Экономика

Дағдарыстан кейінгі дамудың тұғырына айналған жыл

Үкімет

2010 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары оған дәлел бола алады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаторлық бастамаларының нәтижесінде жаһандық қаржы дағдарысынан қи­налыссыз шыққан Қазақстан экономикасы қарқынды даму бас­палда­қ­тарына қадам басты. Халықаралық беделді рейтингтік агент­тіктердің және дуалы ауыз сарапшылардың айтуынша, Қазақстан экономикасы ұтымды да шебер жасалынған бағдарламалардың нәтижесінде дағдарыстан табыспен шығып, экономикалық даму­дың жаңа үлгілерін өмірге әкеле бастады. Кәрім Мәсімовтің төр­аға­лығымен өткен кешегі Үкімет отырысында нақ осы мәселе ерекше атап көрсетілді. Үкімет отырысында еліміздің 2010 жылғы эконо­микалық-әлеуметтік даму қорытындысы және 2010 жылғы мемлекеттік бюджеттің атқарылу мәселелері талқыланды. Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов атап көрсеткендей, ел экономикасының бар­лық саласында 2010 жылға белгіленген барлық кешенді бағдарла­малар жүзеге асырылып, Үкімет алдына Елбасы қойған міндеттер толығымен орындалды.

Өткен жылдың қорытындысы жан-жақты талқыланған отырыста Эконо­микалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ұлттық банк төр­ағасы Григорий Марченко, Индус­трия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов, «Қаз­Агро» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының басшысы Ас­ыл­жан Мамытбеков және басқалар күн тәр­тібіндегі мәселелер бой­ынша баяндамалар жа­, 2010сады. Жалпы айт­қанда, 2010 жы­лы еліміздің экономи­ка­сы­ның бар­лық са­ласында өсу деңгейі тұрақты түрде сақ­талған. Ел экономикасы өт­кен жылы дағдарысқа дейінгі даму деңгейін қа­л­пына келтіріп қана қой­май, алдағы уақытта одан әрі тұрақты даму тұғырын қам­тамасыз етті. Бү­гінгі күнге дейінгі деректер бойынша 2010 жылғы мемлекеті­міз­дің ішкі жал­пы өнімінің өсімі 2009 жылмен салыс­тыр­ғанда 7 пайызға артты.

Өнеркәсіп өндірісінің өрлеуі көңілдегідей

2010 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 пайызға өсті. Өңдеу өнер­кәсібінің өсу қарқыны 18,4 пайызды құрап, алғаш рет кен өндіру сала­сының өсу қарқынынан (5,3 пайыз) 3 есе асып түсті. Осының нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысы бой­ын­ша ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнер­кәсібінің үле­сі 11,5 пайызды құрап, 2009 жылғы көрсеткішпен салыс­тыр­ғанда 1,9 пай­ызға артты. Өткен жылы мәшине жасау саласы қарқынды да­мып, оның өндіріс өнімінің көлемі 1,6 есеге, су­сындар өндірісі 1,3 есеге, азық-түлік өнімдерінің өндірісі 1,1 пайызға өсті. Химия өнеркәсібі сала­сында өндіріс өсімі 37,1 пайызды құрады. Кен өн­діру саласында темір рудасын шыға­ру 10,9 пайызға, шикі мұнай өндіру 5,6 пайызға, табиғи газ өндіру 3,5 пайызға артты.

Еліміздің өңірлері бойынша өнер­кәсіп өндірісі көлемін саралайтын бол­сақ, өндіріс көлемінің қарқынды өсуі Ақмола облысында (31,6 пайыз), Қостанай облысында (15,6 пайыз), Пав­лодар (12,1 пайыз), Оңтүстік Қа­зақстан (13,3 пайыз), Жамбыл (14 пайыз), Атырау облыстарында (13,8 пайыз) және Алматы қаласында (27 пайыз) байқалды. Өңірлердегі ең қар­қынды дамыған өндіріс салаларына нақты тоқталар болсақ, Атырау об­лы­сында шикі мұнай өндіру 13,1 пай­ызға ұлғайды. Ақтөбе облысында темір рудасын өндіру 3,7 есеге артты. Ет өнімдерін қайта өңдеу Ақмола облысында 25,4 пайызға, Қостанай об­лысында 24,2 пайызға және Алма­ты қаласында 3,3 есеге ұлғайды. Павлодар облысында тас көмір және кокс өндірісі 2,3 есеге, ал ферроқо­рыт­палар шығару 21,8 пайызға артты.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштері жоғары

Өнеркәсіп өндірісі саласының тұ­рақты дамуына негізінен өткен жылы басталған 2015 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ерекше игі ықпалын тигізді. Жалпы, бұл бағдарлама шең­берінде құны 801,8 миллиард теңге­ден астам болатын 152 индустриялық жоба іске асырылды. Нақты есептеулер көрсетіп отырғанындай, осы ғасырлық жобалардың іске қосылуы ішкі жалпы өнімнің өсуіне 2,2 пайыз көлемінде үлес қосқан.

Елбасы алға қойған экономи­ка­мыз­дың бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру мақсатындағы бастама негізінде жүзеге асырыла бастаған 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдар­ламасы тарих толқынындағы ерекше құбылыс болғандығы даусыз. Осы бағдарлама шеңберіндегі жобаларды іс жүзіне асыруға өткен жылы ғана республикалық бюджеттен 921,5 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Өткен жылы осы бағдарлама шең­берінде еліміз үшін инфрақұры­лым­дық және стратегиялық зор маңызы бар Балқаш ЖЭС, «Шар-Өскемен», «Қорғас-Жетіген» және «Өзен-Түр­кі­менстан мемлекеттік шекарасы» темір жол тораптары, «Бейнеу-Шым­кент» газ тарату құбыры және басқа ірі жобалар жүзеге асырыла бастады. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шең­берінде еліміздің шикізат қорын толықтыру мақсатында бірқатар гео­ло­гиялық зерттеу жұмыстары жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде, елі­міздің алтын, қорғасын, цинк, көмір, уран, мұнай және газ кеніштерінің жаңа орындары анықталды.

Индустрияландыру картасы шең­бе­рінде 2010 жылы елімізде 23 мың­нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осы бағдарламалар шеңберінде озық технологияларды өндіріске енгізу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылды. Тәжірибелік-конструк­тор­лық шешімдерді, шет елдерде отан­дық ғылыми жобаларды патенттеу бой­ынша 1,697 миллиард теңге сома­сындағы 38 жоба қолдау тапты. Мә­шине жасау, тау-кен металлургия, мұ­най-газ жабдықтарының жобаларын жасау жөніндегі конструкторлық бюролар құрылды. Жүк вагондарының хопперлерін, перфораторларын шыға­ратын алғашқы өндірістер іске қо­сылды. Салааралық ғылыми-техника­лық жобалар қабылданып, онда жаңа өндірістерді, технологияларды игеру, отандық ғылымға нақты бағыт-бағдар беретін зерттеу орталықтарын құру жөніндегі технологиялық бағдарла­ма­лар айқындалды.

Құрылыс саласында қарқын бар

Ерекше атап көрсететін жай, 2010 жыл еліміздің құрылыс саласын қа­й­та­дан қалпына келтірген жыл болып табылады. Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша құрылыс жұмыста­ры­ның көлемі 1 пайызға өсіп, 1,9 триллион теңгені құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі 6,4 миллион шаршы метрді құрап, 2009 жылғы деңгеймен теңесті.

Негізінен өткен жылы еліміздің 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама толығымен аяқ­тал­ды. Осы мерзім ішінде елімізде 19,6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, оның ішінде пайда­лануға берілген 6,4 миллион шаршы метр тұрғын үй 2010 жылдың үлесіне тиеді.

Құрылыс индустриясында және құ­рылыс материалдары өндірісінде 2010 жылдың қорытындысы бойын­ша резеңке және пластмасса бұйым­дарын шығару өндірісінің көлемі өс­іп, жыл ішінде 70,8 миллиард тең­ге­нің жаңа өнімдері өндірілді.

Өңірлер бойынша тұрғын үй құ­рылысы саласының дағдарыстан кейін тағы да қарқын алған сипатын бай­қауға болады. Мәселен, Оңтүстік Қа­зақстан облысында өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй кө­лемі 27,1 пайызға, Алматы облысын­да 10,7 пайызға, ал Астана қаласында 9,7 пайызға ұлғайды. Құрылыс-жөн­деу жұмыстары көлемінің өсу қар­қыны, ең алдымен, тұрғын үй рыно­гын­дағы жаңа объектілердің пайдала­нуға берілуі және тұрғын үй құры­лысы саласын дағдарысқа қарсы іс-қимыл шаралары шеңберінде мемлекет тарапынан қаржыландырудың есе­бінен болғандығын дәлелдеудің қа­жеті жоқ. Өткен жылы еліміздің құ­рылыс саласын, оның ішінде, үлес­керлердің қатысуымен салынып жат­қан тұрғын үй кешендерін пайда­ла­нуға беру жөнінде мемлекет тарапы­нан теңдессіз қолдау көрсетілді. Ақи­қатын айтар болсақ, өз еркімен құ­рылыс салушыға ақшасын берген үлескерді мемлекет тарапынан қолдау тәжірибесі ешқашан болып көрген емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей тапсырмасымен Үкімет алданып қалған үлескерлерінің мүд­де­сін қорғау мақсатында мол қаржы­лық қолдау көрсетіп, шынайы жана­шыр­лық жасады. Құрылыс-жөндеу жұ­мыстарының көлемінің артуына, сонымен қатар, елімізде қолға ал­ынған ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, оның ішінде «Батыс Еу­ропа-Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізін салу шараларының айтар­лықтай ықпал еткендігі даусыз.

Инвестициялар – ел игілігіне

Әлемнің ірі компаниялары мен білікті сарапшыларының мәлімдеуін­ше, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың қиындықтарына қара­мас­тан Қазақстан экономикасы өзінің инвестициялық тартымдылығын сақ­тап қалды. 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда аздаған төмендеуге қарамастан (0,5 пайызға), 2010 жыл­дың соңында негізгі капиталға са­лынған инвестициялар көлемінде өсу үрдісі байқалды. Жыл қорытын­дысы бойынша негізгі капиталға 4,7 триллион теңге инвестиция салынды. Бұл жерде атап өтетін бір жәйт, инвестициялар құрылымындағы кәсіпорын­дар мен халықтың қаражаты 2009 жылы 32,6 пайыз болса, есепті ке­зең­де 45,9 пайызға өсті.

2010 жылдың қорытындысында ши­­кізаттық емес секторға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,7 миллиард доллар болса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 25 пайызға артық. Қазақ­стан­ның инвестициялық тартымдылығын арт­тыру мақсатында өткен жылы Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрлігі 28 маңызды іс-шара өт­кізді. Осының нәтижесінде, әртүрлі шет ел компанияларымен 150-ге жу­ық ын­ты­мақтастық туралы екіжақты келісімдер аясында 9,6 миллиард АҚШ дол­лары шамасындағы инвес­тиция­лар­ға негіз қаланды. Өңірлер бой­ын­ша деректерге жүгінсек, негізгі капи­талға салынған инвестициялар көле­мінің ең жоғары өсімі Қызыл­орда облысында (40,6 пайыз), Ақтөбе об­лысында (12,1 пайыз) және Маң­ғыс­тау облысында (11,4 пайыз) бай­қа­лып отыр.

Ауыл шаруашылығында алынған асулар айтарлықтай

Мемлекет басшысының тікелей тап­сырмасымен әлемдік дағдарыс жағ­дайында еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласын қаржылық қолдау мақсатында Үкімет тарапынан кешенді шаралар жүзеге асырылды. Өт­кен жылы ғана ауыл шаруа­шы­лығы саласын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан 3,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Міне, осындай игі шаралардың нәтижесінде өткен жыл­ғы ауа райының қолайсыздығына қа­рамастан елімізде бітік егін өсіріліп, мемлекеттің ішкі қажетіне және сырт­қы экспортына жететін мол көлемдегі астық мемлекеттік қамбаға құйылды. Мал шаруашылығын дамыту мақса­ты­­нда да тұрақтылық сақталды. Жал­пы алғанда, барлық мал басы орта есеппен 2-3 пайызға өсті. Сонымен бірге мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу өн­дірісі де біршама дамыды. Мал ша­руа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу са­ла­сында 13 пайыз өсімге қол жеткізілді.

Өткен жылы 2004-2010 жылдар аралығында еліміздің ауылдық ай­мақ­та­рын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама негізінен аяқталды. Жоғары әлеуетті даму мүмкіндігі бар ауылдық елді мекендер саны 1548 бірлікке дейін өсті. Осы елді мекендерде тұратын халық саны 22 пай­ыз­дан 52 пайызға дейін артты. 2002 жы­лы қабылданған «Ауыз су» бағдар­ламасы аяқталды. Осы бағдарлама аясында 3417 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ауыз суды тасып ішетін ауыл тұр­ғындары осы мерзім ішінде 445 мың адамнан 83 мың адамға дейін азай­тылды. 2010 жылы 22 гидротехни­ка­лық қондырғылар қайта жабдық­та­лып, қалыпты жағдайда жұмыс істей бастады. Осының нәтижесінде, апат­ты жағдайлардың алдын алу шаралары қамтамасыз етілді.

«ҚазАгро» ұлттық басқару хол­дин­гі» акционерлік қоғамының бас­шы­сы Асылжан Мамытбековтің ай­ту­ынша, өткен жылы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ұлттық холдинг та­ра­пы­нан 151,5 миллиард теңге көле­мінде қаражат бөлінген. Оның 103 миллиард теңгесі агробизнес субъек­тілерін несиелеуге жұмсалған. 2010 жылы «ҚазАгро» акционерлік қоға­мына бө­лінген бюджеттік қара­жат­тың үстіміз­дегі жылғы 1 қаңтардағы дерек бой­ынша 34,4 миллиард теңгесі немесе жоспардың 97,1 пайызы игерілген. Өткен жылы холдинг жалпы құны 94,3 миллиард теңгенің 86 инвести­циялық жобасын қаржылан­дырған. 2010 жылдың қорытынды­сын­да жал­пы құны 43,1 миллиард теңгенің 46 ірі жобасы іске қосылған. Қазақ­станның индустрияландыру кар­­тасы шеңберінде холдинг өз қар­жысы есебінен жалпы құны 23,3 миллиард теңге болатын 9 ірі жобаны қаржыландырған. Индустриялық-ин­но­вациялық жобаларды іс жүзіне асыру нәтижесінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылып, шағын несие беру бағдарламасы бойынша 6,8 мың адам жұмыспен қамтылған. Лизинг және несиелеу бағдарламасы бойынша ау­ыл­шаруашылық субъектілеріне 26,3 миллиард теңге мөлшерінде несие бөлініп, оған 1264 жаңа ауылшаруа­шы­лық техникалары сатып алынған.

Мемлекет басшысының ауыл ша­руашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту жөнінде берген тап­сырмалары негізінде «ҚазАгро» хол­дингінің тарапынан жалпы құны 5 миллиард теңге болатын 4 жоба жүзе­ге асырылған. Ұн, нан және макарон бұйымдарының бағасын тұрақ­тан­дыру мақсатында негізінен егін егумен айналысатын өңірлерден Қазақ­станның оңтүстік және батыс өңір­леріне мемлекеттік қор есебінен ас­тық жөнелту тәжірибесі тұрақтанды. Азық-түлік келісім-шарт корпора­ция­сы ішкі ры­нок­тағы мемлекеттік қор астығын қосқанда өткен жылы 1,8 миллион тонна көлемінде астық са­тып алды. Өңірлерді азық-түліктік бидайымен қамтамасыз ету жөнінде облыс әкім­діктерімен меморандумдар жасалды. Қазірдің өзінде осы қор есебінен ұн және нан бағасын тұрақ­тандыру үшін өңірлерге 556 мың тонна сапалы бидай жөнелтілді. Үкімет тапсырмасы негізінде өткен жылғы құрғақшылықтан көп зардап шеккен Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қос­танай облыстарына жалпы көлемі 4,5 миллиард теңге көмек көрсетілді.

2011 жылдың бірінші жартыжыл­дығында етті ірі қара малдың әлеуе­тін дамыту шаралары шеңберінде ша­ғын және орта фермерлік шаруа­шылық­тарды несиелеу, асыл тұ­қым­ды мал өсіретін шаруашылықтарды көбейту жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге холдинг тарапынан 2011 жылғы көктемгі егіс науқанын өткізу үшін 78 миллиард теңге көлемінде бюджеттік қаржы бөлінген.

Көлік және сауда саласындағы табыстар назар аудартады

Өткен жылы көліктің барлық тү­рімен жүк тасымалдау көлемі 15,5 пай­ызға ұлғайды. Ал байланыс қыз­метінің көлемі 5 пайызға артты. 2009 жылы 3,9 пайызға төмендеген сауда көлемі 2010 жылы 12,3 пайызға дейін өсті. Сауда көлемінің өсімі барлық өңірлерде байқалып отыр. Атап айт­қанда, Ақтөбе облысында сауда өсімі 19,6 пайызды, Қарағанды облысында 18,1 пайызды және Қызылорда облысында 17,9 пайызды құрады.

Сыртқы сауданың дамуы қандай?

Экономиканың нақты секторын­дағы өсімнің жоғары қарқыны және рыноктағы баға конъюнктурасының жоғары болуы еліміздің сыртқы сауда айналымының 24,3 пайызға артуына жағдай жасады. 2010 жылы жалпы тауар экспорты 2009 жылмен салыс­тырғанда 37,1 пайызға өсіп, 59,2 миллиард АҚШ долларын құрады.  Экс­порт құрылымындағы ең жоғары үл­еске, яғни 71,7 пайызға артқан отын-энергетика саласының тауарла­ры, 12,6 пайызға артқан металл және металл өнімдері ие болып отыр. Осы мерзімде мұнай және газ конденса­тының экспорты 67,5 миллион тон­наны құрап, жалпы экспорттық түсім­дердің 64 пайыздан астамын қамт­а­масыз етті.

Импорт көлемі 29,7 миллиард дол­ларды құрап, 4,8 пайызға артты. Импорт құрылымында азық-түлік тауар­ларының үлес салмағының артқанды­ғы байқалады. Мәселен, ет және ет өнімдерінің импорты 16 пайызға, қант импортының көлемі 13,6 пай­ызға артты. Керісінше, мәшине мен құрал-жабдықтардың импорты 14 пайызға азайып, жалпы импорт көле­міндегі үлесі 43,2 пайызды құрады. Сауда балансының сальдосы 29,5 миллиард долларға тең болды.

Сыртқы сауда саласындағы көрсет­кіш­тердің айтарлықтай өсуіне Қа­зақ­стан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында 2010 жылғы 1 қаң­тардан бастап жұмыс істей бастаған Кеден одағы ерекше игі ықпал еткендігін атап көрсету керек. Кеден ода­ғының алғашқы қорытындылары көр­сетіп отырғанындай, 2010 жылы Ресейге шығарылған қазақстандық тау­ар­лардың экспорты 35,9 пайызға, Беларуське шығарылған өнімдер 1,6 есеге артқан. Ресейден әкелінген импорт көлемі 23,7 пайыз, ал Беларусь импортының көлемі 24,5 пайызға артты. Кеден одағына мүше мемлекеттермен тауар айналымының көле­мі 2010 жылы 16,5 миллиард АҚШ долларын құрап, 28,1 пайызға өсті. Кеден одағы мемлекеттерімен сыртқы сауда айналымы Қазақстанның жал­пы сыртқы сауда айналымының 18,5 пайызына тең болды.

Кәсіпкерлікті дамыту өз деңгейінде

2010 жылы кәсіпорындар құру рә­сімін жеңілдету, мемлекеттік органдар тарапынан рұқсат беру құжат­та­рын алу мен әкімшілік қысымды азай­ту сияқты заңнамаға өзгертулер енгізу нәтижесінде еліміздегі бизнесті жүргізуге айтарлықтай жеңілдіктер жасалды. Дүниежүзілік банк өкілі Аккая ханымның атап көрсетке­нін­дей, 2010 жылы Қазақстанның «Do­ing Business» рейтингіндегі дәрежесі 15 тармаққа жақсарды. Қазақстан қазір бұл рейтинг бойынша дүние жү­зінде 59-шы орынды иеленіп отыр. Сонымен бірге бүгінде Қазақстан биз­нес ахуалды жақсарту мақса­тын­дағы сәтті реформаларды жүзеге ас­ыр­ған ең озық 10 мемлекеттің тізіміне еніп отырғанын ерекше қанағат­тан­ғандық сезіммен атап өткен жөн.

Кәсіпкерлікті, оның ішінде, шағын және орта бизнесті дамыту мақса­тын­да, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы басталды. Бағдарлама кәсіпкерлік саласын сауықтыруға, ат­ап айтқанда, алынған кредиттер бой­ынша пайыздық ставкаларды субси­диялауға бағытталған. Бұл бағдар­ла­ма шеңбе­рінде кредиттерінің жалпы көлемі 101,2 миллиард теңгені құрай­тын 225 жоба қабылданды. Кәсіп­керлікті қол­дау шаралары шағын жә­не орта бизнес шығаратын өнімдер­дің 1,9 пай­ызға өсуін қамтамасыз етуге мүмкін­дік берді. Кәсіпкерліктің даму көр­сет­кішінің елеулі жақсаруы өнім өндірісі 4,8 пайызға өскен Алматы қаласында және өнім өндірісі 4,7 пайызға өскен Ақтөбе облысында байқалуда.

Ел қуаты әлеуметтік әлеуеттен көрінеді

Қазақстанның дағдарыстан кейінгі экономикалық даму үрдісі еліміздің әлеуметтік саласын барынша қолдау­дан да көрініс тауып келеді. Жаһан­дық дағдарыстан кейін рецессияға ұш­ыраған дамушы елдердің өзі әле­у­меттік бағдарламаларын кейінге қал­дырып жатқанда, мемлекетіміз Елба­сының тапсырмасымен белгіленген әлеуметтік бағдарламалардың бір де біріне нұқсан келтірген жоқ. Өткен жылы халықтың табыс деңгейін арт­тыру, жұмыссыздықты азайту және мемлекеттің әлеуметтік саладағы міндеттемелерін толықтай қамтамасыз ету мақсатындағы шаралар толық жү­зеге асырылды. Жұмыссыздық деңге­йі өткен жылы 5,5 пайызды құрап, 2009 жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіштен 1,1 пайызға төмендеді. 2010 жылы халқымыздың нақты ақ­ша­лай табыстары 6,3 пайызға артты. Атап айтқанда, қарастырылып отыр­ған кезеңде тұрғындардың алатын нақ­ты еңбекақысының көлемі 7 пай­ыз­ға өсіп отыр.

Ерекше атап көрсететін бір мәсе­ле, 2010 жылы Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына қойған әлеуметтік мәселелер жөніндегі міндеттеме­лері­нің бәрі орындалды. Бюджет тұр­ғы­сынан келетін болсақ, өткен жылғы бюджетті әлеуметтік сипаттағы бюд­жет деп айтуға толық негіз бар. Білім, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қамтамасыз ету мақсатына бөлінген қаржы соңғы 5 жыл ішінде екі есе өсіп отыр. 2010 жылы оның көлемі еліміздің ішкі жалпы өнімі көлемінің 10,4 пайызын құрады.

Бәрімізге белгілі, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап негізгі зейнетақы төлемдері 30 пайызға артты. Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақы және арнайы мемлекеттік көмектер 9 пайызға арттырылды. Со­нымен бірге бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы, төртінші және одан да көп бала туғандарға берілетін бір жолғы жәрдемақы көлемі 30 айлық есептік көрсеткіштен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға төленетін жәрдемақы мөл­шері айлық төменгі жалақы (14952 теңге) көлеміне дейін те­ңестірілді. Ұлы Отан со­ғысындағы жеңіске 65 жыл толуына байланысты бар­лық май­дангерлерге бір мез­гілдік мате­ри­ал­дық кө­мек көрсетіліп, барлық ардагерлер мен соғыс мү­ге­дектері же­ңілдетілген жо­ла­қы мүмкіндіктерімен қамта­масыз етілді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге қаржы жұмсалды.

Шалғай елді мекендерде тұратын халықты меди­ци­налық көмекпен қам­тама­сыз ету мақ­сатында телемедицина әдісі өмірге енгізіліп, алыс қа­шық­тықтан жоғары деңгейдегі медицина­лық көмек көр­сетілді. Заманауи ме­дициналық техникалармен жабдық­тал­ған жылжы­малы емхана кешендері сатып алы­нып, жұмыс істей бас­тады. Елба­сы­ның тапсырмасымен жү­зеге асыры­лып жатқан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шең­берінде 50 ден­саулық мекемесі іске қосылды. Оның ішінде, жалпы құ­ны 79 миллиард теңге тұратын 33 медициналық мекеме 2010 жылы іске қосылды.

Мемлекет басшысының «Балапан» бағдарламасының шеңберінде есепті кезеңде республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылған мемлекеттік тапсырыс барысында 90 мың бүл­діршінге арналған балабақшалар пай­далануға берілді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде еліміз бойынша жалпы құны 104,3 миллиард теңге болатын 103 мектеп пайдалануға берілсе, оның ішінде, жалпы құны 6,4 миллиард теңге тұ­ратын 24 мектеп 2010 жылы пайда­лануға берілді. 2010 жылы еліміздің жоғары оқу орындарының көшбас­шы­сы болатын «Назарбаев Университеті» жұмыс істей бастады. Еліміздің жоғары оқу орындарының көшбас­шы­сы болатын бұл университет бү­гінгі білім жүйесіндегі халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Осы университетті дамытуға 2010 жылы республикалық бюджеттен 16,1 миллиард теңге қаржы жұмсалды.

2010 жылғы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы күткендегідей

Аталған мерзімде мемлекеттік бюд­жетке 4 388,8 миллиард теңге, яғни 2009 жылмен салыстырғанда 878,5 миллиард теңгеге артық қаржы түсті. Мемлекеттік бюджеттің табысы осы мерзімде 4 299,1 миллиард теңге болды. Оның ішінде, салық түсімі 2 934,1 миллиард теңгені құрады.

2010 жылы мемлекеттік бюджет­тің шығындары 2009 жылмен салыс­тырғанда 913,1 миллиард теңгеге кө­бейіп, 4 916,1 миллиард теңгені құра­ды. Республикалық бюджет 2010 жы­лы 4 284 миллиард теңгеге немесе жос­пардың 99,1 пайызына атқарыл­ды. Өткен жылдың бюджеті шын ма­ғынасында әлеуметтік салаға ба­ғытталған бюджет болды.

Ұлттық банк  төрағасы Григорий Мар­ченконың мәлімдеуінше, еліміз­дің жиынтық халықаралық алтын-валюта қоры бүгінгі күні 64 миллиард АҚШ долларынан асып отыр. Ал бұл көрсеткіш 2010 жылдың со­ңында 59 миллиард теңгені құраған бола­тын. Еліміздің халықаралық ал­тын-валюта қоры 64 миллиард болса, он­ың ішінде Ұлттық банктің ал­тын-ва­люта қоры 32 миллиард АҚШ долла­рын, Ұлттық қордағы ва­люта 32 миллиард АҚШ долла­рын құрап отыр.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов атап көрсеткендей, еліміздің эконо­ми­касы үшін 2010 жыл дағдарыстан кейінгі даму кезеңінің тұғырлы жы­лы­на айналды. Еліміз алда тұрған ас­қаралы даму асуларын алу үшін 2010 жылы тірек болатын барлық тетіктерді жа­сады. Қазақстандық даму үрдісі тағы да жоғары қарқын алды.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

«Егемен Қазақстан» газеті, 23 ақпан 2011 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button