Мәдениет

Халқының аяулысы еді…

Халқының мақтанышына айналған әнші Роза Бағланованың туғанына биыл 100 жыл толды. Бұл мерейтой елімізде кеңінен атап өтіліп жатыр.

Әншінің шығармашылығын насихаттау мақсатында Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында да осы ұжым мен Ақтөбе гуманитарлық колледжі кітапханасының мамандары бірлесіп «Күміс көмей әнші — Роза Бағланова» атты әдеби-музыкалық сағат ұйымдастырды.

Роза Бағланова титтейінен әжесі Күндей мен анасы Ақкүріштен «Жайдарман», «Қараторғай», «Айнакөз», «Екі жирен» сынды әндерді үйреніп, жиын-тойда халықтың алдына шығып ән айтқан. Ол өмірінің 70 жылынан астамын сахнада өткізіп, әлемнің 50-ден аса елінде өнер көрсетті. Оның репертуарындағы әндер 25 тілде айтылады.

Ол — әлемге танылған әнші ғана емес, соғыстың сұрапыл жылдарында майдан даласын аралай жүріп ән шырқаған қазақтың қаһарман қызы. Аралдағы экологиялық апат мәселесін де кеңес билігінің алдында қаймықпай көтерді. Роза Тәжібайқызы —«Халық Қаһарманы» атағының иегері.

Қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған тұлғаны еске алуға арналған шарада Роза Бағланова жайлы арнайы әзірленген деректі фильм, «Күміс көмей әнші» атты бейне-слайд көрсетілді.Жансәулем Темір осы кешке орай әзірленген «Халқының аяулы  әншісі еді…» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Тақырып аясында оқырмандар пікірі сұралып, ойын ойнатылды. Сондай-ақ әншінің репертуарындағы «Әдемі», «Ах, Самара городок» әндерін оқырмандар бірге шырқады.

Халықтың сүйікті әншісі, оның ғажап үні мен ерлік істері ешқашан ұмытылмай,ұрпақтар жадында мәңгі сақтала бермек.

Шырайлым ҚҰДАСОВА, 

С. Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button