Мәдениет

Сахнадан сәлем

Әйтеке би ауданында алғаш рет театр фестивалі өтті. «Сахнадан сәлем» атты аудандық театр фестиваліне ауылдық өнерпаздардан құралған 13 команда қатысты.

Фестиваль қатысушылары алдымен қызыл кілеммен жүріп өтті. Кейін әр ауылдық округ өнерпаздары өздері дайындап әкелген қойылымдарын сахналады. Көрермен ықыласына бөленген кешті ұйымдастырған — «Замандас» халықтық театры.

2001 жылы аудандық «Целинник» мәдениет үйі жанынан құрылған театр «халықтық» атағын 2003 жылы алған болатын. Жиырма жылдан астам тарихы бар өнерпаз ұжым биыл алғаш рет аудан көлемінде театр фестивалін өткізді. «Замандас» халықтық театрының режиссері Гүлдана Қалмағамбетова шара барысында жас өнерпаздарға әдістемелік көмек ретінде шеберлік сағаттары ұйымдастырылғанын айтты.

— Бұл байқау жас актерларымызға киелі сахнаның қасиетін сезіндірген шара болды. Жас таланттардың жанарынан театр өнеріне деген қызығушылықты байқадық. Баланың дарынын шыңдап, жастардың үмітін оятып, үлкендерге мүмкіндік берген фестивальдің ұйымдастырушысы «Замандас» халықтық театырына алғыс айтамыз. Іс-шара жалғасын тапса деген тілегіміз бар, — дейді «Жас талант» театр ұжымының режиссеріГүлсезім Сағынтаева.

Фестиваль қорытындысы бойынша Бас жүлдені  Ақкөл ауылынан келген «Сағым» театрының ұжымы иеленді. І,ІІ,ІІІ орындармен қатар «Үздік актриса», «Үздік режиссер», «Жаңа есім», «Үміт», «Көрермен көзайымы», «Үздік декорация» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.

Жеңімпаздар аудан әкімінің арнайы дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button