Спорт

Өткізілмеген пенальтидің өкініші

Премьер-Лига

«Қызылжар»-«Ақтөбе» — 1:1

16-17 сәуір күндері 6-тур кездесулері өтті.

«Ақжайық» Оралда «Астанадан» басым түссе, сырт алаңда «Қайрат» 99-минутта тең ойынға әрең дегенде қол жеткізді.

«Мақтаарал» биыл алғаш рет жеңіске жетсе, «Шахтер» бірінші рет ұтылды.

Сырт алаңда ойнаған командалардың бірде-бірі жеңіске жете алмады.

Алты турда 40 кездесу өткізіліп, 76 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 1,9 голдан өткізілді.

*   *   *

Елордада петропавлдық «Қызылжар» мен «Ақтөбе» командаларының арасында өткен кездесу бірінші таймда өте тартысты да болған жоқ, тым сылбыр өтті деуге де келмес. Екі команда тынымсыз арбасумен жүрді. Дегенмен ең әуелі қонақтардың бағы жана жаздады. Ойынның екінші минутында үш қорғаушының ортасында жүрген біздің футболшымыз кері айнала бұрыла оқыс соққы жасап, «Қызылжар» футболшыларының зәресін ұшырды. Ол жасаған соққыдан соң доп қақпа маңдайшасына тиіп, кері серпілді. Ал ойынның 12-минутында қапталда келе жатқан әріптесі алдына тастаған допты Рожерио Шина тоқтатпастан теуіп, жібек торды дір еткізген болатын. Бірақ біздің футболшылардың қимылына ойыннан тыс қалды деген шешім шығарған төрешілер бұл голды есепке алмады.

Әрине, алаң иелерінің де дәрменсіздік көрсетпейтіні белгілі еді. Олар да шабуылдауды естен шығарған жоқ, соның нәтижесінде гол да соқты. 42-минутта бұрыштама доп белгіленді де, сол тұстан әуелей келген допқа қақпашы Стаменкович атыла ұмтылды, допқа жұдырығы да тиді, дегенмен әріге ұшпай, кілт төмендеген доп Дарко Зоричтің маңдай алдына келе қалды да, ол ойланбастан баспен соққы жасады, доп қақпаға енді де кетті — 1:0.

Екінші таймда «Ақтөбе» қарымта қайтарудың қамын ойлаумен болды, шабуылдауды жиілете түсті. Осындай сәттердің бірінде қызылжарлық қорғаушы сасқалақтап қалып, допты білегімен тоқтатуға мәжбүр болды да, пенальти белгіленді. 82-минутта он бір метрлік нүктеге келген Уго Видемонт қателескен жоқ — 1:1.

Әттең, Видемонт осы шеберлігін екінші рет қайталай алмады. Ол 89-минутта белгіленген екінші пенальтиді құрдымға жіберді. Уго тепкен допты қақпашы Мирослав Лобанцев қақшып түсті.

Осылайша бұл кездесу тең есеппен аяқталды. Өткізілмеген пенальтидің салдарынан сырт алаңнан үш ұпай орнына бір ұпай ғана олжалап оралдық.

*   *   *

«Қызылжар»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Дарко Зорич, 42-минут (1:0); Уго Видемонт, 82-минут, пенальти (1:1).

89-минутта Уго Видемонт («Ақтөбе») соққан пенальтиді қызылжарлық қақпашы қақпаға дарытпады.

Ескерту қағазын алғандар: Дмитрий Шмидт, 84-минут, Мишель Нкололо, 90-минут; Пабло Подио, 90+9 минут («Қызылжар») — Рамазан Оразов, 64-минут; Руслан Камболов, 71-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Саша Стаменкович, қақпашы, Дмитрий Шомко (Арман Кеңесов, 46-минут), Йоахим Адукор, Артурас Жулпа, капитан (Никита Маляров, 46-минут), Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Рамазан Оразов (Юрий Логвиненко, 90+1 минут), Руслан Камболов, Уго Видемонт, Рожерио Шина (Максим Самородов, 46-минут), Жерар Гоу (Владимир Гинаитис, 61-минут).

Запаста болғандар: Стас Покатилов (қақпашы), Әлішер Әжімов, Темірлан Ерланов, Рустам Темірхан, Ескендір Қыбырай, Виталий Балашов.

Бас бапкер — Владимир Муханов.

16 сәуір 2022 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена». 1100 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 1 гол.

Жерлестеріміз 6 кездесу өткізіп, 2 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.  Ұпай саны — 8. Доп айырмашылығы — 6:7.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тобыл» (Қостанай)-«Қайрат» (Алматы) — 2:2

Гол авторлары: Хосе Канте, 8-минут (0:1); Сергей Малый, 45+2 минут (1:1); Зоран Тошич, 72-минут (2:1); Владислав Васильев, 90+9 минут (2:2).

90+5 минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Арсен Буранчиев («Қайрат») алаңнан қуылды.

33-минутта пенальти соққан Асхат Тағыбергенов («Тобыл») допты қақпаға енгізе алмады.

«Тұран» (Түркістан)-«Ордабасы» (Шымкент) — 0:0

71-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Максим Федин («Тұран») алаңнан қуылды.

«Каспий» (Ақтау)-«Атырау» (Атырау) — 2:1

Гол авторлары: Аслан Әділ, 45+1 минут (1:0); Матеус Бисси, 52-минут (1:1); Алмас Арменов, 90-минут (2:1).

«Мақтаарал» (Түркістан облысы)-«Ақсу» (Павлодар облысы)— 2:1

Гол авторлары: Айбол Әбікен, 8-минут (0:1); Рамазан Кәрімов, 19-минут (1:1); Артем Разгонюк, 37-минут (2:1).

«Тараз» (Тараз)-«Шахтер» (Қарағанды) — 2:1

Гол авторлары: Абылайхан Жұмабек, 58-минут (1:0); Әділет Кеңесбек, 78-минут (2:0); Айдос Тәттібаев, 90+7 минут, пенальти (2:1).

90+12 минутта Михаил Габышев («Шахтер») ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды.

«Ақжайық» (Орал)-«Астана» (Астана)— 1:0

Гол авторы: Максим Каленчук, 27-минут (1:0).

*   *   *

Алты турдан соң алғашқы үштікке 13 ұпай жинаған «Каспий», 12 ұпай жинаған «Қайрат», 11 ұпай жинаған «Тобыл» командалары шықты.

4-5 орын иелері —10 ұпайы бар «Шахтер», 9 ұпайы бар «Астана».

6-8 орындарға 8 ұпайдан жинаған үш команда орналасты: «Ордабасы», «Тараз», «Ақтөбе».

9-10 орындарға 7 ұпайдан жинаған «Атырау» мен «Ақжайық» жайғасса, 11-орында 5 ұпайы бар «Қызылжар» тұр.

12-13 орындардың иелері — 4 ұпайдан жинаған «Ақсу» мен «Мақтаарал».

Ең соңғы 14-орында 3 ұпайы ғана бар «Тұран» қалды.

«Шахтер», «Ақжайық», «Ақсу», «Тұран»  командаларының басқалардан бір ойыны кем екенін еске саламыз.

*   *   *

6-тур ойындары 22-23 сәуір күндері өтеді:

22 сәуір, жұма

«Астана» — «Каспий»

«Атырау» — «Тобыл»

23 сәуір, сенбі

«Ордабасы» — «Қызылжар»

«Қайрат» — «Тұран»

«Шахтер» — «Ақжайық»

«АҚТӨБЕ» — «МАҚТААРАЛ»

«Ақсу» — «Тараз»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button