Денсаулық

Кенеден сақ болыңыз!

Жер аяғы жібіп, күн күрт жылитын көктем айлары — адам мен үй жануарлары үшін аса қауіпті саналатын кеміргіштер мен кенелердің көбейетін кезі. Осы кездерде сақтық шараларын барынша қатаң сақтау керек.

Кенелер — туляремия,  кене энцефалиті, кенелік боррелиоз (Лайм ауруы) және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы секілді ауруларды тудырады.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы  (КҚГҚ) —  кенелердің және әртүрлі жабайы және үй жануарларының ағзасында болады. Аурудың басталуы кез келген вирустық инфекцияда болатын қарапайым белгілермен сипатталады. Ол — дене қызуының көтерілуі мен бас ауруы. Ауру асқынған жағдайда мұрыннан, қызыл иектен, ине салған жерлерден қан кете бастайды.

Адамдарға кенелерден қорғану үшін қалпақты (капюшон) комбинезон киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу қажет. Сондай-ақ резеңкелі манжетті жеңі бар көйлек киген дұрыс. Мал сою кезінде де арнайы киім, қолғап киіп, маска тағу керек.

Вирустың берілуін тоқтату және жұқтырудың алдын алу үшін денеге жабысқан кенені мүмкіндігінше тез алып тастау керек. Жалаң қолмен кенені ұстау қауіпті екенін есте сақтаңыз. Қарапайым пинцеттің көмегімен кенені алуға болады. Ол үшін пинцетті қатты қыспай (кенені езіп алмас үшін), абайлап және ұқыпты тартыңыз. Кене алынған жерді спиртпен сүрту керек. Алынған кенені  ауызы тығыз тығындалатын ыдысқа салып,  жабыңыз. Кенеде вирустың бар болуын арнайы мекеме зертханасы тексереді. Егер сізді кене шағып алған болса, онда тұрғылықты жер бойынша міндетті түрде емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгініңіз. Сізді 14 күнге дейін медициналық бақылауға алады. Дене қызуы көтерілген жағдайда емдеуді мүмкіндігінше ертерек бастау керек.

Ж.КАТУОВА,

аса қауіпті инфекциялардың

 эпизоотологиясы және

алдын алу зертханасының

меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button