Басты жаңалықтар

Көктем – көріктенетін шақ

Ақтөбеге 40 мың тал егіледі

Қаланың 140 жылдық  мерейтойы қарсаңында  көркейту, көгалдандыру жұмыстары қызу жүруде. Қалалық әкімдіктің қолға алуымен арнайы акциялар ұйымдастырылып, мекемелер мен тұрғындар бұл шараға белсене араласуда.

Өткен аптада қала бойынша 122 қылқан жапырақты ағаш егілді. Алдағы уақытта бұл шаруа жалғасын тауып, қалада 40 мың тал отырғызылады.

Сәуір айының басында «Жайқалсын жасыл желек» акциясы ұйымдастырылып, Абай даңғылындағы гүлзар мен «Нұр Ғасыр» мешітінің жанында шырша егілген болатын. Аталған шараға мемлекеттік мекемелер мен басқармалардың және кәсіпорындардың өкілдері ат салысты. Мамандар ауа райының қолайсыздығына байланысты әзірге егу жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтты. Дегенмен күн жылынса, шаруа қайта қолға алынбақ.

Биыл қала бойынша  40 мың тал егіледі. Оның он мыңына  жергілікті бюджет қаржы бөлсе, қалғаны жеке шаруашылықтардың есебінен болады. Жалпы, тал егу жұмыстары маусым айында басталады. К. Нокин көшесінің бойына үш мыңға жуық ағаш отырғызылады. Ал қалғаны күзде егіледі. Осыған орай арнайы тендер өткізіліп, «Жасыл строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жұмыстарды жүргізуді қолға алды.

Күн жылынса, жасанды көгал төсеу жұмыстары да басталады. Орталық көшелер, оның ішінде Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы көгал төселетін аймақтар  қайта жөнделіп, яғни  4890 шаршы метр жер көгалдандырылады.

Тал кесу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Аталған шаруаны «Өтес», «Зеленстрой», «Казтор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқаруда. Жалпы, биыл көркейту жұмыстарына 108 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр, – деді «Ақтөбе қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің  көркейту және көгалдандыру секторының меңгерушісі Сақтапберген Китаев.

Көркейту жұмыстары, әсіресе, орталық көшелер мен сырт аудандарда қызу жүреді. Мәселен, бірінші кезекте Әбілқайыр хан даңғылындағы жұмыстар қолға алынса, Әуежай аймағы мен 12-шағын аудандағы айналма жолдардың маңы да басты назарда болады. Елек айналма жолындағы алаңдарға жасанды көгал төселіп, қайта жаңарту жұмыстары жүреді.

Қаланың 140 жылдық мерейтойы қарсаңында ескерткіштерге де ерекше көңіл бөлінеді. Орталық көшелер мен өзге де аудандардағы барлық ескерткіштер маңы көгалдандырылып, гүл егіледі.

Сондай-ақ екі ай бойы мекемелер мен кәсіпорындар өз аймақтарында тазалық жұмыстарын жүргізуді тоқтатпайды. Қазір қала тазалығымен  тоғыз мекеме айналысады. Олар: «Ақжол» және «Сандор», «Өтес», «Жасыл әлем», «Саната Ақтөбе», «Горкомхозсервис», «Ажар Ақтөбе», «Казтор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Арнаулы автокөлік» акционерлік қоғамы.

– Аталған шараға кәсіпорындар мен мекемелер белсене ат салысып,  өз беттерімен тазарту жұмыстарын жүргізсе, екі айда қала біраз қалыпқа келеді. Сондықтан мекемелер мен тұрғындар өз аулаларын күл-қоқыстан тазартып, тал егу жұмыстарын қолға алуы қажет. Жуырда өткізілген акцияға біраз мекемелер ат салысты, бірақ әлі де қызу қолдау білдіргендердің қатары аз. Жеке кәсіпорындарға өз аймақтарына ағаш отырғызу туралы ұсыныс айтылып жатыр. Бұны да қолдаушылар көп емес. Сондықтан мекемелер қаланы абаттандыру жұмыстарына белсене араласқаны жөн. Бұл алдымен қаланың көркеюіне әрі  мерейтой қарсаңында көшелердің тазаруына септігін тигізбек.

Айта кететін бір жайт, Оңтүстік-Батыс ауданы-2 мен Саяжай, Заречный аудандарындағы тұрғындар көркейту жұмыстарына баса назар аударуы қажет. Осы аудандардағы тұрғын үйлерде бірде-бір тал жоқ. Үй салады, бірақ оның айналасын көркейтуді білмейді. Сондықтан тұрғындар осы мәселеге ерекше назар аударса екен дейміз.

Күн райы дұрысталған соң қалалық әкімдіктің қолға алуымен «Жайқалсын жасыл желек» акциясы өз жалғасын табады. Жалпы, бұндай шаралар әр апта сайын өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ 24 сәуірде мәдениет және демалыс саябағында жәрмеңке өтеді. Аталған шараға облыстағы тал егу жұмыстарымен айналысатын барлық мекемелер қатысып, өз өнімдерін, яғни ағаштың әр түріндегі көшеттерді  ұсынады, деді Сақтапберген Китаев.

Ал орталық мәдениет және демалыс саябағындағы гүлзарға 1,5 мың ағаш егіледі. Және аймақта абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Субұрқақ салынып, әдемі гүлдер саябаққа сән береді. Сонымен қатар биыл 10 мың шаршы метр жерге гүл егіледі. Егілетін гүлдердің басым бөлігі Ресейдің Екатеринбург қаласынан әкелінеді.

– Ресейден әкелінетін гүлдер бізге дайын күйінде келеді. Және  сапасы өте жақсы, ұзақ уақытқа шыдайды. Сондықтан гүлдердің әр түріне  алдын ала тапсырыс беріліп қояды. Олардың  барлығы орталық көшелерге және ескерткіштер маңына отырғызылады. Бұл жұмыстармен «Зеленстройснаб» мекемесі айналысады, – деді сектор меңгерушісі.

Сонымен, биыл қаланың мерейтойы қарсаңында  абаттандыру жұмыстары жылдағыдан белсенді түрде өтпек. Мамандар күн жылынса, жұмысты бастайды. Ол үшін барлығы сақадай сай, қажетті жабдықтар жеткілікті.

Аудан, ажарың қандай?

Көркейту жұмыстарына қатысты өткізілетін акциялар  аудан жұртшылығының  қызу қолдауына ие болды. Аудандық әкімдіктердің қолға алуымен екі айлық тазалық жұмыстарына елді мекендер мен ауыл тұрғындары түгелдей жұмылдырылады. Қазірде сенбіліктер ұйымдастырылып,  ауыл халқы бір кісідей белсенділік көрсетуде.

Мәселен, шалқарлықтар тазалық жұмыстарына ерекше күшпен кірісті. Сәуірдің басында тазалық акциясы өткізіліп, шараға 11 900 тұрғын қатысты. Елді мекендердің айналасына ретсіз төгілген 60 тонналық үш үйінді жойылды. Аудан бойынша 1200 тұрғын үйдің аулалары тұрмыстық қалдықтан тазартылды.

– Күн жылынған уақытта сенбіліктер мен акциялар  ұйымдастырылып, аудан бойынша 700 түп ағаш отырғызылды. Жалпы, биыл екі мың түп тал егілуі тиіс. Акцияға барлығы 93 мекеме атсалысып, 30 техника жұмылдырылды. Аудан бойынша осы бағыттағы жұмыстарға 19 миллион 193 мың теңге қаржы жұмсалмақ, – деді «Шалқар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің бас маманы Төлеужан Ізтаев.

Қазіргі таңда ауданға қарасты 12 селолық округ, 43 елді мекен бар.

Өткен жылы ауданда 4 788 ағаш отырғызылып, қаланы экологиялық қорғау мақсатында қала сыртындағы 5 гектар жерге сексеуіл егілген. Биыл да осы шаруа  қолға алынбақ. Тиісті мекемелер бекітілген, ауа райы оң қабақ танытса, олар жұмысты бастап кетуге әзір. Ал аудан орталығының өзіне 800-ге жуық тал егіледі. Сондай-ақ орталықтағы билбордтар мен жарнама тақталары да жөнге келіп, олардың сырттары қоқыстан тазартылуда. Әсіресе, сенбіліктерге білім ордалары ерекше ат салысып жатыр. Өткен аптада аталған шараға аудан бойынша 40 мектеп қатысқан.

Аймақты жасыл желектендіруде ырғыздықтар да белсенділік танытуда.

Ауданда көріктендіру жұмыстары биыл мықтап қолға алынды. Қазір ауданға тиесілі елді мекендер мен селолық округтерде тазалық жұмыстарымен қатар тал егу шаруасы да қатар жүруде.  Биыл Ырғыз-Шалқар бағытындағы тас жолдың бойына 70 гектар  сексеуіл егіледі. Бұл үшін Шалқар қаласындағы «Үлкен борсық орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесімен арнайы келісім жасалды. Және ауданға қажетті 5 мың түп ағашқа сұраныс берілді. Осы ағаштар ауданның жеті аймағына  таратылады. Яғни аудан орталығы мен Аманкөл, Құмтоғай, Қызылши, Жайсаңбай, Нұра, Тәуіп селолық округтерінде көріктендіру жұмыстары жүреді. Аудан орталығының өзіне 3900 түп тал егіледі. Аталған шаруаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы бөлінді. Абаттандыруға 5 миллион 162 мың теңге бөлінсе, санитарлық тазалық жұмыстарына 1 миллион 380 мың теңге жұмсалмақ, – деді «Ырғыз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің бас маманы Үсен Боқан.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button