Денсаулық

Көктемгі әлсіздікті қалай жеңеміз?

Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін көктемнің қараөзек шағы келді. Осы мезгілде кейбір адамдардың жұмысқа деген қабілеті төмендеп, ұйқы қанбау, тез шаршау секілді енжарлық пайда болады. Дәрігерлер мұның барлығы ағзадағы дәрумендер қорының азаюынан болатынын айтады. Ал дәрумен тапшылығы түрлі ауруларды өршітеді. Көктемде иммунитет неге әлсірейді? Әлсіздіктен қалай құтылуға болады? Дәрумен тапшылығын қалай жоямыз және қыстағы тойымды рационды көктемде қандай құнарлы тағамдар жеу керек? Осы сауалдар төңірегінде №4 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айсәуле Әбдірова кеңес береді. 

Дәрігер не дейді?

Көктемде табиғат қана емес, адам ағзасы да тазара бастайды. Ағзада жасушалар жаңарады. Сондықтан адам әлсіреп, иммунитеті төмендеп, дәрумендерді қажет етеді. Біз қыс бойы жаздағыдай көкөніс пен жемістерді көп жемейміз. Сондықтан иммунитет әлсірей бастайды. Осы кезде ағзадағы дәрумендер қорын толтырып отырмаса, эндокринді жүйенің жұмысы нашарлап, созылмалы аурулардың өршу қаупі артады екен.

— Адамдардың көпшілігі қыста аз қимылдап, көктем шыққанда, қимыл-қозғалысты үдетеді. Осы кезде әлсіреп тұрған иммундық жүйеге бірден күш түседі. Көпшілігінің қан қысымы төмендеп, басы ауырады. Бұған қоса көктемде ауа райы құбылып тұратындықтан, суық тигізіп алатындар бар. Осылайша  көктемгі әлсіздікке тап болады. Дәрумен жетіспеген кезде бас айналып, ұйқы басады. Адам тез шаршайды, жүйкесі жұқарып, сәл нәрсеге ашуланады. Шаш жиі түсіп, көздің көруі нашарлайды. Тіпті тырнақтың реңі өзгеріп, қаншалықты күтіммен қарасаң да, қалпына келмеуі мүмкін. Онда сызықтар мен дақтар пайда болады. Дененің терісі құрғап, тіпті қабыршақтанып кетеді. Мұндай кезде бұрыннан созылмалы аурумен ауыратын адамдардың дерті қайта қозса, кейбіреулер жаңадан ауру жұқтыруы мүмкін.

Ер адамдарға қарағанда, әйелдер дәрумен тапшылығына жиі ұшырайды. Өйткені әйел ағзасындағы физиологиялық өзгерістерге байланысты дәрумен қоры азаяды, — дейді Айсәуле Әбдірова.

Оның айтуынша, адам ең алдымен салауатты өмір салтын ұстанып, жүйелі тамақтану керек. Мүмкіндігінше табиғи тағамдарды пайдаланғаны жөн. Оның ішінде ұлттық сусындарымыз шұбат пен қымыз ішіп тұрса, иммунитет күшейеді. Ағзасында кальций жетіспейтін адамдар тары жегені дұрыс. Бұған қоса, ас мәзірінде көкөністерді жиі пайдалану керек. Құрамында дәрумендері көп тамақты талғап жеу керек. Мәселен, сәбіз — ең пайдалы көкөніс. Оның құрамында В1, В2, В6, С, Е, РР, К дәрумендерімен қатар, минералды тұз да бар. Сәбіз көздің көруін жақсартып, терінің жақсаруына әсер етеді. Қызылша шаршауды басып, күйзелістен құтқаратынын көбіміз біле бермейміз.

— Дұрыс тамақтану — диета ұстау емес. Артық салмақтан арылу үшін кейбір қыз-келіншектер түрлі диетаға әуес болады. Дұрыс тамақтану арқылы әрі салмағыңызды азайтып, әрі ағзаға күнделікті қажет ақуыз, май, көмірсуларды мөлшерімен тұтынуды үйрену керек.

Көктемде барлық адамның бойында әлсіздік пайда болады. Оның ішінде созылмалы сырқатқа шалдыққандарға тіпті қиын. Сондықтан гастрит, панкреатит, холециститпен ауыратындар және асқазан жарасы бар науқастар дұрыс тамақтануға мұқият көңіл бөлгендері жөн, — дейді дәрігер.

Дұрыс тамақтанудың негізгі ережелері:

  1. Жиі әрі аз-аздан тамақтану (күніне әр 2,5 — 3 сағат сайын 5-6 рет тамақтану қажет);
  2. Рационда ақуыздың, майдың және көмірсутегінің болуын қадағалау;
  3. 1 күн ішінде тұтынатын майды, ақуызды және көмірсутегін тәбетіңізге қарай ретімен ішіп-жеу;
  4. Таза су (күніне 2 литрден жоғары мөлшерде су ішу керек);
  5. Таза тамақ (жартылай фабрикаттардан, тез дайындалатын тағамдардан және тәттіден бас тарту);
  6. Калория нормасын сақтау.

Ең құнарлы тағамдар қандай?

Көктемде көкөніс, жеміс-жидектерді көп пайдаланып, сорпа ішу керек. Аскөк, ақжелкен сияқты көкөністерді де жиі жеген дұрыс. Көбірек қозғалып, жүгіруді қолға алсаңыз, ағзадағы қыстан қалған токсиндер термен шыға бастайды.

Қырыққабаттың ең үлкен пайдасы — С дәруменінің мөлшері көптігінде. Оған қоса қырыққабатта Е, В1, В2, В3, Р, РР, Н, каротин, D провитаминдері бар. Сондай-ақ қырыққабаттың құрамында крахмал болмағандықтан және сахарозаның мөлшері аз болғандықтан, ол қант диабетімен ауыратын адамдар үшін өте пайдалы. Күніне таңертең немесе кешке үш дана жаңғақ жеңіз. Бір алма жеуді де әдет қылған дұрыс. Күн сайын таңғы шай орнына қайнаған жылы суға бір ас қасық бал қосып ішсеңіз өте пайдалы. Үстіне жарты лимон шырынын сығып қосуыңызға болады. Ол жасушалардың жаңаруы мен жасаруына жақсы көмектеседі. Тәуліктік қуатыңыздың сарқылмауына, өзіңізді сергек сезінуіңізге көп үлес қосады.
Дәрігердің айтуынша, көктемде әлсіреудің тағы бір себебі —  адамдар қыста күннің қуатын аз алады. Соның салдарынан дәрумендер ағзаға сіңбейді. Мәселен,  D дәрумені күн сәулесі арқылы бойға жақсы сіңеді екен. Ал қыста бойдағы дәрумендердің қоры таусылып, көктем туған кезде  адамның басы айналып, ұйқы басады.

Мәселен, сүттің құрамындағы D дәрумені кальций жетіспеушілігінің алдын алады. Егер әлсіздіктен дер кезінде құтылмаса, адам жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Өйткені әлсіздік жүрекке күш түсіреді. Сондай-ақ D дәруменінің жетіспеушілігі әлсіздікке, бүйрек пен қан тамырларының ауруларына әкеп соғады. Мұндай кезде жұмыртқа мен балықты молырақ жеу керек. Темір жетіспеген кезде де ағза әлсірейді. Ал йод жетіспеген кезде ашушаңдық және ұйқышылдық пайда болады. Егер көгертіп алған жеріңіз көпке дейін қалыпқа келмесе, сізде С дәрумені жетіспейді. Сондай-ақ қызыл иек қанап, жүрек жиі қағып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз де, С дәрумені тапшы болуы мүмкін.

Сергек жүрудің тағы бір құпиясы — көбірек қимылдау. Физикалық белсенділік жоғары болса, ауру-сырқаудан, әлсіздіктен ада боласыз.

Асылзат ӨМІРЗАҚОВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—  Көктемде денсаулыққа ерекше мән берген абзал. Өзім дәрігермен кеңесіп, дәріханалардан кальций дәрумендерін міндетті түрде алып тұрамын.

Қазір халық арасында желілік маркетинг өнімдерінің сан түрі тарады. Алайда әр адамның ағзасы әртүрлі қабылдауы мүмкін. Сондықтан не ішсек те, алдымен тексерістен өту керек.

Көктемгі әлсіздіктен құтылудың бір жолы — дәрілік шөп шайларды ішу.

С витамині мен кальций, темір, фосфорға бай тұнбаларды әзірлеуге болады.

Бұл жүйкені тыныштандырып, ұйқыны жайландырады.

Айдана ЖҮСІПОВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Отбасымызбен медицина мамандары болғандықтан дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл мезгілде құнарлы дәрумендерге бай тамақтарды пайдалану керек.  Мысалы, апельсин жемісі мен итмұрын тұнбасы С дәруменіне бай. Ал D дәрумені ағзаға кальцийді жақсы сіңіруге көмектеседі. Бұл сүт, балық, бауыр, қаймақ секілді тағамдарда бар. Көктемде сарымсақтың да пайдасы зор. Оның құрамында ауру тудыратын микробтарды жоятын ерекше бактерицидтік заттар болғандықтан, ол медицинада кеңінен қолданылады. Жапон ғалымдарының пайымдауынша, сарымсақ адам миындағы қартаю процесін бәсеңдетіп,  оның жасушаларын тазартып отырады екен. Асқазан, ішек, жүрек аурула­рын емдеуге де сарымсақ пайдалы. Қан айналымын реттейді, аурудың асқынуына жол бермейді. Пияздың құрамында С дәрумені мен каротин көп. Сондықтан пиязды ас мәзірінен түсірмеген жөн.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button