Білім

Балдырған

12 сәуір — Дүниежүзілік авиация және космоновтика күні

Жаһанды күзеткен жасанды серіктер

Жердің жасанды серігі — аспан кеңістігінде өзінің белгіленген орбитасы бойымен қозғала ұшатын ғарыш аппараты.

Әдетте, жасанды серіктер жерді эллипс пішіндегі орбита арқылы айнала ұшып жүреді. Орбитаның мұндай түрі ғылыми тілде геоцентрлік орбита деп аталады.

“Жердің жасанды серігі” мен “Жердің серігі” деген атаулар мүлдем бөлек. Алғашқысы адам қолымен жасалатын ғарыш аппараты болса, екіншісі — Жер планетасының табиғи серігі — Ай.

Жердің жасанды серіктері ғылыми-зерттеу жұмыстарына, әскери мақсаттарға, коммерциялық мақсаттарға (телекоммуникациялық қызметтер) кеңінен пайдаланылады. Рас, әуесқой мамандардың немесе студенттердің жасаған тәжірибелік мақсаттағы аппараттары да бар. Бірақ ондай Жердің жасанды серіктері айтарлықтай маңызды тапсырмаларды орындамайды.

Адамзат тарихындағы ең алғашқы жасанды жер серігі КСРО-да жасалған “Спутник-1″ ғарыш аппараты болды. Ол 1957 жылы 4 қазанда қазақ жерінде орналасқан “Байқоңыр” ғарыш айлағынан “Спутник” зымыранына (ракета) тиеліп ұшырылды.

Жасанды жер серіктерінің қозғалыс орбиталары бесеу: Төменгі Жер орбитасы, Ортаңғы Жер орбитасы, Полярлы орбита, Геостационарлық орбита және Жерлеу орбитасы. Әрине, Жер серіктерінің әр орбитада атқаратын қызметтері әртүрлі. Бірақ барлығы да телекоммуникация, ауа райын болжау, ғылыми зерттеу, астрономиялық бақылау, ғаламдық коммуникация, навигация, метеорология, телеарналар хабарларын тарату тәрізді алуан түрлі шаруаларды орбитаның ерекшеліктері мен өз тапсырмаларына қарай бөлісіп атқарады.

Туған жер

Менің ыстық ықыласым

Туған жер. Туған жердің қадірін ұзатылған қыз біледі, шет жұртта жүрген ұл біледі. Шет жерге барған кезде өз еліңді аңсап, туған жерге деген ықыласың ауып, сағынарың хақ. Туған жерге деген махаббат — Отанға, халыққа деген махаббат.

Мен үшін туған жерімнің әр тасы, әр тамшы суы қымбат. Туған жерімнің ескектей ескен самал желі, таза ауасы, мөлдір суы, орманды даласы мен жұпар иісі аңқыған лалагүлдері, көктемгі жауқазындары қандай ғажап?!

Менің туған жерім — Тымабұлақ ауылы. Ауылымыздың іргетасы 1961 жылы қаланған екен. Ал Тымабұлақ аталуының себебі, ауыл шетінде таза да мөлдір бұлақ бар. Сол бұлақтан халық су алып, күнделікті тірлігі көп тұрмысына пайдаланады.

Өрісі кең, шөбі шүйгін, халқы жомарт ауылымыз күннен-күнге өркендеп, заманға сай дамып келеді. «Мөлдір бұлақ» балабақшасы ашылды. 2009 жылы мектебімізге жаңа автобус кілті табысталды. Ауылға «Билайн» ұялы байланыс желісі келді.

Әр жыл осылайша жаңалықтарын алып келіп жатыр. Уақыт ағын су сияқты. Сол уақыт жылжыған сайын ауылымыздың көші де ілгерілеп келеді.

Мен туған жеріммен, осындай ауылыммен мақтанамын.

Жансая ТАЖМҰХАН,

Басқұдық орта мектебінің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Әр адамның туған жері өзіне ыстық. Дүниеде туған жерге жететін жер жоқ.

Туған жермен ешбір аймақты салыстыра алмайсың. Ата-бабамыздан келе жатқан «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген мақалдың да бекер айтылмағаны белгілі.

Туған жерді сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Оның хош иісті көк майса жусан аңқыған иісі қандай тамаша! Көгалды далада күліп-ойнап жүгірген балалар, самал жел, таза ауа, сылдырап аққан бұлақ, осының бәрі туған жердің сәні, салтанаты.

Мен өз туған жерімді жақсы көремін, оған деген махаббатым шексіз. Қай жерге барсам да, туған жерім маған әр кез ыстық.

Бибігүл НҰРҒАЗИНА,

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды мектеп-интернатының 5-сынып оқушысы.

Мен жазған ертегі

Достық

Аң патшасы арыстан мен түлкі дос болыпты. Олар алаңсыз күліп-ойнап өмір сүрген. Арыстанның беделі мен байлығына қызыққан түлкі қулық жасап, әртүрлі жолдармен патшалықты өз қолына алыпты.

Бірақ түлкі аңдарды бағындыра алмайды. Ал бағынбаған аңдарды жазалай береді. Бұған шыдамаған арыстан түлкіге: «Түлкі-ау, аңдар ыдырап кетті ғой, аңдардың ауызбіршілігі қайда?», — депті. Түлкі ешқандай жауап қайтара алмай қалады.

Бір күні түлкі мен арыстан қатар жүрсе, аңдардың барлығы арыстанды құрметтеп жол береді. Түлкі не істерін білмей қамығады. Сөйтіп арыстан қайтадан патша болады. Аңдардың барлығы да күліп-ойнап, бұрынғыша ауызбіршілік орнайды. Ал түлкі қызғаныштан күйініп, арыстанмен достығын үзеді.

Махаббат ТАСБОЛАТОВА,

6-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Оқушының өлеңі

Тасбақа

Тасбақа маған ұнайды,

Өзінің қызық жүрісі.

Аударылып қалды да,

Тарылып кетті тынысы.

Әйгерім УКСУКҚАЛИЕВА,

№ 1 мектеп-балабақшаның 4-сынып оқушысы.

Алға қаласы.

Шеберлік

Үйірмеге қатысам,

Қайықтарды жасаймын.

Түзулеймін темірді,

Қашауменен қашаймын.

Ернар СӘЛІМ,

№ 32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Әке

Жан әкем, әркезде де айтар әнім,

Сағынып есіміңді қайталадым.

Есіме өзің түскен кездеріңде

Қалайша жай табамын?!

Өзіңсің қай кезде де айтар әнім.

Бақытханым АРТЫҚБАЕВА,

№30 қазақ орта мектебінің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Өтірік өлең

Оң қолыммен түйені,

Сол қолыммен биені.

Бір ай көтергенімді

Барлық бала біледі.

Елнұр ӘБСАТОВ,

Еңбекту орта мектебінің 1-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button