Мәдениет

«Бала дауысы»: жетінші маусым басталды

1 сәуірден бастап «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының жетінші маусымы басталды.

Қашықтан іріктеу кезеңі 5 сәуір мен 15 мамыр аралығында өтеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 8-12 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Іріктеу кезеңіне қатысу өтінімін baladauysy.kz сайты арқылы беруге болады.

20 мамырда кәсіпқой қазылар қашықтан іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша финалға өтетін қатысушыларды таңдайды. Финалға әр аймақтан бір-бір орындаушыдан, яғни барлығы 17 жолдама беріледі.

Финалға қатысушыларға арнап 1 маусым мен 1 қазан аралығында вокал, хореография бойынша, актерлік шеберлік сабақтары, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінің шеберлік сағаттары, телевизиялық роликтер түсірілімдері ұйымдастырылады. Балалар Көктөбе саябағында Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарынаарнап концерт қояды.

Дәстүр бойынша осы кезең ішінде әрбір финалға қатысушыға арнап жеке дизайн бойынша имидждік және сахналық костюмдер, сондай-ақ бейнеконтент әзірленеді, отандық композиторлар жазған жаңа балалар әндері сыйға тартылады. Конкурс аясында жазылған авторлық композициялар байқаудың сайтына орналастырылады, оларға еркін қол жеткізуге болады.

Байқаудың қорытынды концерті қазан айының 8-інде Алматы қаласындағы Республика сарайында өтеді. Ал конкурстың бас жүлде иегеріне еліміздің ең беделді оқу мекемелерінің біріне грант және әйгілі ертегілер елі Лапландияға шақырту табысталады.Сондай-ақ қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталады және болашақта олардың шығармашылық тұрғыда дамуына қолдау көрсету жоспарланған.

«Бала дауысы» байқауы — әлеуметтік жоба, яғни балалар бұл байқауға тегін қатысады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button