Басты жаңалықтар

Жіңішке жуандық танытты

Төртінші сәуірге қараған түні арнасынан асқан Жіңішке өзені қала маңындағы Қарғалы селосы мен саяжай аумағын суға толтырды. Песчанка өзені де жеке секторға дейін жайылғанымен, тұрғындарды көшіру қажеттігі туындаған жоқ.

Жеңіс даңғылы мен Чернышевский көшелерінің қиылысындағы ірі бау-бақша ұжымдары қиындықты бастан өткерді. Жергілікті  билік зардап шеккендерді қауіпті аумақтан алып шығып, олар үшін түнемелік ұйымдастырды.

Оқиға болған жердегі тұрғындардың бірі алдыңғы күндері тыныш болғанын айтады.

— Біз, таяу маңдағы туыстарымызда қонақта болғанбыз. Үйге келгеннен кейін бес-он минуттан соң су сылдырын естідік. Бәрі де күтпеген жерден тез болды.

Біз әрине, үрейленіп қалдық, бірақ қорқып отыратын уақыт жоқ еді. Өзімізді де, өзгелерді де құтқаруымыз керек болды, — дейді «Жылу-электр орталығы-2» ұжымына қарасты №219 үйдің тұрғыны.

Оның айтуынша, кейбіреулер қауіпті аймақтан өздері шыққан, енді біреулеріне туыстары көмектескен. Бірқатар саяжай тұрғындарына құтқарушылар мен қызметкерлер қолдау жасады.

Тәртіп сақшылары одан кейін саяжай аумағына қатаң бақылау орнатып, тонаушылықтың алдын алған. Құтқарушылар  түнімен жұмыс істеп, күн шыққан кезде ғана тыным тауыпты.

— Бір әйел адамды ғана қайықпен құрғаққа алып шықтық. Қазір қиын жағдайдан естерін жиған тұрғындарға заттар мен құжаттарын қарауға гидрокостюмдер ұсынудамыз. Бұл жерде су бір жарым метрге дейін көтерілді. Бұған дейін мұндай жағдайды кездестірген емеспін, — дейді төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушысы Виктор Косовец.

Біз келген кезде тұрғындар жеке тракторды жарақтандырып, ағын судың Жіңішке өзеніне қарай ағу жолдарын қарастырып жатты. Осында біз кездескен облыстық мәслихат депутаты Евгений Лазарчук осы маңдағы ескі көпірдің мұзды ұстап қалғанын соның салдарынан судың көбейіп кеткенін айтты.

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары да бұл жерге келіп, үлкен жанашырлық танытты. Қазіргі уақытта тұрғындар көңілі жайланды, олар әзірге туған-туыстарының үйлерінде тұрып жатыр.

Аслан ХАМИТЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button