Мәдениет

Театр қайта табысады

Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 25 мамыр-4 маусым аралығында Ақтөбе қаласында өтетін гастрольдық сапарына орай

Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Ақтөбе өңіріне еліміз тәуелсіздік алғалы алғаш рет өнер сапарымен келмекші. Қазақтың театры Ақтөбеде соңғы рет осыдан жиырма үш жыл бұрын, яғни 1986 жылы өнер көрсеткен еді. Ал осы ширек ғасыр ішінде ел өмірінде, театрымызда да қаншама жарқын өзгерістер болды. Театрда буын ауысты, ойын өрнегі өзгерді, репертуар көптеген жаңа туындылармен толықты. Мұның бәрін ақтөбелік көрермен осы сапарда байқай алады. Енді театр туралы азды-кем әңгіме өрбітейік:

Қазақ  өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры – ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы. Бүгінгі таңда республикамыздағы іргелі өнер ордалары болып отырған опера және балет театры, филармония, «Қазақконцерт» -кезінде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан музыкалық театр негізінде құрылған өнер ұжымдары. Алғашқы шымылдығы 1926 жылы еліміздің сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында ашылған театрдың жалпы қазақ өнерінің, оның ішінде сахна өнерінің кәсіби тұрғыда қалыптасуы, дамуы, мәдениетіміздің өркендеуі жолында атқарған еңбегі орасан. Негізін халық арасынан шыққан «самородок сары алтын» актерлер құрған, өз дамуында бірнеше кезеңнен өткен театр бүгінгі таңда да ұлттық сахна өнеріндегі көшбастаушылық, Орталық Азия аймағындағы драма театрлардың алдыңғы легіндегі орнын лайықты алып отыр.

Атақты өнер ордасының әдепкі тізгінін ұстаған атақты тұлғаларымыз Ж.Шанин, Ж.Аймауытов, С.Сәдуақасов, М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Ш.Айманов, Қ.Бадыров, тағы да басқа тарланбоздардың есімдері әрдайым құрметпен еске алынады.

Театр тірегі драматургия десек, ұлттық драматургияның қалыптасып, дамуындағы кезең-кезең жетістіктер аз емес. І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Ш.Хұсайынов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, Қ.Мұқамеджанов, Т.Ахтанов, А.Сүлейменов, О.Бөкей, С.Жүнісов, Б,Мұқай, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Иран-Ғайып сынды әр буын драматургтардың шығармашылық табыстары осы үлкен театр тарихымен тығыз байланысты.

Ұлттық режиссура мәселесіне келгенде де М.Әуезов театрының орны ерекше. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері А.Тоқпанов бастаған режиссерлер шоқжұлдызының бұл театрға қатысы жоғы жоқ десе де болады. А.Тоқпанов, Б.Омаров, Ж.Омаров, В.Сейтметов, Қ.Жетпісбаев, Ә.Мәмбетов, М.Байсеркенов шеберлік қыр-сырлары да қара шаңырақ театр сахнасында бекем қалыптасты.

Бұл тұста театрдың көрнекті режиисері Әзербайжан Мәмбетовтің көркемдік жетекшілік кезеңі туралы бірер сөз айтпай кетуге болмас. Шығармашылық жолы сонау атақты 60-жылдар белесінде басталған Мәмбетов ұлттық режиссураға жаңа мазмұн мен форма беріп, ұлттық өнерін жаңа сапалық белеске көтеру жолында жанкешті еңбек еткен тұлға. Мәдени кеңістігімізде «Мәмбетов театры», «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасты. Әуезов театры Франция, Иран елдеріне фестивальдық сапарларға шығып, Мәскеуде бірнеше рет гастрольда болды. Бішкек, Ташкент, Нүкіс, Уфа, Қазан сияқты ірі қалалар халқы театр өнеріне аса үлкен ризашылықпен қол соқты. Ал республикамызда М.Әуезов театрының гастрольда болмаған облысы мен ауданы жоқтың қасы. Тап осы кезеңде К.Қармисов, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, М.Сүртібаев, С.Телғараев, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, Ж.Медетбаев, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев өнерлері сан қырынан жарқырай көрінді.

Еліміздің егемендігін алғаннан кейін академиялық театр төл тарихымызды, қоғамдық құбылыстарды жаңаша көркем зерттеулер ісіне өз тарапынан белсенді ат салысты. Театрда көркемдік-эстетикалық бағытта әр түрлі ізденістер жүрді. Режиссерлер Ә.Рахимов, Б.Атабаев, дүние салған талант иесі Қ.Сүгірбековтің, сондай-ақ театрға біраз жылдар көркемдік жетекшілік  жасаған Т.Жаманқұловтың қойылымдары көрерменнің мәдени құнарын арттыра түскені анық.

Театрдың соңғы жылдардағы көркемдік жетекшісі әрі директоры, Қазақстанның халық әртісі, профессор, танымал режиссер Есмұхан Обаевтың басшылығымен репертуарды жаңғыртып-жаңарту, шығармашылық сапаны арттыру, артистер құрамына жоғары талап қою тәрізді атқарылған басқа да көптеген шаралар өз жемісін беріп отыр.

Театрда белгілі өнер шеберлері А.Әшімов, С.Оразбаев, Х.Бөкеева, З.Шәріпова, Ф.Шәріпова сынды алдыңғы буын өкілдерімен бірге Ғ.Байқошқарова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, О.Кенебаев, Т.Жаманқұлов, Ш.Ахметова, Ғ.Әбдінәбиева, Б.Жанғалиева, Т.Аралбаев, С.Мерекеұлы, М.Омар, Г.Жақып секілді талантты әртістер табысты еңбек етіп келеді. Д.Темірсұлтанова, Қ.Тілеуова, Д.Ақмолда, Е.Біләлов, А.Боранбай, А.Сұрапбай, Д.Жүсіп, Н.Қарабалина, З.Көпжасарова сынды жаңа буын өкілдері театр репертуарының негізгі жүгін ойдағыдай көтеріп келеді.

Соңғы жылдары қойылған ұлттық классикадан «Айман-Шолпан» (М.Әуезов, режиссері Е.Обаев), «Мөлдір махаббат» (С.Мұқанов, режиссері Ә.Рахимов), бүгінгі күн драматургиясынан «Ескі үймен қоштасу» (Т.Нұрмағамбетов, режиссері Е.Обаев), «Сыған серенедасы» (И.Сапарбай, режиссері Е.Обаев, Т.Аралбай), «Сұлу мен суретші» (Т.Ахметжан, режиссері Н.Жақыпбай), «Сағыныш пен Елес» (С.Балғабаев, режиссері Ә.Рахимов) «Жүрейік жүрек ауыртпай…» (Б.Жакиев, режиссері Е.Обаев), «Көктөбедегі кездесу» (Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматов, режиссері О.Кенебаев), әлем драматургиясынан Шекспирдің «Гамлет» (аударған Х.Ерғалиев, режиссері Ю.Ханинга-Бекназар), «Ромео мен Джульетта» (аударған Ә.Кекілбаев, режиссері О.Салимов), «Ымырттағы махаббат» (Г.Гауптман, аударған Қ.Ысқақ, режиссері Р.Андриасян), «Ай тұтылған түн» (М.Кәрім, аударған Ә.Кекілбаев, режиссері О.Кенебаев), тағы да басқа спектакльдер көрерменнің әр қилы тобының көңілінен шығуда.

Театр жыл сайын жаңа қойылымдарының фестивалін өткізіп келеді. «Театр көктемі» фестивалі өткен жылы көрнекті театр-кино актері, Қазақстанның халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туғанына 80 жыл толуына арналса, биылғы 14 рет өткен өнер мерекесі «Ұлы мәртебелі актер!» деп аталды, яғни  биыл басты назарда актер қауымы болды.

Соңғы кезеңде белгілі сахна қайреткері, режиссер, ұстаз, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Несіпбайұлы Обаевтың басшылығымен еңбек етіп келе жатқан театрдың соңғы жылдардағы үлкен жетістіктерінің бірі, сөз жоқ, көрерменімен қайта табысуы. Ал көрерменнің ықыласы артуы театрдың қоғам үшін, адам үшін бүгінгі таңда аса өзекті деген мәселелерді көркем көтеріп отырғанынан, ал халықтың жағдайының түзеліп, рухани азыққа бет бұра бастауынан болса, екінші жағынан алғанда, театрымызда уақыт талабына сай маркетинг пен менеджмент сынды жаңаша жұмыс істеу жүйелерінің жолға қойылуынан деу керек.

Театрдың соңғы кезеңдегі тағы бір жетістігі – гастроль жүйесінің қайтадан жандануы. Қара шаңырақ М.Әуезов театры республика Мәдениет министрлігі қолдауымен, сондай-ақ арнайы шақырулармен де Ресейдің Омбы облысында, Ташкентте, өзіміздің Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Талдықорған облыстарында және елордамыз Астанада гастрольдық спектакльдерін көрсетті.

Ақтөбе көрермендерімен қауышу – театр ұжымы үшін үлкен қуаныш. Бұл сапарында театр көрермен назарына «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын, «Сыған серенадасы» мюзиклын, «Махаббат дастаны», «Ескі үймен қоштасу» және «Ымырттағы махаббат» драмаларын ұсынады.

Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпаны» театрда бірнеше рет қойылған. Соңғы, яғни ақтөбелік көрермен тамашалай алатын қойылымның режиссері – Есмұқан Обаев. Бұл музыкалық комедия арқылы театрдың орта және кейінгі буынының жарқын өнеріне тәнті боласыз. Ал көркемдік жетекшінің қойылымындағы тағы бір күрделі туынды – «Ескі үймен қоштасу» драмасы. Жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің пьесасы бойынша қойылған спектакль Бауыржан Момышұлы айтты дейтін мына бір қанатты сөзді еске салады: «Отан отбасынан басталады». Мұны таратсаңыз: Өзің, отбасың, Отаның – бір-біріне жалғас ұғымдар, яғни отбасы жарасымың, береке-бірлігің – Отаныңның береке-бақыты. Спектакльдегі тартыс та, жан ауыртар мұң да осы авторлық, режиссерлік идея-мұраттан туындайды.

Ақын-драматург Исраил Сапарбайдың пьесасы негізінде режиссерлер Есмұқан Обаев пен Төлеубек Аралбай қойған «Сыған серенадасы» мюзиклы көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов өмірінің бір кезеңін бейнелейді. Көрермен Шәмшідей тұлға күн кешкен қоғам мен ортасын көріп ой түйеді, композитор әндерінен әсер алады.

Гастрольдық репертуардағы «Махаббат дастаны» – театр ұжымы, жалпы, ұлттық театр режиссурасы үшін де жөні бөлек спектакль. Біріншіден, бұл – классигіміз Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясы бойынша қойылым. Екіншіден, бұл – дүниеден ертерек озған талантты режиссер Қайрат Сүгірбековтің қойылымы. Махаббат трагедиясының жаңаша интерпретациясы, яғни Қайраттың өзіндік көзқарасы. Алдын ала айтылуы тиіс жайт, көрермен бұл туындыға әдеттегі махаббатнамені көремін деп келіп, алданып қалғандай күй кешпеуі қажет; режиссер не айтқысы келді, актерлер неліктен әдеттегіден бөлектеу ойнайды… осыны зерделеп көрсе дейміз.

Ақтөбе көрермені қызыға көретін тағы бір қойылым – неміс драматургы, Нобельдік сыйлықтың лауреаты Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббаты». Көрнекті суреткер Қалихан Ысқақов қазақшалаған драманы белгілі сахнагер, М.Лермонтов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Рубен Андриасян қойған. Басты рольде – ұлттық өнердің үлкен тұлғасы атақты Асанәлі Әшімов. Көрнекті актерді киноэкраннан ғана көріп жүрген көрермен енді сахнадағы шебер ойынын тамашалауға мүмкіндік алады. спектакльде имандық-адамгершілік мәселелері, әке мен бала, ұрпақ пен ұрпақ арасындағы күрделі қарым-қатынастар психологиялық тұрғыдан терең ашылады.

Гастрольдық қойылымдарда А.Әшімовпен қатар еліміздің өзге де театр және киножұлдыздары: Төлеубек Аралбай, Бақыт Жаңғалиева, Гүлнар Жақыпова, Бақтияр Қожа, Айдос Бектемір, Данагүл Темірсұлтанова, Мұрат Нұрәсіл, Омар Қиқымов, Жоламан Әміров, Шынар Асқарова, Дулыға Ақмолда, Ерлан Біләл, Асылбек Боранбай, Жалғас Толғанбай, Назгүл Қарабалина, Азамат Сұрапбаев, сондай-ақ, жас буын өкілдері өнер көрсетеді.

Қара шаңырақ ұжымының бүгінгі шығармашылық беталысынан, театрдың аға, орта, жас буын актерлерінің ойын өрнектерінен хабардар ететін бұл қойылымдар көрерменіне өнер қуанышын сыйлайтынына сенім мол.

Әлия БӨПЕЖАНОВА,

М.Әуезов атындағы академиялық

драма театры көркемдік жетекшісінің

әдеби кеңесшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button