Денсаулық

Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Сәл суыққа төтеп бере алмай, жіті респираторлық вирусты аурулармен науқастанып қалатындар жиі кездеседі. Тіпті жанынан өткен адам түшкірсе де, ауырып қалатын адамдар бар. Олар иммунитеті әлсіз адамдар тобына жатады.

Ал отбасындағы адамдардың барлығы тұмаумен ауырып жатса да, сап-сау жүретін адамдар болады, олар —иммунитеті күшті адамдар.Әдетте, кез келген ауруға қарсы  дәрі қабылдай беретін адамдардың иммунитеті төмен болады. Антибиотиктерді ретсіз көп ішкеннен ішек қызметіне зақым келіп, ішектің ішіндегі ас қорыту процесіне қатысатын пайдалы микрооргнизмдерді жойып, дисбактериозға ұрындырады. Олардың тамақ қорытуы төмендеп, үлкен дәреті бұзылады. Адамның иммундық жүйесінің 70 пайыздан аса жасушалары ішекте болатыны белгілі. Сонымен қатар ішекте ауру тудырғыш «бөтен» микробтарды өлтіретін пайдалы бактерияларда бар. Оларды, организмнің«қорғаушысолдаттары» десе де болады. Өйткені бұл бактериялар ағзадағы иммундық жасушаларды қолдап отырады және аминқышқылдары мен дәрумендерді өндіреді. Егер ішекте бұл микроорганизмдер аз болса, онда әлгі «бөтен» бактериялар үстемдік алып, адамды ауырта бастайды, дисбактериозға ұшыратады.Кейде орынсыз пайдаланған дәрі-дәрмек аллергияға әкеледі. Аллергиямен ауыратын адамдарды иммунитеті төмен адамдар деп жататынымыз бар. Науқастанған кісіге дәрі-дәрмекті дәрігер тағайындағаны жөн. Әйтпесе өз бетімен немесе біреудің айтуымен ем-дом жүргізу жақсылыққа апармайды. Әркімнің ағзасының өз ерекшелігі бар. Иммунитеті төмен адамдарға кез келген ауру үйір келеді. Әсіресе, қыс, көктем айларында иммунитетті күшейтудің маңызы зор. Көпшілік мұндайда түрлі дәрумендер қабылдау керек деп ұғуы мүмкін. Бірақ дәрумендерді де орынсыз пайдалана бермеген жөн.

Денені шынықтыру — денсаулық кепілі екендігін ұмытпаңыз. Сондықтан көбірек  қимылдаңыз. Қимыл-қозғалыс кезінде адамның қан айналымы жақсарып, бұлшықеттері қалпына келеді. Денені шынықтыру ішектің де бұлшықеттерін реттеп, қызметін жақсартады. Иммунитетті күшейту үшін кебектен жасалған нан, қырыққабат, сәбіз, аскөк және қызылшаны көбірек пайдаланған жақсы. Тамақтан соң 2 ас қасық өсімдік майын ішсеңіз де пайдалы. Ұйықтардан жарты сағат бұрын бір стакан айран ішкен дұрыс. Ондағы қышқыл сүтті бактериялар асты қорытуға көмектеседі. Сөйтіп иммунитетті көтеріп, кез келген ауруға төтеп бере бастайсыз.

Жазира АЙБЕРГЕНОВА,

дәрігер-терапевт.

Басқа жаңалықтар

Back to top button