Мәдениет

Қазақтың Розасы

Биыл қазақтың атақты әншісі, Қазақ КСР және КСРО Халық артисі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасыменосы мерейтойға әзірлік, яғни әншінің есімін мәңгі сақтауға арналған шаралар өткен жылдан-ақ басталып кетті. Мысалы, өзі еңбек еткен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына әншінің аты берілген еді. Биыл оның ғасырлық мерейтойын ел көлемінде ғана емес, ЮНЕСКО-ның шешіміне сай, әлемдік деңгейде атап өту жоспарланып отыр.

Теке батырдың ұрпағы

Роза Бағланованың бала күнінен өзіне үлгі тұтып, айрықша жақсы көріп өскен адамы — әкесі Тәжібай. Бұл оның баласының есімін Тәжен, немересінің атын Тәжібай деп қоюынан да аңғарылады. Оразбек Бодықовтың «Өнердегі өнегелі өмірлер» сериясымен жарық көрген «Жайдарман» атты деректі повесіндегі: «Жастықтың өзі сұлулық қой. Ал Розада жастық шырынымен бірге, әкесінен мұра ғып алған сүйкімділік бар еді», — деген бірауыз сөз ерекшежадымызда қалды. Бұл әншінің көзі тірісінде, өзінің айтқан әңгімесіне сүйеніп жазылған шығарма екенін ескерсек, осы бірауыз сөз оның титтейінен әкесіне ұқсауға тырысқанын, әкесін әрдайым мақтан тұтумен өткенін әйгілейді.

Әншінің әкесінің толық аты-жөні — Тәжібай Текеұлы Бағланов. Бір қызығы, Теке мен Бағлан — әкелі-балалы емес, бір әкеден туған ағалы-інілі жандар. Әншінің атасы Теке — Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1774-1860 жж.) бастаған көтерілістерге қатысқан батыр. Оның шын есімі Шақкөз де, ал Теке батыр ел аузындағы лақап аты екен. Бағлан — Теке батырдың інісі.

Тәжібайдың өзі Бұхара медресесінде оқып, өз заманына сай білім алған, бірнеше тіл білген, көзі ашық адам болған. Оның алғашқы жары Мариям татар қызы еді. Анасы (яғни, әншінің әжесі) Күндей қазақтан да бір келіні болғанын қалап, кейін Ақкүріш атты қызға үйлендіреді. Роза, әкесінен бөлек, осы үш ананың да тәрбиесін көріп өсіпті.

Ол құйттайынан-ақ ауыл-аймаққа әнші ретінде танылған. Ол заманда көркемөнерпаздар байқауы олимпиада деп аталған. Роза Қазалыдағы №67 мектепте оқи жүріп, теміржол мектептері оқушыларының Орынборда өткен — бірінші, Шымкентте өткен екінші олимпиадаларына қатысыпты. 1936 жылдың күзінде Шымкентте өткен олимпиадада І орын алған.

Майдан жолы

Мектептен кейін, 1939 жылы Роза Қызылордадағы педагогикалық институтқа түседі. Алайда оны аяқтай алмайды. Әкесі дүниеден өтіп, жалғыз бауыры Ідіріс армияға алынып, хабарсыз кеткен соң, отбасының жағдайы қиындайды. Сондықтан Роза Қызылордадағы оқуын тастап, Ташкенттегі тоқыма институтына ауысады. Өйткені мұнда студенттерге жататын орын, тегін тамақ берумен қатар, оқудан тыс уақытта тоқымашы болып еңбек етіп, аз-маз табыс табуға да мүмкіндік бар еді. Жоқ-жүдеулік салдарынан жасалған бұл таңдау көп ұзамай-ақ оның өмірінің жаңа арнаға бұрылуына себеп болды.

Өзбекстан мемлекеттік филармониясының директоры Мұхитдин Кари-Якупов Ташкентте оның әнін кездейсоқ естиді. Сөйтіп, бірден өз ұжымының жанынан құрылып жатқан әйелдер ансамбліне солист етіп алады. 1941 жылғы сәуірдің 5 жұлдызында Роза Бағланова Өзбекстанның мемлекеттік әйелдер ансамблінің жетекші солисі ретінде өзінің тұңғыш концертін берді. Оның тыңдармандары — өзбек жерінің түкпір-түкпірінен келген мақташылар еді, өйткені концерттің өзі республикалық мақташылар съезіне орай ұйымдастырылған болатын. Концертте республиканың басшысы Осман Юсупов та болып, Розаның өнерін жоғары бағалап, оғанМәскеу консерваториясына жолдама алып береді. Алайда әншінің бұл құжатпен оқуға баруға жолы түспеді. Өйткені 1941 жылдың 22 маусымында, Хорезмде гастрольде жүрген кезінде соғыс хабарын есіткен еді…

Өзбекстанның мемлекеттік әйелдер ансамблі шұғыл түрде Ташкентке шақырылды. Бұл ұжымның әскери ансамбль ретінде қайта құрылып, Өзбекстан атынан майданға жіберілетіні жөніндегі шешімді оларға Осман Юсуповтың өзі естіртті.

Роза 1941 жылдың жазында майданға аттанғаннан, Берлинге дейін жетіп, 1945 жылы мамырда Потсдамдағы Жеңіс құрметіне берілген концертке қатысып барып, елге бір-ақ оралды. Соғыс жылдарында «Жауынгерлік ерлігі үшін» (1943 ж.), «Еңбектегі ерлігі үшін»,«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» (1945 ж.) медальдарымен марапатталды.

Өзбекстанның мемлекеттік әйелдер ансамблінің Мәскеуден Ташкентке қарай кері аттанған сапарында ол жолда, өзінің туған Қазалысында қалып қойды. Туған үйінде жалғыз қалған анасымен қауышты. Осы жолы ол Өзбекстаннан біржола елге оралу туралы шешім қабылдады.

Сөйтіп, алдымен Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, одан соң Жамбыл атындағы филармонияда, 1960 жылдан бастап мемлекеттік «Қазақконцерт» бірлестігінде еңбек етті.

«Сахнаның үлкен-кішісі болмайды»

1949 жылы тамызда Венгрия астанасы Будапештте жастар мен студенттердің ІІ Дүниежүзілік фестивалі өтті. Оған 82 елден делегациялар келді. КСРО делегацияның құрамында Майя Плисецкая, Мстислав Ростропович сынды шеберлермен бірге, қазақ әншісі Роза Бағланова да өнер көрсетті. Бұл оның жұлдызы жанған ерекше жарқын оқиға болды. Әнші Еуропа төрінде бала күнінде әжесі Күндейден үйренген«Екі жирен», «Қараторғай» сынды халық әндерін, өзінің орындауында әлемге танылған орыстың «Ах, Самара, городок» әнін шырқап, тыңдарманның ықыласына бөленді. Роза Тәжібайқызы фестивальдан лауреат атанып, бірінші дәрежелі дипломмен оралды.

КСРО халық артисі Майя Плисецкая кейін осы күндерді еске алып, Роза Бағланова туралы: «Ол қарапайым ғана «Ах, Самара, городок» әнін қалай орындап шықты десеңіздерші! Бұл әнді бәріміз бұрыннан да білетінбіз. Кәдімгі еш ерекшелігі жоқ, ел аузындағы көп әннің бірі болатын. Алайдаоны Роза орындағаннан кейін жұрттың бәрі айрықша әндей көріп, сүйіп тыңдайтын болды. Ол әнге жан бітірді. Арада қанша жыл өтсе де, Розаның орындауындағы сол ән әлі детыңдарманның есінен кетпейді. Бұл әннің өміршеңдігінің себебі — Розаның орындаушылық шеберлігінде», — деді.

Жалпы, әнші әлемнің 54 елін аралап шыққан. Өзінің жеке концерттерін ол қазақ тіліндегі әннен бастап, өзі барған елдің жергілікті халқының әнімен аяқтағанды ұнатады екен.

«Роза Бағланова — біздің ұлттық мақтанышымызға айналған әнші. Кезінде Мәскеуде оның концерттеріне билет алу үшін адамдар үлкен кезекке де тұратын», — деді белгілі әнші Сара Тыныштығұлова. Роза Бағланова — біздің халықтың бүкіл КСРО ғана емес, дүниежүзіне кең танылған алғашқы әншісі. Айрықша, ғажап үнімен тыңдарманын бірден баурайтын әншіні КСРО басшыларының ресми сапарлары кезінде шетелде берілетін концерттерде өнер көрсетуге жиі шақырған. Ол Мао Цзе Дун, Джавахарлал Неру, Индира Ганди, т.б. әлемге әйгілі саясаткерлердің алдында ән шырқаған. Сонымен қатар жұмыс барысында кәдімгі қарапайым еңбекшілердің арасында да көп болған.

Өзінің бір сұхбатында Роза Бағланова өнерге деген адалдығын, тыңдарман атаулыға құрметін: «Мен барлық сахнаны бірдей көремін. Бұл колхоздың клубы деп салғырт дайындала салмаймын. Халық алдына шығуды қасиетті деп санаймын. Сол себептен, мен сахнаға шығарда тыңғылықты дайындаламын. Кейбір атақ-даңқы зор артистер сахна таңдап, салғырт дайындалады. Соларға таңғаламын. Сахнаның үлкен-кішісі болмайды. Мен халықтың алдында бар өнерімді саламын», — деп жеткізіпті.

Ол өзінің өнер жолында, осылайша, ешкімді алаламау да тектіліктің бір белгісі, нағыз дарынға тән қасиет екенін дәлелдеп өтті.

Халқының жанашыры

Әнші сахнадан тыс, өмірде де халқына қызмет етуден аянған жоқ. Оқ пен оттың ортасын — ұрыс даласын көрген, әлемнің ең ықпалды саясаткерлерінің алдында өнер көрсеткен Роза Бағланова ұлтының жанашыры да бола білді. 1988 жылы ол биік мінберден: «Қазақтың жеріне көз тастаңыздар: Семейде — полигон, Байқоңырда — космодром, Аралда — у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Егер тап осындай жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлар едік. Мен ол жерлерде болдым. Маған көзі жоқ, басында ша­шы жоқ, аяқ-қолы жоқ туылып жатқан сәбилерді көру өте ауыр тиді. Бұл не сұмдық? Кімнен сұрауымыз керек? Кімге барып айтуымыз керек? Тұтас ұлттың қасіретін, өз жерінде тартып отырған азабынестірту үшін, бізді тыңдау үшін, қандай тиісті орындарға дейін баруымыз керек?» — деп, ұлтының қасіретін жеткізді.

«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, түркілерге, соның ішінде қазаққа ештеңені қимайтынкеңес билігікезінде «парсы мәдениетінің жәдігері» ретінде Ленинградтағы «Эрмитажға» алып кеткен тайқазанның Түркістанға қайтарылуына да Роза Тәжібайқызы көп еңбек сіңірген.

Роза Бағланованың әнші ғана емес, тарихи тұлға, өз халқының қаһарман қызы ретіндегі даңқы жылдан-жылға артпаса, кемімейді. 1995 жылы АҚШ-та «Әлем әйелдері» анықтамалығы жарық көрді. Оған Индира Ганди,Маргарет Тэтчер сындытұлғалармен бірге, Роза Бағланованың есімі де енді.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button