Пікір

Отаншылдық рух — тәуелсіздіктің тірегі

Салтанат МҰХТАР,

«Білім» мектеп-гимназиясының мұғалімі:

— Мен Ақтөбедегі «Білім» мектеп-гимназиясында бастауыш сыныпқа сабақ беремін. Жуырда өткен ата-аналар жиналысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын талқыладық. Еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы — бәрімізді де толғандыратын ортақ мәселе. Президент өзінің Жолдауында: «Ең бастысы — еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерінің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені, ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады», — деп, халықты мемлекеттігімізді қорғау мен нығайту жолындағы бірлікке шақырып отыр.

Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу және сапалы білім беру — елдігімізді нығайту жолындағы ең басты міндет. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады.Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт», — деп,жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын әрдайым атап өтеді. Әділетті қоғам құру, өз елінің, халқының мүддесін бәрінен жоғары қоя білетін азамат өсіру жолында да ата-бабалардың ғасырлар бойы ұстанған құндылықтарын жетекшілікке алуға тиіспіз.

Қастерлі Отанымыздың абыройы — баршамызға ортақ мақсат әрі ортақ мәртебе. Біз, ұстаздар қауымы, осы орайда өзімізге зор жауапкершілік жүктелетінін жақсы түсінеміз.Күнделікті білім берумен қатар, баланы өзінің туған тіліне деген сүйіспеншілікте тәрбиелеу, туған жердің қадірін сезіндіру, ұлттық құндылықтарды, туған халқымыздың тарихын насихаттау мәселелерін де әрдайым естен шығармаймыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button