Экономика

Орнықты он екі жоба бар

Инвестиция

Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен аптада инвестициялық жобаларды қарайтын комиссияның кезекті мәжілісінде он екі жоба қаралды. Кәсіпорын жетекшілері өндірістің немесе қызмет көрсету саласының ұсынылатын объектілеріндегі ашылатын жұмыс орындарының саны, құрылыстың аяқталу мерзімі, инвестициялар сомасы туралы баяндады.

Алдағы уақытта «RIFMA GROUP» компаниясының гипермаркеті, «Фриком» ЖШС-ның 41-раъездегі көтерме азық-түлік рыногының екінші кезеңі, бизнесті дамыту орталығының шағын рыноктары пайдалануға берілмек. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында бірқатар егіс кешендері іске қосылады. Біз төменде  бірқатар жобалардың жұмысына қысқаша тоқталмақшымыз.

«Табыс-Қала» табыс әкеледі

Қаланың Оңтүстік-Батыс аумағындағы тұрғын үйлер саны көбейіп, бұл күндері өз алдына бір қалашық болып қалды. Осыған байланысты бұл араның тұрғындарын әлеуметтік-тұрмыстық объектілермен қамтамасыз ету күн тәртібінде өзінен-өзі туындады. Мұндағы бөлшек саудадағы азық-түлік тауарлары коммуналдық базары құрылысы қазіргі уақытта өзінің 80 пайыздық дайындық кезеңіне көтерілді.

«Табыс-Қала» ЖШС директоры Кеңес Боқаевтың айтуына қарағанда, мұнда бес жүз жеке кәсіпкер саудаға шығаратын еттері мен сүт өнімдерін еш қауіпсіз сақтай алады. Жаңа ғимаратта желдеткіштен бастап салқындатқыштарға дейін қапысыз жұмыс істейтін болады.

Базардағы сауда орындарын жалға алушылар үшін қызмет көрсететін мал дәрігерлік қызмет, банк жүйесі және санитарлық қызмет, сондай-ақ салық саласы қызметі базардың екінші қабатында орналасады. Базар ішіндегі жайлы кафе сатушылар мен тұтынушыларды тоғыстыратын, бірер кесе шай ішіп отырып келісім жасайтын келісті орынға айналмақ.

Базар әкімшілігінің баяндауына қарағанда, мұнда сауда орындары үшін төлем қала бойынша ең төменгі деңгейде болмақшы.

«Табыс» базарында тұтынушыларға барлық жағдай жасалатын болады.

Кеңес Мирасбекұлы құрылысты аяқтауға қажетті қаржы мәселесінің толық шешілгендігін, жаз ортасынан ауа базардың ел игілігіне берілу мүмкіндігі бар екенін айтады.

Марқа етінен алыңыз…

«Еділбай-Элит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын инвестициялық жобаның пайдалануға берілуімен біз ТМД елдері аумағында Еуроодақтың күллі талаптарына жауап беретін, экологиялық жағынан таза, жас күйінде тоңазытылған марқа қозы етімен жалғыз жабдықтаушы болып шыға келмекпіз. Осы кәсіпорында шығарылатын паштеттер ресейлік «Главпродуктымен» бәсекеге түсіп, уақыт өте келе оның өнімдеріне тосқауыл қояды деп күтілуде.

Жаңа кешеннің өндірістік қуаты күніне 1000 марқаны сойып, етін өңдеуге жіберуге жетеді. Бұл дегеніңіз – жылына 4000 тонна ет өнімдерін өндіру деген сөз. Сондай-ақ, бұл өндірістің болашағы да зор. Кешен өнімдері Польша, Италия сияқты алыс елдерге, көршілес Ресейге жіберілетін болады, марқа терісі Семейде өңделеді.

Жүзеге асырылмақ жобаның жай-күйі туралы ЖШС басшысы Серғазы Есембаев айтып берді.

– Жобаны жүзеге асыру үшін қажетті инвестиция көлемі – бір миллиард отыз бес миллион теңге, – деді ол. –  Ет өңдеу кешені құрал-жабдықтары орналасатын жерді қоса есептегенде, 3168 шаршы метр аумақты алады. Ал өнімдеріміз өзінің дәмі және басқа да пайдалы ерекшеліктері жөнінен әлемдік деңгейдегіден кем түспейді. Жаңа кешенде 250 жұмыс орны ашылатын болады.

Жаңадан ашылатын кешенді шикізатпен Батыс Қазақстан облысындағы «Бөрлі» асыл тұқымды зауыт, Байғанин ауданындағы «Еділбай» ЖШС және «Еділбай-Элит» ЖШС-ның өзі қамтамасыз етпек.

Медикус Қарғалыда қоныстанды

«Медикус орталығы» медициналық мекемесі – облыс орталығының іргесіндегі Қарғалы селосында орналасқан жеке медициналық сервис компаниясы. Ол өзі құрылған 1999 жылдан бастап өзі қызмет ететін аумақта жоғары сапалы медициналық сервис ұсынуға бағыт ұстаған.

Бұл жобаның мақсаты мен міндеті – қала маңындағы ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымдарын жақсарту, олардың тұрғындары үшін медициналық қызмет көрсету сапасын көтеріп, көлемін ұлғайту. Әсіресе, туберкулез, онкологиялық, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары сырқаттарын емдеу бұл мекеменің алға қойған шаралары қатарында. Әуелгіде бір қабатты шағын ғимаратта орналасқан емдеу мекемесі өткен айда ғана қазіргі заманға сай, Қарғалы селосының орталық көшесіндегі еңсесі биік қонысқа көшті.

Компанияда бүгінгі күні жоғары және орта буын отыз алты маман еңбек етеді. Бірақ бұл шек емес, өйткені жұмыс көлемі ұлғаюымен байланысты жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Қарғалы селосы мен таяу маңда орналасқан Ақжар, Ақшат, Россовхоз, Мағаджан, Белогорка, Өлке, тағы бірқатар шағын ауылдардың тұрғындарына алғашқы көмек те осы мекеме арқылы көрсетіледі. Барлығы 21 124 адам – осы орталықтың медициналық қамтуында.

Алдағы уақытта УЗИ, ЭЭГ аппараттарын, биохимиялық анализ жасағыш, физиоаппаратурасын алу көзделуде. Диагностика кабинеті ашылмақшы, басқа да жаңа технологиялар енгізу жоспарланды. Осының бәрін жүзеге асыруға 20-30 миллион аралығында инвестиция қажет. Қазірдің өзінде аталған жобаны жүзеге асыру үшін 70 миллион теңге қаржы салынды. Оның 30 миллионы өз қаржылары да, қалғаны сырттан тартылды.

«Нектар» несімен ерекшеленеді?

«Нектар» өндірістік кооперативі осыдан үш жыл бұрын қаланың 11-шағын ауданында 4 қабатты автотұрақ салуды бастаған еді. Енді мұнда көп ұзамай 15 596 шаршы метр аумақта көліктеріңізді қаңтарып кете аласыз.

Мұнда бір мезгілде 500 көлік орын тебе алады. Әзірге нақ осындай жаңа үлгідегі және қорғанысы мықты жайлы тұрақ Ақтөбе өңірінде салына қойған жоқ. Мұнда қойылған көлікке «күн өтпейді», қар-жаңбырдан қорғалады. Ғимаратта видеоқадағалау жұмыс істейді.

Осындағы көлік кіргізу, шығарып салу, басқа да күндіз-түні атқарылатын шаруаларды 60 адам атқаратын болады.

Бастапқыда автотұрақтың құрылыс-монтаж жұмыстарын атқаруға 77 150 000 теңге жұмсалды, енді құрылысты аяқтау үшін 150 000 000 теңге қажет.

Егер қаржыландыру жайы көңілдегідей шешіліп жатса, автокөлігі бар көптеген тұрғындар  2010 жаңа жылды үйлерінде алаңсыз қарсы алмақшы.

Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік бағдарламалардың алда да күн тәртібінен түспейтінін, бұл ретте таңдаулы, халыққа лайықты қызмет ете алатын жобаларға басымдық берілетінін қадап тұрып айтты.

Сонымен, бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі уақытта жүйелі түрде жүргізілуде. Ең бастысы, жергілікті билік кәсіпкерлерді нақты іспен қолдауда. Қуантатыны да осы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button