Басты жаңалықтар

Тұрғындар эвакуацияланды

Наурыз айының 30-ы күні басталған су тасқыны әлі басылар емес.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі бау-бақша ұжымдарындағы тұрғын үйлерге  су кіріп, адамдар эвакуацияланды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, бау-бақша ұжымдарындағы 113 үйді су басып, 200-ден астам тұрғын қауіпсіз жерлерге көшірілді. Ақтөбе қаласындағы мектептерде  4 эвакуациялық алаң дайындалған. Үйлерін су басқан тұрғындар қаладағы жалпы білім беретін №47,26,50 мектептері мен Олимпиада резервін даярлау орталығына жеткізілді.

Жіңішке өзенінің деңгейі 5 метрге дейін көтеріліп, Ақтөбе хром қосындылары зауыты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттарының маңындағы саяжайлардағы үйлерді су шайған. Ақтөбе қаласындағы жалпы білім беретін №47 мектепке 80 адам әкелінген. Оның 44-і — балалар.

— Сәуірдің 3-ікүні кешкісін үйлерін су шайған тұрғындар әкеліне бастады. Көбінің балалары біздің мектепте оқиды. Қазіргі таңда 17 отбасындағы 85 адамды қабылдадық. Мектеп мұғалімдері оларға керекті заттар мен көрпе-төсектерді өз үйлерінен жеткізіп беріп, барынша көмектесті. Ал қалалық әкімдік пен кәсіпкерлер азық-түлік, ауызсу, басқа да гигиеналық заттармен қамтамасыз етіп жатыр, — дейді мектеп директоры Жадырасын Ашықбаева.

Эвакуациялық алаңдарға үйлері су астында қалған тұрғындардың дені кеше  жеткізілді.

Ауа райының жылынып, қардың күрт еруінен су тасқыны орын алды. Облыс аумағында 8 өзен бар. Олардың алтауы қар суымен толығады. Әсіресе Жіңішке, Песчанка өзендерінің маңындағы үйлерге қауіп төнді. Адамдар дер кезінде құтқарылды. Әзірге адам өміріне қауіп  жоқ.  Құтқару жұмыстарына 509 адам мен 249 техника тартылды. Жіңішке өзенінің деңгейі біресе көтеріліп, біресе түсіп тұр. Оған күні-түні бақылау бригадалары қойылды. Алдағы аптада судың беті қайтып, жағдай тұрақталады, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М.Аманбаев.

Қазіргі таңда су кірген үйлердің іші мен ауласын судан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button