — сирек басылымдар екен. Айталық, 1897 жылы шығарылған энциклопедиялар, 1947 жылы баспа бетін көрген қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың шығармалар жинағы — құнды кітаптардың қатарында. Көне, құнды кітаптардың күтімі де ерекше болады.

Оның айтуынша, кітапханаға күн сайын келетін оқырманның саны көп. Олардың жас ерекшелігі де әртүрлі. Сондықтан мәдениет қызметкері «қазір кітап оқитындар аз» деген пікірге үзілді-кесілді қарсы.

— Мен үшін қызметімнің қызығы — оқырмандардың іздеген кітабын тауып беріп, олардың алғысын алу, бір адамның болса да таным көкжиегінің артуына үлес қосу. Ал қиыны сол —  біз ескі кітаптармен, газеттермен көп жұмыс істегендіктен, шаң-тозаңның денсаулыққа кері әсерін тигізетіні рас. Бірақ өз мамандығымды жақсы көремін. Алмат Хайдаров, Арман Ержанов, Мейрам Дүйсенғали сынды тұрақты келіп тұратын, сүйікті оқырмандарым бар. Жалпы, осы кітапхананың арқасында көптеген дос таптым, жақсы адамдармен таныстым, — дейді кітапханашы.

Жаңа технологияларды игеруге дәйім құштар Ләтипа Досмырзаеваның ұзақ жылдан бергі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше рет құзырлы органдар басшыларының Алғыс хатымен, Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасы және «Қазақстандық кітапханалық одақ» Заңды тұлғалар бірлестігі атынан «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен  марапатталған. Дей тұрғанмен кейіпкеріміз үшін кітап іздеп келген қауымның ризашылығына бөлену бәрінен де бағалы.

Өз ісіне жауапты, көпшіл, ылғи жайдары жүретін кітапханашы кейінгі толқынға әрдайым ақыл-кеңесін айтып, балалардың көркем әдебиетке ықыласын арттыруға бейіл.

— Жас кітапханашыларға айтарым: кітапханаға келген әр оқырманды жылы жүзбен қарсы алып, олармен жақсы қарым-қатынас орнату керек. Кітапханашы оқырманмен дос болуы керек. Ал балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін, меніңше,  түрлі іс-шаралар, байқауларды көптеп ұйымдастыру қажет. Балаларға арналған кітаптардың бояуы қанық, тілі түсінікті, дизайны ерекше болғаны да дұрыс,  — деп сөзін түйіндеді өз ісінің майталманы.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button