Денсаулық

Туляремия және оның алдын алу жолдары

Туляремия — жедел инфекциялық ауру. Бұл ағзаны улап, дене қызуын көтеріп, бубон үлгісіндегі лимфаденит тудырып, әртүрлі органдардың зақымдануына әкеп соғады.

Аурудың қоздырғышы — туляремия бактериясы. Кез келген жастағы адам бұл індетпен ауруы мүмкін. Табиғатта аурудың негізгі көзі — жабайы кеміргіштер мен қояндар. Ал тасымалдаушылары әрі сақтаушылары — буынаяқты қансорғыштар мен иксодтық кенелер.

Кенелер шаққан кезде, инкубациялық кезең үш аптаға созылады. Бірақ көп жағдайда 3-тен 7 күнге дейін жалғасады.

Кене шаққан әрбір адам тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне тез арада қаралып, 21 күн ішінде диспансерлік бақылауда болуы қажет.

Бүгінде облыстың Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Олар өзен жайылымдарында орналасқан. Жыл сайын зоопаразитологиялық тексеру (кеміргіштерді аулау, кенелерді жинау) жұмыстарын жүргізгенде, Ойыл, Қобда және Ырғыз аудандарынын аумағынан туляремия ауруының қоздырғыштары кенелер мен кеміргіштерден анықталады. Өткен жылы кенелерден туляремияның 17 қоздырғышы анықталды.

Жыл сайын туляремия эндемиялық аумақта орналасқан елді мекендерде тұратын тұрғындарға жоспарлы туляремияға қарсы екпе жүргізіледі. Мәселен, былтыр 1454 адам егілді.

Өткен жылы облыс бойынша кене шаққан 372 адам медициналық бақылауға алынды. Ал биыл алғашқы үш ай ішінде мұндай дерек тіркелген жоқ.

Кенелер адам мен малға ерте көктем және жаз мезгілдерінде шабуыл жасайды. Әсіресе, ауылшаруашылық малын қырқу барысында,  далалық  жерлерде, саяжайда  жүргенде кене шағуы мүмкін. Өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне қарай, кене теріге жабысқан соң бірден қан сормайды. Сондықтан кенені уақыт өткізбей байқап, алып тастаған жағдайда кенедегі инфекция қоздырғышымен зақымдану қаупі төмендейді. Кенені алу үшін емдеу-алдын алу мекемелеріне тез арада қаралған жөн. Кенелерді қолмен алып тастауға және жаншуға болмайды. Денеге қадалған кенені қолға қолғап киіп, пинцетпен немесе жіппен алып тастау керек. Кене шаққан жерге йод жағып, қолды мұқият сабындап жуу қажет. Көбіне кене шаққан адамдар осы жәндіктерді өз бетімен алып тастайды, емдеу-алдын алу мекемелеріне медициналық көмекке жүгінбейді. Өз бетімен емделу өте қауіпті. Егер сізді кене шағып, жағдайыңыздың нашарлағанын сезінсеңіз, дереу дәрігерге қаралыңыз.

Адамдар табиғи биотоптарға барған кезде кене шағудан сақтанудың бірқатар ережелерін білуі тиіс. Мәселен табиғат аясынан үйге оралғаннан кейін киімді және денені толықтай қарап шыққан дұрыс. Кенелерден сақтайтын арнайы дәрі-дәрмектерді пайдалану қажет. Туляремияның энзоотиялық аудандарында далалық жерлерде жұмыс істеуге баратын адамдар (геологтар, мұнайшылар, аңшылар және т.б.) екпе алуға міндетті. Осы талаптардың орындалуы туляремия ауруының жұғу қаупін төмендетеді.

      Облыстық санитариялық-

                                                         эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button