Мәдениет

Мұғалжардың халықтық театры

Мұғалжар аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық театр — өз көрермені қалыптасқан, репертуары бай, жетістіктері көп өнер ұжымы. 20 жылдан астам уақыттан бері көрерменіне түрлі қойылымдар ұсынып келе жатқан труппа өзге аудандарға да гастрольдік сапармен жиі шығып тұрады.

2001 жылдың ақпан айында М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклімен шымылдығын ашқан өнер ұжымы әу баста әуесқой театр болғанмен, жылдар өте келе шеберлігін шыңдап, «халықтық» деген атаққа ие болды. Бұған ұжымның талай байқауға қатысып, Әшірбек Сығай, Ахметжан Қадыров секілді белгілі театр сыншыларының жақсы бағасын алғаннан кейін жеткенін айта кету керек.

— Өңірімізде «халықтық» атағы бар театрлар соншалықты көп емес. Сол саусақпен санарлықтай ұжымдардың бірі — біздің труппа. Шағын ұжым болғанмен, шүкір, алған асуларымыз аз емес. Мәселен, «Театр — өнердің ұлы көші» атты дәстүрлі облыстық фестивальде бірнеше рет жеңімпаз атандық. Осындай өнер мерекелерінде актерлеріміз, режиссерлеріміз бен суретшілеріміз талай рет үздік шықты.

Халықтық театрдың тарихы туралы айтқанда, оның іргетасын қалаған артистер Ғалияш Жанесова, Рая Медетбаева, Балқия Құлыбаева, Гүлнар Жаңабергенова, Ғалия Жұбаниязова, Ерболат Дүзмағамбетов, Ерлан Сейсенбаев, Амангелді Жұмабаев, Жанболат Смағұлов, Жанболат Емжаров, Жаңылсын Сарымсақова, Әсем Омарова, Аман Шарапов, Нұршат Мұқашева, Анар Сарина, Элза Сматуллаева, Амандық Шәмшиев, Арай Аманқызының еңбегін ерекше атап өту керек. Олардың ізін жалғап келе жатқан қазіргі жас буынның да аяқ алысы жақсы, — дейді Мұғалжар аудандық халықтық театрдың режиссері Айнагүл Мусина.

Ересектер мен балалардың аудиториясын қамтып, әртүрлі жанрдағы қойылымдарды сахналайтын труппа Темір, Байғанин, басқа да аудандарға барып, өнер көрсетуді әдетке айналдырған. Халықтық театрдың «Заманақыр», «Жоғалған қыз», «Қара бала», «Махаббат мұңы», «Ойраны шыққан отбасы» сияқты спектакльдері көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

«Көрермен үшін біз ізденуден жалықпаймыз. Айталық, 8 наурыз, Жеңіс мерекесі, басқа да атаулы, мерекелік күндерге орайластырып қойылымдар дайындаймыз. Үнемі даярлық үстіндеміз. Өйткені мұнда өнерге шынымен ғашық жігіттер мен қыздар жиналған», — дейді Мұғалжар аудандық халықтық театрдың режиссері А.Мусина.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button