Басты жаңалықтарДенсаулық

Остеохондроз: емдеудің озық түрі қандай?

Қазіргі таңда омыртқасы ауырмайтын адам аз. Сүйектері сырқырап, мазасы кеткен емделушілер жыл өткен сайын «жасарып» барады. Дәрігерлер де остеохондрозға шалдығып, оны елемей жүргеннің кесірінен операцияға жүгінетіндердің саны көбейіп отырғанын айтады.

Біз облыстың бас неврологі — Ақтөбе медициналық орталығына қарастыинсульт орталығының меңгерушісі Нұрбақыт Серіковамен остеохондрозды емдеу жолдары, өңірде осыған қатысты жасалатын операциялардың жай-жапсары, сондай-ақ аталған аурудың алдын алу жөнінде сұхбаттасқан едік…

Нұрбақыт Қартжанқызы, жалпақ тілмен айтқанда, сүйек және шеміршектердің қабынуын, болмаса буын араларына минералды тұздың жиналуын остеохондроз деп жатамыз. Медицина маманы ретінде бұл ауру түріне қандай сипаттама берер едіңіз?

— Омыртқа және омыртқааралық шеміршектердің әлсіздігінен пайда болатын остеохондроз туралы қазір көпшілік біледі. Ал бұл ауру неден туындайды? Егер қимыл-қозғалыс аз болса, әсіресе күн ұзағына басыңызды сәл төмен түсіріп қойып компьютермен жұмыс істесеңіз, осы ауруға шалдығуыңыз мүмкін. Бұл қолынан ұялы телефоны түспейтіндерге де қатысты. Яғни мойын омыртқасына зақым келеді. Әлгі жерге тұз жиналады. Оны дер кезінде емдемесе, 5-10 жылда ауыр асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін.

— Қазір екінің бірі остеохондрозға шалдыққан десек, артық айтпаспыз. Бұл сүйектің «қартаюынан» туындайтын ауру деуге бола ма? 

— Егде жаста болса да омыртқасы сау, диск жарығы (грыжа) мүлде жоқ адамдар бар. Осыны ескеріп, адамдардың баршасы мұнымен өмірінің бір кезеңінде ауырады деп айта алмаймын. Өмір сүру салтыңыз дұрыс болса, остеохондрозды айналып өтудің жолы бар.

— Ал мұнымен ауырған жағдайда қайтпек керек? Осыған кеңірек тоқталсаңыз.

— Бұны емдеу түрлері консервативті және оперативті болып екіге бөлінеді. Біріншісі дәрі-дәрмек, массаждың көмегімен жасалады, оны әр 6-7 ай сайын қайталап тұру керек. Ал оперативті емге — хирургиялық операцияға бел омыртқасының жарығы 5 миллиметрден асып кеткен жағдайда ғана жүгінеміз.  Бірақ бұдан соң да 1-2 жылда ауру белгілері қайта көрініс табуы мүмкін.

— Дәстүрлі медицинадан бөлек, мануальды терапияға баратындар, болмаса сүлік салдырып, хиджама жасататындар көп. Бұл дұрыс па?

— Өте жақсы сұрақ. Қазіргі уақытта жеке емхана, тіпті кабинеттер ашып алып, сіз атаған ем түрлерін жасайтындар көбейді. Олардың арнайы медициналық жоғары білімі де жоқ, курс оқып, әлгіндей қызметтерді ұсынады. Мәселен, хиджама немесе сүлікпен емделгенде, әр адамның ағзасы әртүрлі екені ескеріле бермейді. Мысалы, ол кісіде онкологиялық аурулар бар ма, басқа бір жері мазалай ма — соны барынша тексеріп алу керек. Егер мен атағандай жағдай болса немесе науқас остеохондроздың ауыр түріне шалдықса, хиджама, сүлік салу оны тіптен күшейтіп жіберуі ықтимал. Дәстүрлі емес медицинамен емделемін деп біздегі жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққандар көп. Өйткені ағзадан қан алғанда, ол ауруды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Сол себепті әуелі осы іске маманданған дәрігерге қаралуға кеңес берер едім. Және мануальды терапияға барарда да осыны ескеру керек.Әйтпесе магнитті-резонансты томография (МРТ) немесе компьютерлік томографияның қорытындысы болмаса да қабылдай беретіндер бар. Бұл өте қауіпті. Арнайы тексерулерсіз жүргізілген «ем» мүгедектікке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

АЙТПАҚШЫ…

«Егер оқырмандар арасында мойны, белі ауыратындар болса, олар алдымен учаскелік дәрігеріне жолығуы қажет. Сол арқылы тиісті мамандарға жіберіледі. Бұл ретте медициналық сақтандыру аясында тұрғындардыңмагнитті-резонансты томографияны тегін өтуіне болатынын естеріңізге салғым келеді», — дейді сұхбаттасушымыз.

— «Балшыққа түскен пайдалы» деген де пікір бар…

— Бұл да қате пікір. Табанды, денені қыздыру да ағзаға кейбір кезде кері әсер ететінін естен шығаруға болмайды.

— Остеохондрозды дер кезінде емдемесе, оның соңы омыртқа жарығына (грыжа) әкеліп соқтыруы мүмкін екені белгілі. Оның зардабы тіптен қиын, адам жүре алмай қалуы да мүмкін. Уақтылы қаралмағанның тағы қандай зияны бар?

— Екі аяқ жансызданып, сал болып қалуы мүмкін. Және остеохондрозды емдемесе, бас ауруы, көңіл күйдің болмауы, күйзеліс сияқты кеселдерге ұласады.

— Остеохондрозды толық емдеуге, одан жазылуға бола ма?

— Әрине. Дәрігерлердің нұсқауын бұлжытпай орындаса, сауығуға болады. Бұл жерде науқастың ауру әбден дендеп, асқынбай тұрып келгені де маңызды рөл атқарады. Сосын үлкен төзім керек.

— Аталған аурудың 50-ден астам түрі бар деседі. Кейбіреулер оны ревматизм, полиартритпен шатастырып та жатады. Өзіңізге остеохондроздың қай түріне шағымданып келетіндер көп?

— Иә, инсульт диагнозымен шатастырып келетіндер де бар. Ал шағымданып келетіндер — мойын және бел омыртқасы ауыратындар.

— Ал сізге келетін науқастардың жас айырмашылығы қандай? Олардың ортақ ұқсастықтары бар ма?

— Осыдан 5 жыл бұрынғы санайғақтармен салыстырсам, остеохондрозбен ауыратындар 55-60 пайызға артты. Қазір барлығы телефонға телмірген. Бұл  мойынның қисаюына әкеледі. Гаджетке тәуелділіктің соңы осыған әкеліп соқтырады. Мәселен, өткенде біздің ауруханаға бел омыртқасының жарығымен 20 жастағы бойжеткен жеткізілді.  Жап-жас адамдардың бел, мойнының сырқырап ауыратынына таңғалмайтын болдық.

Остеохондроз батпандап кіріпмысқылдап шығады. Алғашында жеңіл ауру ретінде байқалады. Бірден емдемесеңіз, уақыт өте келе асқына бастайды. Сондықтан оны әншейін «бас ауруы», «суық тиген» деп елемей жүре береді. Кейін бас қатты айналып, тоқтамай құсу, қан қысымының күрт көтерілуі, мидың қай айналымының бұзылуы сияқты асқынулар болуы мүмкін.

— Осындай диагнозбен Ақтөбеде арнайы есепте тұрған науқастардың саны қанша? Оларға жасалған операция жөнінде айтсаңыз…

— Остеохондроз бойынша ауыратындар диспансерлік есепке алынбайды. Бізге тек нақты қаралып, ем алғандардың саны белгілі. Және ол жыл санап өзгеріп отырады.

2020 жылы өңірде остеохондроз бойынша ем қабылдаған науқастардың саны — 10555. Соның 2600-ге жуығына операция жасалды. Ал былтыр 12893 адам аталған дерт бойынша қажетті ем-домын алып, 3300-ден астамы отаның көмегіне жүгінді.

Егер оқырмандар арасында мойны, белі ауыратындар болса олар алдымен учаскелік дәрігеріне жолығуы қажет. Сол арқылы тиісті мамандарға жіберіледі. Бұл ретте медициналық сақтандыру аясында тұрғындардың магнитті-резонансты томографияны тегін өтуіне болатынын естеріңізге салғым келеді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Остеохондроз сөзі ежелгі грек тілінен енген. Мағынасы — «сүйек», «шеміршек» дегенге саяды.  

Остеохондроздың алғашқы белгілері: сүйек пен буындар сырқырап ауырады. Әсіресе иық және бел тұсы айрықша сыздайды. Адамдаәлсіздік, тез ашулану, ұмытшақтық пайда болуы мүмкін. Кейде тіпті аяқ-қолдың жансыздануы да кездеседі.

— Дәрігер ретінде ауырмаудың жолына қатысты ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз.

— Спортпен айналысу керек. Ең болмағанда үй жағдайында физикалық жаттығуларды үнемі жасап тұру қажет. Уақтылы ұйықтап, зиянды әдеттерден аулақ болса, құнарлы тамақтарды тұтынса да бұл пайдалы. Сондай-ақ ауыр зат көтеруден аулақ болған жөн. Ондай жағдайға тап болғанның өзінде салмақты мойынға түсіругетіптен болмайды, екі қолға теңдей бөліп ұстаңыз.

Соңғы уақытта көпшіліктің йогаға баратынын байқап жүрмін. Бұл өте дұрыс. Өйткені мұнда дененің әр бұлшық еті «жұмыс істейді».

Сонымен бірге жұмыс орнында қызметкерлер үшін арнайы демалатын кабинет ашатын мекемелердің көбейіп келе жатқаны да қуантарлық жайт. Әр 2 сағат сайын 15-20 минут жеңіл дене жаттығуларын жасап, сергіп тұру да остеохондроздың алдын алады. Қарамағындағы қызметкерлерге осындай жағдай жасайтын басшылықтың көп болғаны жақсы. Бұл игілікті маман есебінде жүз пайыз қолдаймын. Өйткені кез келген аурудың алдын алған әлдеқайда тиімдірек. Осы жағынан келгенде күнделікті спорттық жаттығу остеохондрозды емдеудің ғана емес, болдырмаудың да оң тәсілі екенін ұмытпайық.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button