Мәдениет

Кішкентай өнерпаздар фестивалі

Ақтөбеде «Алақай» қуыршақ театрының ұйымдастыруымен Балалар жылы аясында IV облыстық «ЕркеТеатрAqtobe» балалар театр фестивалі өтті.

Үш күнге созылған дәстүрлі шараға Ақтөбе қаласынан және Алға, Қобда аудандарынан 4-10 жас аралығында 300-ге жуық балдырған қатысты.

Фестивальдің басты мақсаты — жас жеткіншектердің театр өнеріне деген қызығушылығын арттыру, балалардың шығармашылық деңгейін көтеру, театр мен білім беру мекемелері арасында шығармашылық байланыс орнату.

Кішкентай өнерпаздар «Ең үздік рөл», «Ең үздік қойылым», «Ең үздік хореография» сынды барлығы 10 номинация бойынша сынға түсті.

Шарада мәдениет саласының үздігі, актер Нұрат Мұратов, мәдениет қайраткері, актриса Гүлнар Мұхамеджанқызы, Театр қайраткерлері одағының «Құрмет» грамотасының иегері Жанар Молдашевалар қазылық етті.

Үздіктер 4-6, 7-8 және 9-10 жас категориялары бойынша анықталды.

Нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы «Алтын бала» мектепке дейінгі ұйымы «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленді. «Ең үздік режисерлық қойылым» номинациясы «Айгөлек» балабақшасына, «Ең үздік хореография» номинациясы Қобда ауданындағы И.Тайманов атындағы гимназияға бұйырды. Ал «Ең үздік рөл» номинациясы Ақтөбедегі «Нұрай» мектепке дейінгі ұйымының тәрбиеленушісі Шахназ Абатқа берілді. Сондай-ақ Қобдадағы Талдысай орта мектебінің оқушыларына «Ең үздік балалар театрындағы сатира» номинациясы берілді.

Жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button