Әлеумет

Жұмыспен қамту жалғаса береді

Әлеуметтік қолдау

Тұрғындарды жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатын көтеру — өңір дамуының басты бағыттарының бірі. Сондықтан жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жаңа жұмыс орындары құрылып, кешенді іс-шаралар жиі жүргізіліп тұрады.

Былтыр 51684 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 34 мыңнан астамы — тұрақты жұмыс орны. «Еңбек» бағдарламасы аясында 56 мыңнан астам жұмыссыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтсақ, мыңнан астам адам техникалық және кәсіптік білім алды. Ал 993 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіліп, оқуды  аяқтаған 906 адамның  829-ы жұмысқа орналасты.

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша мың жарым адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Осы курсты бітірген 1455 адамға 840,6 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Грант иегерлерінің 461-і — жастар. Шағын несиелеу бойынша 900 жобаны іске асыруға 4209,3 млн теңге несие берілді, ал жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 34248 адам орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына екі мыңнан, жастар тәжірибесіне екі жарым мыңнан, қоғамдық жұмыстарға он бір мыңнан астам адам бағытталды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына — 90 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 88 адам жұмысқа жіберілді.

Өңірде жұмыссыздарды жедел жұмысқа орналастыру мақсатында 113 жәрмеңке ұйымдастырылып, 2332 тұрғын белсенді шаралармен қамтылды. Ал биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыс бойынша 53 мың жұмыссызды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қоғам тұтастығы — тәуелсіздік кепілі» Үндеуінде көтерілген мәселелердің бірі — жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу. Мемлекет басшысы «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Президент тапсырмасына орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейбір жобаларға өзгерістер енгізді. Сөйтіп, бүгінде ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейін болатын «Жастар тәжірибесі» және ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін болатын «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының қатысушылары 30 АЕК көлемінде, яғни, 91 890 теңге жалақы алады.

Жұмыспен қамту орталықтары екі жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жасқа толмаған оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Қатысу мерзімі 18 айдан аспайды. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші  кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастыруға міндетті. Былтыр жобаға 90 жас түлек қатысты, биыл 132 жасты тарту жоспарланып отыр.

Ал «Жастар тәжірибесі» жобасына 2500 жұмыссызды қатыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ соңғы екі жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жасқа толмаған білім беру ұйымдарының жұмыссыз түлектері үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы ұйымдастырылады. Қатысу мерзімі 6 айдан аспайды. Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде 6 ай қалған тәлімгер тағайындалады. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті. Өткен жылы бұл жобаға 88 адам қатысты. Биылғы жоспар — 132 адам.

Биылдан бастап жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірі — зейнеталды жастағы (зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалғанда) жұмыссыз адамдар үшін «Күміс жоба» жобасы жүзеге асырылады, қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Еңбекақы мөлшері — 30 АЕК немесе 91 890 теңге. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оны зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндетті.

Сонымен қатар Президент тапсырмасына орай, 7 ақпанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын Ұлттық жобаның қатысушыларына өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грантты 400 айлық есептік көрсеткішке (1225200 теңге) дейінгі мөлшерде белгілеген бұйрығы күшіне енді.

Грант қаражаты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алуға, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілері, сондай-ақ сауда объектілері, оның ішінде ғимараттарды жалға алу ақысы ретінде пайдаланылады.

Бұл ретте үміткерлер мына санаттарға жатуы тиіс: 18-ден 29 жасқа дейінгі жастар немесе аз қамтылған отбасы мүшелері — атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар — көпбалалы жәрдемақы алушылар және оның жұбайы (зайыбы), қоныс аударушылар, қандастар, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар немесе мүгедектер.

Өңірде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында халықты жұмыспен қамту шаралары жалғасын тауып келеді.

Б.БИСЕНҒАЛИЕВА,

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button